Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру аясында өткен жылы өңірде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековтің бастамасымен «Әулиеата өңірінің киелі географиясы» атты ғылыми-зерттеу жұмыстары басталған болатын.
Аталған бастамаға байланысты жуырда оқу ордасының бас ғимаратының алдынан «Әулиеата – киелі мекен-ІІ» атты ғылыми экспедиция өңір аудандарына жол тартты.
Экспедиция Тараз қаласында және өзге аудандарда төрт бағыт бойынша зерделеу, зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бірінші бағыт Тараз қаласындағы Қарахан кесенесі, Қали Жүніс моншасы, Төрткүл керуен сарайы, Қарасай шатқалы және Тектұрмас кесенесі болса, екінші бағытында Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылындағы Айша бибі, Бабаджа хатун кесенесі, Жуалы ауданының Берікқара шатқалы мен ғұн-сармат қорғаны, Талас және Сарысу аудандарының киелі жерлері қамтылған. Ал үшінші бағыты Жетітөбе қорғаны, Құлан кенті, Меркі қалашығы, Аспара бекінісі, Сыпатай батыр кесенесі, Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарындағы мәдени кешендер болса, төртінші бағыты Шу ауданындағы Жайсаң ғибадатханасы, Баласағұн қалашығы, Хиам бекінісі, Жаңажол қонысы және Мойынқұм ауданының Сұңқартау мен Хантау киелі мекендері болып саналады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева өткен жылғы экспедиция барысында Тараз қаласы мен бірқатар аудандардан ескі мешіт, көне моншалардың табылғанын, Қаратау жоталары мен Жуалы ауданының Берікқара шатқалы тарихи құндылыққа толы екенін айта келіп, биылғы жылы да бұл жұмыстың сәтті жалғасатынына сенім білдірді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы