Әлем • 17 Шілде, 2018

Батысқазақстандық делегация Ұлыбританияда болды

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыбританиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің қолдауымен Батыс Қазақстан облысындағы үш ірі компания – «Кублей», «Жайық Ет» және «Батыс-Пауэр» кәсіпорындарының басшылары Ұлыбританияға барды.

Батысқазақстандық делегация Ұлыбританияда болды

Облыс делегациясы 2018 жылғы Астана экономикалық форумы барысында қол қойылған меморандумды жүзеге асырудың тиімді механизмін әзірлеу үшін «Dunbia» компаниясымен келіссөз жүргізді.

Өңір делегациясы сондай-ақ компа­ния­ның өндірістік нысандарын (сою, орау, өңдеу цехтарын) аралады. «Dunbia» компаниясының бас кеңсесінде ет өңдеудің толық циклі бойынша жобаның іске асырылу барысы талқыланды.

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, аграрлық сектор экономиканың жаңа қозғаушы күші болуы керек. Біздің өңір ауыл шаруашылығында, әсіресе мал шаруашылығында үлкен әлеуетке ие. Сондықтан біз сіздермен бірге аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақ­сатында жемісті ынтымақтастық ор­на­туға ниеттіміз, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов. 

«Dunbia» компаниясы батыс­қазақ­стандық кәсіпкерлермен әріптес болуға, маркетинг саласында өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, компания Қытай, Иран және Таяу Шығыстың нарықтарына қазақ­стан­дық етті ілгерілетуді қам­та­масыз ету­ге мүдделі. «Жайык Ет» қазақ­стан­дық компаниясының директоры Т.Ес­кен­діров атап өткендей, «Dunbia» си­яқты жаһандық компаниялардың қа­зақ­стандық жобаларды іске асыруы мен инвестициялауы қазақстандық кәсіпорындардың деңгейін елеулі түрде күшейтіп, басқа шетелдік инвесторлар үшін үлгі бола алады.

Қос тарап өкілдері ауыл шаруа­шы­лы­ғын цифрландыру саласын дамыту мақсатында өткен жұмыс сапарын өте жемісті болғанын атап өтті.

«Егемен-ақпарат»