17 Шілде, 2018

Аяқдоп аламаны аяқталды

493 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлем чемпионаты – тағатсыздана күткен футбол тойы еді. Енді барлығы аяқталып, той тарқасымен біз де алған әсерімізбен бөлісе кетсек. Бұл біріншілік несімен есте қалмақ?

Аяқдоп аламаны аяқталды

Алдымен 6 фавориттен бастасақ. Бірін­ші­лікте бәсі жоғары командалардың 4-еуі Еуропадан, 2-еуі Латын Америкасынан болатын. Франция, Германия, Испания, Португалия, Аргентина және Бразилия. Міне, осы 6 команда мундиальдің алпауыттары саналып, алтын кубокты жеңуі тиіс деп болжанды. Бұл тізімдегі 3 команда: Испания, Португалия, Аргентина плэй-оффтың алғашқы сатысынан «ұшты». Аргентинаның тіпті бұл кезеңге жеткенінің өзі қиын оқиғалармен өрілгенін ұмытпаспыз. Ал әлем чемпионы Германия өз тобынан мүлде шыға алмай, масқара болып 

отанына оралды. Әлем чемпионы болған команда келесі біріншілікте топтан шыға алмай қалып жататын жағдай бұл жолы да қайталанды. 2002 жылы Франция, 2010 жылы Италия, 2014 жылы Испания, енді міне 2018 жылы Германия чемпион деген атқа лайық ойын көрсете алмай кетті. Аталған командалар ішінде Бразилия мен Франция ғана қалды. Ширек финалда Бразилия Бельгиядан жеңіліп, мардымсыз ойынымен біріншілікпен қош айтысты. Фаворит саналғандар қатарынан қалған жалғыз Франция жортып жүріп, дегеніне жетті. 

Үздік сұрмерген атануы тиіс ойыншылар Неймар мен Гризман болатын. Екеуінің өзгелерден оқ бойы озық тұрғанын байқап едік. Неймар 2 гол соққанымен емес, бұл біріншілікте симуляция жасап, әртістігімен ерекшеленді. Оған қарсы 23 рет ойын тәртібі бұзылды. Бірақ бразилиялық шабуылшы осы чемпионатта қақпаға ең көп соққы жасаған футболшы (27 рет) ретінде тіркелді. Ал Франция құрамасының шабуылшысы Антуан Гризман 4 гол соққанымен, «үздік сұрмерген» номинациясы бойынша Харри Кэйн жеңіске жетті. Ол – 6 голдың авторы. 

Чемпионаттың үздік ойыншысы атануы мүмкіндердің қатарында әдеттегідей Криштиану Роналду, Леонель Месси және Неймар үштігі болғаны рас. Біріншілік бас­талмас бұрын бұл тізімге ешкім де қарсы сөз айта алмас еді. Ал енді бұл марапатты Лука Модрич алғанын көріп отырмыз. 4 жылда бір келетін доп додасының болжап айтуға өте қиын жарыс екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. 

VAR жүйесінің арқасында осы чемпионатта пенальтилер санының да көп болғаны анық. 1990, 1998, 2002 жылғы чемпионаттарда 18 пенальтиден белгіленсе, бұл жолы жанкүйерлер 22 пенальти тамашалады. Сонымен қатар бұл додада автоголдар саны да тым көп болды. 12 автогол соғылып, көптеген жылнамаларға өзгеріс енді. 

Ал жалпы мәлімет үшін айта кетсем, бұл жарыста сонымен қатар 169 гол соғылып, 219 сары қағаз, 4 қызыл қағаз көрсетілді. Ал Хорватия ойыншысы Иван Перишич біріншілік барысында 72 шақырым жер жүгіріп тастапты. 27 мәрте қақпасына кіргелі тұрған доптан құтқарған бельгиялық Тибо Куртуа турнирдің үздік қақпашысы атанды. Негізі көпшілік жанкүйер испаниялық Давид Де Хеа қақпашылар арасында үздік шығар деп үміттенген. 

Сонымен қатар бұл чемпионатта қорғаушылар қатты көзге түсті. Мысалы, чемпион болған Францияда Самуэль Юмтити, Рафаэль Варан, Бенжамен Павар секілді қорғаушылар бір-бірден гол соқты. Франция құрамасы 1998 жылы чемпион болған кезде де үш қорғаушы Лоран Блан, Эмануэль Пети, Лилиан Тюрамдар гол соққан екен. Ал осы чемпионат барысында Колумбия құрамасының қорғаушысы Йерри Мина жалғыз өзі 3 доп соқты. Ал чемпион атанған Рафаэль Варан бір маусымда Чемпиондар лигасында да және әлем чем­пионатында да жеңіске жеткен төртінші футболшы. Оған дейін мұндай атаққа Роберто Карлос, Кристиан Карамбе және Сами Хедира қол жеткізген. Бір қызығы, аталған футболшылардың барлығы да Мадридтің «Реалының» намысын қорғаған. 

Ал әңгімеміздің соңында барлығымызға ұнайтын ақша туралы қозғай кетсек. Чемпион атанған Франция құрамасы 38 миллион еуро көлемінде қаржы алды. Ал күміс жүлдегер Хорватия – 28 миллион. Дегенмен, ел президенті Колинда Китарович әр футболшыға 9,5 мың еуродан сыйақы тағайындапты. Себебі сол 28 миллионның басым бөлігі Хорватия футболының дамуына бөлінері анық. Ал қола жүлдегер Бельгия 24 миллион еуро алса, Англия құрамасы 22 миллион иеленген. Ширек финалға шыққандар 16 миллионнан арқалап қайтса, 1/8 финалда жеңілгендер 12 миллион көлемінде сыйақыға кенелді. Ал жалпы алғанда ФИФА-ның беріп отырған биылғы қаржылай үстеме сыйлықтары осыған дейінгі чемпионаттармен салыстырғанда көбірек. Себебі жарысқа қатысып, топтық кезеңде 3 ойын өткізген командалардың барлығы 9,5 миллионнан алды. 

Осындай қызықтарымен өрілген чемпионат мәресіне жетті. Ендігі кезек – 2022 жылы Қатар мемлекетінде өтетін 22 чемпионатта.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»