Ауыл • 16 Шілде, 2018

Маңғыстауда «Нұр-Капитал» бағдарламасы бойынша алғашқы несие берілді

783 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Маңғыстауда «Нұр-Капитал» бағдарламасы бойынша алғашқы несие берілді

Маңғыстау облысында қолға алынған «Нұр-Капитал» бағдарламасы көпшіліктің қызығушылығын тудырған болатын. Бір пайыздық несиеге қол жеткізуден үміттен­гендер саны көп болды, олар ұсынған жобалар да әралуан.

 Жуырда Ақтау қаласында аталмыш бағдалама бойын­ша алғашқы несие өз иесін тапты. Бұл жаңалық облыс ор­талығында ForteBank филиа­лының салтанатты ашы­лу рәсімімен тұспа-тұс келді.

Салтанатты ашылу рәсі­мі аясында ForteBank пен Маң­ғыстау облысының әкімдігі арасында өңірдің дамуына ық­пал жасайтын жобаларды іс­ке асыру, сондай-ақ халыққа са­палы банк қызметтерін көр­се­ту мақсатындағы ынтымақ­тастық туралы меморандумға қол қойылды.

 – Қаржы институттары­ның арасында ForteBank ай­рықша орын алып отыр және ел­дегі ең өтімді әрі тұ­рақты банк­тердің бірі болып табыла­ды. Біз ForteBank пен Маң­ғыстау облы­сы әкімдігінің өңір­дің одан әрі дамуы бойын­ша ор­тақ жоспарларының бар екен­дігіне және тығыз ынты­мақ­тастықта жұмыс іс­тей­­ті­німізге қуаныштымыз, мұ­ны екеуара қол қойылған ме­мо­­рандум куәландырып отыр. Сондай-ақ «Нұр-Капи­тал» бағ­дарламасы бойынша ор­тақ жобамыз іске асуда, – деді Е.Тоғжанов.

ForteBank басқармасының төрағасы Гурам Андро­ни­кашвили болса «ForteBank қар­­жы­ландырған «Нұр-Капи­­тал» бағдарламасы бойын­ша субсидиялаудың бірін­ші шартына қол қою жаңа офис­тің ашылуындағы ең басты сәттердің біріне айналды. ForteBank елдің ең тұрақ­ты, өтімді және жақсы капитал­дан­дырылған банктерінің бірі болып табылады» дей келе, банкке 2 000 000 астам клиент тір­келгендігін, банктің19 фи­лиалы мен 100-ге жуық бөлім­шесінің бар екендігін атал­мыш банк жұмысының нәтиже­лілігімен байланыс­тыра жет­кізді. Айтуынша, банк өңір­де халыққа және компа­ния­ларға қызметтер көрсету бо­йынша көшбасшы орынға ие. Маңғыстау облы­сында ForteBank филиа­лы клиенттерінің саны 34 000 астам жеке клиенттер және 3000-ға жуық кәсіпкерлерді құрайды. Сондай-ақ ForteBank «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының белсенді қатысушысы болып табылады, ал Маңғыстау облысындағы филиал бірнеше рет бөлінген қаражаттарды игеру қарқыны бойынша көшбасшы болды. 2017 жылдың қорытындысы бо­йын­ша банк 2,5 млрд тең­геге 28 жобаны қаржы­ландырды.

Салтанатты рәсімде «Нұр-Ка­питал» өңірлік бағдар­ла­масы бойынша алғашқы бо­лып 1 пайыз­бен несие алған кәсіпкер Асхат­жан Ибраев аталмыш бағ­дарлама жергі­лікті кәсіп­керлерге үлкен демеу болатынын айтады.

– Біз Қазақстандағы түйе сүтінің нарығын талдадық жә­не үлкен мөлшерде еш­кімнің түйе сүтін алып өндірмейтіні туралы қоры­тындыға келдік. Біздің зауыт Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында орналасқан, біз пастерленген түйе сүті, йогурт, ірімшік, шұбат, айран, қаймақ, шалап, тәтті және басқа да қышқыл сүт өнімдерін шығарамыз. «АsiaMilk» зауыты түйе сү­тін қайта өңдеу үшін 7 жыл мерзімге 1%-пен 30 млн теңге несие алды. Түйе сүтін зауыт контейнерінде шетелге экспорттауға мүмкіндік туып отыр, – деді кәсіпкер.

Бір пайыздық несиеге үміт арт­қандар алғашқы үміт­­кердің анықталып, өз ісін бастағанына қуанып, өз кезек­терін асыға күтуде.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы