Әлем • 17 Шілде, 2018

Владимир Путин мен Дональд Трамп кездесті

469 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Финляндияда Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамптың көптен жоспарланған кездесулері өтті. 

Владимир Путин мен Дональд Трамп кездесті

Хельсинкидегі президенттік сарайда екі мемлекеттің басшысы алдымен шағын құрамда кездесіп, пікір алмасты. 

Кездесу барысында Ресей Президенті тиянақты әңгімелесудің уақыты жеткен­дігін атап өтті. 

– Біздің байланыстарымыз жалғасып келеді. Біздер телефонмен де сөйлесіп отыр­дық және халықаралық іс-шара­лардың аясында бірнеше рет жүз­дестік. Міне, екі жақты қарым-қатынастар мен әлемдегі «жанды нүктелер» жайында ашы­лып сөйлесетін уақыт жетті және қордаланып қалған мәселе көп, – деді В.Путин. 

Ал Д.Трамп өз сөзінде күллі әлем Мәскеу мен Вашингтонның арасындағы қарым-қатынастардың жақсаруын күтіп отырғандығына тоқталды. 

– Біздің елдеріміздің екіжақты байланыстарды қалпына келтіруге үлкен мүмкіндігі бар. Ол бірнеше жылдарға созылып келеді, – деді Д.Трамп. 

АҚШ президенті, сондай-ақ өз сөзін­де Америка тарапын сауда, әскери мәселелер, екі мемлекеттің ядролық әлеуеті және Қытайға байланысты келіс­сөз­дер қызықтыратындығын атап өтті. Ол, сонымен қатар Путинді Ресейдің фут­болдан әлем чемпионатын сәтті өткі­зу­і­мен құттықтауды ұмытпады. 

Бұл шағын құрамдағы кездесулердің бұқара үшін ашық тұсы екі мемлекет басшыларының қол алысуымен түйінделді. Бұдан соң Путин мен Трамп келіссөздерін оңаша жалғастырды. 

Сонымен қатар кеңейтілген құрам­дағы келіссөздер де өтті.

Атап өтерлігі,  Хельсинки саммиті көп­жақты халықаралық форумдарды айт­пағанда, әлемдегі екі жетекші мемлекет басшыларының толық кездесуіне мүмкіндік берген алғашқы жиын болды. 

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»