Әлем • 17 Шілде, 2018

Италия Еуроаймақтан шыға ма?

774 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Жер жаһанға иелік етсең де, Италияны маған қалдыр». Бұл – италиялық атақты композитор Джузеппе Вердидің «Аттила» операсында Рим генералы Эционың айтқан сөзі. Қазіргі Апеннин түбегіндегі жағдайды Вердидің сол бір ариясымен сипаттасақ қателеспейміз. Еуропаны кезіп жүрген қаржы елесі Италияны айналып өткен жоқ.

Италия Еуроаймақтан шыға ма?

Түйткіл енді басталды

Көктемде Италия саяси дағдарысқа тап болып, ұзақ уақыт үкімет бекітілмей әуре-сарсаңға түскен-тұғын. Елдегі осы мәселе туралы «Егемен Қазақстан» га­зе­тінің 2018 жылғы 7 маусымдағы санында жариялаған едік. Саяси дағдарыс аяқталып, жаңа премьер-министр сай­ланғанымен, Италия түйткілден бір­жола арылған жоқ. Кейінгі оқиғалар Апеннин түбегін жаңа сынақ күтіп тұрғанын анық байқатты.

Сайлауда жеңіске жеткен популис­тік коалиция экономист Паоло Саво­на­ны қаржы министрі лауазымына тағайындауды ұсынған болатын. Алай­да «Италия еуроаймақтан шығуы ти­іс» деп санайтын оны ел президенті Сер­джо Маттарелла құп көрген жоқ. Ита­лия басшысы еуродан бас тартпас бұ­рын басқа тараптармен ақылдасу қа­жет­тігін алға тартты. Әрі ел үкіметі еуроаймақтан шықпайтынын мәлімдеп те үлгерді. 

Негізінде 1996 жылы еуроаймаққа енген Италия ортақ валютаның микро­эко­номикалық тиімділігін аз көрген жоқ. Мәселен, соның арқасында көрші ел­­дермен сауда байланысы кезіндегі тран­­закция құны арзандады, туризм да­­мып, көптеп инвестиция тартылды. Бі­­рақ ортақ валютаның әсерінен еуроай­­маққа кіретін бүкіл ел ортақ қаржы сая­­сатын ұстануға мәжбүр. Ал мұндай қа­­дам бір елдің оң жамбасына келсе де, екін­шісіне қолайсыз болатыны бел­гілі. Бұл тұрғыдан алғанда Италия ұтыл­ған­дар тарапында. 

Көптеген сарапшылар П.Савонаның пікірі салмақты деп есептейді. Тіпті еуродан бүгін-ертең бас тартпаса да, еуроаймақтан шығу туралы жоспарды әзірлеп қою артық етпейді. 

Экономикалық ахуал

Джордж Мейсон университетінің профессоры Дэвид Бекуорт Еуропалық орталық банк ұстанған саясат Еуро­па­лық одақтың негізгі мүшелері үшін қо­лайлы, ал қалғандары үшін тиімсіз жа­сал­ғанын алға тартады. Оның пайымдауынша, қаржылық саясат 2008-2009 жылдардағы дағдарысқа дейін Италия, Португалия, Грекия секілді мемлекеттерге еркіндік берсе, одан кейін түрлі шектеулер қойылған. Нәтижесінде еуроаймақтың үшінші үлкен экономикасы саналатын Италия бірқатар шектеулерге тап болды. 

Кейінгі уақытта Апеннин түбе­гін­де­гі экономикалық жағдай күрделеніп барады. Мәселен, 2016 жылы Италия­ның нақты ішкі жалпы өнімінің көр­сет­кіші 2001 жылғы деңгейге дейін құл­дыраған. Еуропалық одаққа мүше мем­лекеттердің арасында Италияның сыр­тқы қарызы 2,3 триллион еуроға жет­кен. Елде жұмыссыздар саны артып ба­рады. Мысалға, 25 жасқа дейінгі әр үш италиялықтың біреуі істерге әрекет таппай сандалып жүр. 

Жалпы, еуроаймақтағы ахуал да кере­мет емес. 2008 жылдан бастап он­да­ғы нақты ІЖӨ көлемі 3 пайызға ғана көбейген. Салыстырып қарайтын бол­сақ, еуро айналымға енгеннен кей­ін бір жылдан соң АҚШ экономикасы еуроаймақтан 13 пайыз көп болса, бүгінде арадағы айырмашылық 26 пай­ыз­ға жеткен. 

Грекиядағы дағдарыс басталғанда Еуропалық одақта бірқатар мәсе­ле­лер мен түйткілдер туындаған. Халық­ара­лық қаржы қоры мен ЕО осыған байла­ныс­ты эллиндерге бэйл-аут жасауға ке­ліс­кен-ді. Тіпті түймедейді түйедей кө­ре­тіндер де Грекияның дағдарысы бас­қаларға әсер етпейді деп есептеген-тұ­ғын. Бірақ жағдай күткендей болған жоқ. Эллиндердің соңын ала басқа елдер де қиындыққа тап келді. Осының салдарынан Еуропалық орталық банк PIGS  деп аталып кеткен мемлекеттер – Португалия (P), Италия (I), Грекия (G) және Испанияға (S) бэйл-аут жасауға тура келді. 

