Әлем • 17 Шілде, 2018

Жібек жолын жаңғырту қадамы

1225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астананың мерейтойы аясында Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының бастамасымен Жібек жолы бойында орналасқан 30-дан астам мемлекеттің ірі ғалымдары, белгілі инженерлері мен сарапшылары бас қосып, үлкен ғылыми шара өткізді.

Жібек жолын жаңғырту қадамы

Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жібек жолы» халық­ара­лық ғылым академиясын құру жө­нін­дегі бастамасы жарияланғаны бел­гілі. Қазір төрткүл дүниенің назарын­да тұрған Жібек жолы бойындағы ел­дер­дің экономикасын дамытуға үлес қосу Жібек жолы халықаралық ғылым академиясының құрылымын нығайтуға негізгі бағыт саналады. Сол секілді онда «Бір жол, бір белдеу» жаһандық жо­баның сәтті жүзеге асуына себеп бола­тын ғылыми-сараптамалық сүйе­мел­деу мәселелері қарастырылды. 

Алқалы жиын жұмысына Нобель сыйлығының лауреаттары Раджендра Пачаури, Рае Квон Чунг және «Жібек жолы» халықаралық ғылым академиясы Бас хатшысы, академик Цуй Вэйхун, Ирак Инженерлік академиясының президенті Ахмед Салман, Словения профессоры Игорь Эмри және әлемнің басқа да көрнекті ғалымдары қатысты. Ауқымды мәжілістің жұмысын аталған академияның бірінші вице-президенті Нұртай Әбіқаев ашты. Ұлттық инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов қазақстандық ғалымдар әзірлеген бағдарламалар мен жобалар туралы әңгімелеп, сонымен қатар Ұлы Жібек жолы елдері ғалымдары ынтымақтастығын дамыту бойынша нақты ұсыныстарын алға тартты. Соның ішінде «Жібек жолы» халықаралық ғылым академиясының жұмысын өрістету үшін Халықаралық инженерлік орталық құру қажеттігін еске салып «бұл орталық достас елдер­дің инженерлік қызметін, ізденісін қамтитын болады», деді. Осы бір жанды пікірді Беларусь, Қырғызстан, Пәкістан, Ирак, Словения инженерлік академияларының, Қазақстан-Еуропа инженерлік орталығының басшылары бірауыздан қолдады.

Жалпы, ғылыми шарада 150 баяндама талқыға түсті. Оның 45-сі қазірдің өзінде жүзеге асыруға толығымен дайын. Жиында ғалымдардың ой бай­ламдарының қорытындысы ре­тінде үлкен тұжырымдамалық құ­жат қабылданды. Онда ғылыми-инже­нерлік қоғамдастық «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық жоба эко­но­ми­каның конфигурациясын өзге­р­те­тінін және әлемдік экономика мен сая­сатта жаңа қуатты «гравитациялық өрісті» құрайтынын, Ұлы Жібек жолы­ның жаңғыруы әлемдік маңызы бар жаңа геосаяси ақиқат ретінде бағалануы керектігін атап көрсетті. Ең басты міндет, Жібек жолы бойы ел­дерінің ғылыми-зерттеу және ин­же­нер­лік қоғамдастықтарының тиімді ха­лықаралық көп салалы кооперациясын қамтамасыз ететін идеялық платформаны талдай отырып іске асыру қажеттігіне баса назар аударылды.

Ғалымдар инфрақұрылымдық жобалар үшін рейтингілік бақылау-мониторингілік және болжаулы-талдамалы жүйені әзірлеу мен құру Жібек жолының дамуына тиімді ықпалын тигізеді деп санайды. «Бір белдеу, бір жол» жобасын сүйемелдеу Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер өндірген тауарларды тасымалдауды оңтайландырады деген сенімге де табан тірейді. Бұған қоса инженерлік қоғамдастық жаңартылатын көздерден үлкен көлемде электр энергиясын таратуға қабілетті Халықаралық энергетикалық желінің заманауи технологиялық негізінде құрылуын маңызды бағыт деп санайды. Бұл жоба Жібек жолының барлық инфрақұрылымын үздіксіз энергиямен қамтуға мүмкіндік береді. 

Гүлбазар МЕДИЕВА, 
Ұлттық инженерлік академияның бас ғылыми хатшысы, экономика ғылымдарының докторы