Футбол • 17 Шілде, 2018

Әлем чемпионы – Франция

567 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

21-мәрте ұйымдастырылған әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір ай бойы футбол аламаны қалың көрерменнің көзайымына айналды. Қызыққа батырған жаһандық жарыс күллі адамзат баласы үшін отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізгендей әсер берді.

Әлем чемпионы – Франция

Алатаудың баурайынан бір көте­рі­ліп төмен түскеніміз сол еді, Ресейдің астанасы Мәскеуге қондық. «Шереметьево» әуежайының алдына шыға салып, бұл жақтың футболмен тыныстап тұрғанын бірден байқадық. Жан-жақтың бәрінде футболшылардың суреті мен келген қонаққа жол көрсететін еріктілер. «Ресей жарысты ғаламат өткізіп жатыр» деген ақпараттың БАҚ бетінде жазылып жатқаны белгілі. Жаңалықтан көрген бір бө­лек, өз көзімізбен көргеніміз бір бө­лек қой. Расымен де, айтары жоқ, барлығы жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылыпты. Футбол тойына кел­ген адамды құдаларындай күтіп жат­қан орыс халқын көріп, бас бармағымызбен баға бердік. 

Өткен ғасырда атағы дүркіреп, талай тарихи спорт жарыстарын өткерген «Лужники» қайта түлеп сала берген. Тіпті осы әлем чемпионатына арнайы салынған стадиондай ма дерсіз! 80 мың адамды сыйдырған алып кешен сегіз өзен түйіскен айдынды көлдей. Әлемнің әр қиырынан келгендер – мұхиттың арғы бетінен келген мексикалық та, дүниенің өзге қиырынан келген жапониялық та – бәрі осында. Осы футбол тойының нүкте қойылар сәтінде біз де, қазақтар да бармыз. Биыл айтпақшы, мундиаль тамашалауға 4,5 мың Қазақстан азаматы келіпті. Бұл бұрын-соңды болмаған ірі көрсеткіш. 

Ойын алдында Хорватияның тілеуін тілегендер көп екенін байқа­дық. Биылғы чемпионатта көрермен көз­айымына айналып, сенсацияның неше түрін жасаған шақпақ жейделілер соңғы күшін сарп етсе де Францияға терезесі тең қарсылық көрсетеді деп сендік. Плэй-оффта өткізген минуттарының көптігі сонша, қарсыласынан 1 ойынды артық ойнағандай екен. Басынан алмағайып матчтарды өткізген хорват футболшылары ештеңеге бас қатырмайтын, соңына дейін күресетін қайсар мінезді көрінді. Қақпасына гол жіберсе, шыбын шаққан құрлы болмай байырғы қалпынан еш танбайды. Бапкері Златко Даличтің де сабырлы бейнесі құраманың ойын мәнеріне зор әсер етіпті. 

Ойынның 18-минутында Марио Манд­жукич өз қақпасына гол со­ғып алды. Бұл әлем чемпионаттары фина­лының тарихындағы ең бірін­ші автогол. Осыған дейін өткен 20 финалда ешкім өз қақпасына гол соқ­паған екен. 28-минутта Иван Пери­шич таразы басын теңестіріп, қасымызда отырған Заг­ребтен келген жанкүйерлерді естен айырды. Бірақ бұл қуаныш не­бәрі 10-минутқа ғана созылды. Арген­ти­налық төреші Нестор Питана бейне­қай­талауға жүгініп, пенальти белгіледі. Бұл да футбол тарихында бірінші мәрте орын алған оқиға. Антуан Гризман 11 метрлік айып добынан мүлт кетпеді. 

2-таймның басында жігерленіп шыққан хорват ойыншылары тұс-тұстан шабуылға шықты. Франция қорғанып бақты. Реті келсе қарымта шабуыл жасап, арагідік бой көрсетіп тұрды. Соның бірі 59-минутта голға айналды. Поль Погба алдымен оң аяқпен соққы жасап еді, қорғаушы қайтарды. Қайтып келген допты сол аяғымен бағыттаған жартылай қорғаушы өзіне «оңды-солдың бәрі бір» екенін көрсетті. 3:1. 

Араға 6 минут салып жас шабуылшы Килиан Мбаппе таблодағы көрсеткішті 4:1 қылды. Әлі жиырмаға толмаған Мбаппе Пеледен кейінгі финалда гол соққан жас ойыншы атанды. Бұл Килианның біріншіліктегі 4-голы. Мамандардың айтуынша, бұғанасы қатпаған жас шабуылшы түбінде Мирослав Клозенің рекордын бұзуы ықтимал екен. Алғашқы чемпионатында 4 доп соқса, әлі талай мундиальдің сұрмергені атанар дестік. Клозе соққан 16 гол әзірге мұрты бұзылмай тұр. Ойын аяқталысымен бұл футболшы әлем чемпионатының «үздік жас ойыншысы» марапатын иеленді. Ал матчтың қорытынды нәтижесі 4:2-ні Марио Манджукич тіркеді. Қақпашының қателігін пайдаланған ардагер шабуылшының бұл голы хорват жанкүйерлерінің көңіліне демеу болды. Әрине финалда жеңілу оңай емес, дегенмен шақпақ жейделілердің жанкүйерлері бұл жеңіліске аса қатты қобалжи қоймады. Бірді-екілі фанаттың көзінен жас аққанын ғана көрдік. Әйтпесе Хорватия футболы үшін бұл негізінде үлкен олжа. 20 жыл бұрын жартылай финалға шық­қа­нын айтып шаршаған ел, жаңа белес­ті бағындырды. Финалға шықты. Ендігі меже – бұдан бір саты жоғары көте­рі­лу. Яғни чемпиондық атаққа қол созу. 

Ал Франция ше? Франция болса кезекті чемпиондығына қол жеткізді. Олар да тура 20 жыл бұрын чемпион атанған. Арасында бір рет финалда ойнады. Құрама бапкері Дидье Дешам енді аңыз адамдардың қатарына кірді. Футболшы болып та, бапкер болып та әлем чемпионы атанған адам мына Жер шарында екеу ғана еді. Енді бразилиялық Марио Загалло мен неміс Франц Беккебауэрдің қатарына Дешам да келіп жайғаса кетті. 

Ақтық матчтан кейін «Луж­ни­кидің» төменгі қабатында баспасөз мәслихаты өтті. Қаумалаған журнал­истердің арасынан Дешамды жа­қын тұстан көрдік. Бет-әлпетінде сәл ғана болар-болмас қуаныштың ра­йы сезіледі. Дүние футболының тари­хына аты еніп, күллі Франция жұрт­шы­лығына ұмытылмас мереке сыйлаған бапкердің осыншама сыр білдірмей, сабырлы келгеніне таңданбасқа ша­ра жоқ. Міне, ұлы істерді осындай қара­пайым адамдар үндемей бітіретіні рас екен-ау. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

Мәскеу, 
​​​​​​​Ресей