Financial Times журналисі Мар­тин Вольф Италияны қаржылық дағ­да­рыстан шығуға қабілетті деп есеп­тей­ді. Өйткені, ел экономикасы әлемде ең әлеуеттілер қатарынан саналады. М.Вольфтың пікірінше, Италия экон­о­ми­касының әлеуетті болуы оны күй­реу­ден сақтайды. Алайда бұл оны қорғап қалуға да қиындық туғызады. 

Ендігі қадам қандай болмақ?

Еуроаймақтағы қаржылық қиын­дық­тың туындау себебіне үңілгенмен, енді оның пайдасы шамалы. Еуродан бас тарту қажет пе, жоқ па? Италия үшін ендігі міндет сол болмақ. Нобель сый­лығының лауреаты, экономист Джозеф Стиглицтің сөзіне қарағанда, еуроны сақтап қалу үшін Германия тара­пы нақты шаралар қабылдауы қа­жет. Дж.Стиглицтің айтуынша, түйт­кіл­дің шешімін бәрі біледі. Қазіргі таң­да әлсіз елдерден қаржы капиталы қуат­ты мемлекеттерге кетіп жатыр. Мұ­ның шешімі ретінде бірқатар реформа­лар жасау қажет. Алайда ең басты мәсе­ле – Германияның оны орындауға құл­шы­ны­сына байланысты. 

«Егер Германия валюта одағын да­мы­туға қатысты қажетті шаралар қабылдамаса, ең дұрысы еуроаймақтан шығуы тиіс. Джордж Сорос айтып кеткендей, Германия көш бастауы немесе көште қалуы керек. Егер Германия (және солтүстік Еуропадағы елдер) валюта одағынан шықса, еуроның құны арзандайды. Бірақ Италия және баса да оңтүстіктегі мемлекеттердің табысы артады», дейді Дж. Стиглиц. 

Алайда Германия, Бельгия секілді ауқатты мемлекеттердің еуроаймақтан шығуы екіталай. Ендеше, Италия билі­гі­не басқа шешім іздеуге тура келеді. Оның бірі – еуродан бас тарту. Қысқа мерзім ішінде оның орындала қоюына сенім аз. Таяуда жүргізілген сауалнама Италия халқы банктер мен қарыздан қорыққандықтан ортақ валютадан бас тартпайтынын көрсетті. Бірақ уақыт өте келе еуродан туындаған қиындық тұрғындардың пікірін өзгертуі әбден мүмкін. 

Оның үстіне, Италияда өнеркәсіп саласы жолға қойылған. Еуроаймақтан шығу елге дербес экономикалық саясат ұстанып, экспорттан түсетін пайданың артуына жағдай жасайды. Әрі туризмнен түсетін табыс көлемі де артады. Осының нәтижесінде үкіметке түсетін қаржы артып, жұмыссыздық көлемі қысқарады. Мұндай қадам халықаралық аренада Италияға артықшылық береді. Еуропа елдерімен сауда-экономикалық байланысты нығайтып, көші-қон саясаты секілді салаларда ынтымақтастық жасауға итермелейді. 

Алда-жалда Апеннин түбегі еуро­ай­мақ­тан шығуға шешім қабыл­даса, оның құны қымбатқа түсуі де мүмкін. Оны болдырмас үшін ел билігі саяси және экономикалық құнын азайта отырып еуродан бас тартудың тиімді жолын табуы қажет. 

Джозеф Стиглиц «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» жол ретінде еуроны сақтай отырып, жаңа валюта енгізу қажеттігін алға тартады. Яғни сыртқы қарызды еуродан лираға ауыстыруы қажет. Еуропалық одақ­тың заңдық кедергілері мен Италияның халықаралық міндетін ескере отырып, мұны орындау үшін банкрот жөніндегі кодекске арқа сүйеуге тура келеді деп есептейді экономист. Немесе Италия мемлекеттік құнды қағаз шығарып, еуролық қарызын сонымен өтеуіне болады. Мұндай құнды қағаздар жиі девальвацияға ұшырап отыруы ықтимал. Әйтсе де, осы уақыт аралығында Италия елдегі қаржы саясатын жақсартып алуға мүмкіндік алады. 

Италиядағы ахуалдың шешімі «қарт құрлықтың» келешегіне де әсер ететі­ні анық. Алда-жалда Еуропа ода­ғы дұ­рыс шешім қабылдамаса, еуро­ай­ма­қт­ың күйреуін болжау қиын емес. Әзірге Италияның нақты қандай шара қабылдайтынын басып айту қиын. Бірақ бұған дейін айтқанымыздай, ел билігі еуродан бас тартпаса да, уақыты келгенде «Аттила» операсында айтылғандай «Жер жаһанға иелік етсең де, Италияны маған қалдыр» деуге әрдайым әзір тұруы тиіс.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»