Футбол • 16 Шілде, 2018

Бельгия – қола жүлдегер

421 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан әлем чемпионатының қола жүлдегері – Бельгия құрамасы. 3-орын үшін таласқан Англия мен Бельгия матчында бір­неше тарихи фактіге өзгерістер енді.  

Бельгия – қола жүлдегер

Ойын алдында Бельгия фаворит саналды. Себебі Англия құрамасының бапкері Гарет Саут­­гейттің қосалқы құ­рам­дағы жас фут­болшы­ларды шығаратыны белгілі болды. Дэнни Роуз, Рубен Лоф­тус-Чик, Фабиан Делф секілді бола­шағы бар футболшылар бірінші минуттан бастап алаң­ға шықты. Есесіне, Джесси Лин­гард, Маркус Рэшфорд, Делле Алли секілді мықтылар демалыс алды. Матч басталысымен Насер Шадлидің керемет пасын Томас Менье голға айналдырды. Бұл гол кез­десу тағдырына қатты әсер етті. Екін­ші таймда жағ­дайды өзгерт­кісі келген бапкер Англияның ойы­нын мүлде бөлек арнаға бұрды. Алаңға «Манчестер Юнайтедтің» екі оғланы шықты. Рэшфорд пен Лингард шабуылға дем беріп, британиялықтар қарсыласты қыспаққа ала бастады. Бірақ, қарымта шабуылға иек артып келген Бельгия 82-минутта екінші голды соғып, матч тағдырын түбегейлі шешіп тастады. Бельгия тұңғыш мәрте қола жүлдегер атанды. Бас бапкер Роберто Мартинес ойыннан кейін «Бұл қола медаль Бельгияның бізден кейін келетін жас футболшыларына бағындыратын белес болып тұруы тиіс» деп ағынан жарылды. Қаншама жылдар бойы талантты ұрпақ тәрбиелеп келген «қызыл сойқандар» еш нәти­жеге қолдары жетпей, салы су­ға кетіп, ұнжырғасы төмен тү­сіп қайтатын. Енді міне, ұзақ күт­тірген медальдың сыңғыры ес­тіліп, қоржын бұл жолы бос қай­тпайтын болды.

Әлем чемпионаттарының қола жүлдесі үшін талас ешқа­шан голсыз болмаған. 0:0 деген есеп ешқашан тіркелмеген екен. Бұл жолғы ойында голсыз болмады. Дегенмен, ойында 2-ақ гол соғылды. 2 голды азсынып тұрғанымыздың да өз жайы бар. Бүкіл чемпионаттардың тари­хындағы «кіші финалдарда» ор­таша есеппен 4 гол соғылған екен. Ал соңғы 10 жұбаныш кез­де­суінде кем дегенде 3 голдан соғы­лыпты.

Сонымен қатар осы әлем чем­­­­пио­натының бір қызығы – стандартты жағдайлардан со­ғылған голдардың көп болуы. 28 пенальти белгіленіп, оның 21-і голға айналған. Әр­бір орын­далған 30 бұрыш­­таманың бірі голмен аяқ­талыпты. Биылғы мау­сымда Чемпиондар лигасында бұл көрсеткіш сәл нашар­лау еді. Ол турнирде әрбір 45 бұ­рыштамада бір доп қақпаға еніп отырған. Сонымен қатар Ан­глия құрамасы да бір рекордты қайталады. Жарыста 12 гол соқ­қан ағылшындар соның 9-ын стан­дарттан ұйым­дастырыпты. Мұндай үлкен көрсеткішті 1966 жылы Эйсебио бастаған Порту­галия командасы тіркеген.

21-рет ұйымдастырылған чем­­пионатта, сонымен бірге тағы бір тарихи факт өзгерді. Кей чемпионаттарда 4-5 команда гол соқпай қайтатын. Бұл жо­лы бүкіл 32 команданың да қан­жығасы майланды. Май­лан­ғаны былай тұрсын, 32 команда кем дегенде 2 голдан соқты. Чемпионатқа бірінші рет келген Панаманың өзі 2 рет есеп өзгертті.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»