Үкімет • 18 Шілде, 2018

Маңызды жұмысқа жауапкершілікті көзқарас қажет

351 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары, сондай-ақ жекешелендіруді жүргізу барысы және «ақылды қала» жобаларын іске асыру мәселесі қаралды.

Маңызды жұмысқа жауапкершілікті көзқарас қажет

Межелі міндеттер орындалды

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың І жартыжылдығындағы іске асырылуы туралы Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов баяндады. Е.Біртанов атап өткендей, мем­лекеттік бағдарлама жеті бағыт бойынша іске асырылып жатыр.

«Қоғамдық денсаулық сақтау саласында саламатты өмір салтын ілгерілету аясында бұқаралық ша­ралар белсене өткізілуде, осы жылдың 6 айының ішінде оған 6 млн-нан астам адам қатысты. Биыл халықты скринингпен қамту 1,5 млн астам адамды немесе жос­парланған көлемнің 91 процентін құрады. Халықты иммундау 95,2 процентке жетті», деді Е.Біртанов. Сондай-ақ министр мемлекеттік бағдарлама аясында «жедел жәрдем» қызметінің жұмысын реформалау жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мәселен, шұғыл емес шақыртулар емханаларға беріл­ді, персоналды халықаралық стан­дарттарға кезең-кезеңмен оқыту жүргізіліп жатыр, еліміздің тоғыз аймағында Бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылған. Биылғы алты айдың нәтижелері бойынша орташа жету уақыты 7 минутқа қыс­қарған, сәтті реанимациялау көр­сеткіші 14 процентке артқан, ауру­ханаға жатқызуға дейін өлім-жітім азайған.

Министр сонымен қатар ұлт­тық дәрі-дәрмектермен қамту сая­сатын іске асыру аясында ам­булаторлық дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етуді орталықтандыру жүргізілгенін, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютер қызметінің ашық­тығы арттырылғанын атап өтті. Бұл сатып алулардың тиім­ділігін арт­тырып, бюджет қара­жатын үнемдеуге мүмкіндік берген.

Дәрі-дәрмектермен қамтылған амбулаторлық пациенттер саны 5 процентке артты. Амбулаторлық-дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуді қаржыландыру өңірлердің 31 млрд теңге көлеміндегі қосымша өтінім науқанының қорытындылары бойынша 27 процентке артты, деді. Сондай-ақ осы жылдың тамыз айының соңына дейін емханаларда электронды құжаттар айналымын енгізуді аяқтаудың аса маңыздылығын атап өтті. «Осылайша, біз еліміздегі әр­бір пациентті жеке-жеке дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз етудің ашық­тығын қамтамасыз етеміз. Бұл со­нымен қатар, әрбір пациент­пен кері байланыс орна­туға мүмкіндік береді», деді министр. Е.Біртанов сонымен қатар Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыруды (МӘМС) енгізуге дайындық аясында Ке­пілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің және МӘМС-тің жаңа моделін қарастыратын заң жобасы әзірленгенін мәлім етті. Сондай-ақ салада мемлекет-жекеменшік әріптестігі (МЖӘ) түріндегі инвестициялардың саны артып келе жатқанын айтты. Осы жылдың 6 айында МЖӘ жобаларының саны 30 бірлікті құраған. Жалпы алғанда, 2016-2018 жылдар аралығында 35 млрд теңге сомасына 65 МЖӘ келісімшарты жүзеге асырылуда.

Үкімет отырысында сондай-ақ өңірлерде мемлекеттік бағ­дар­ламаны іске асыру қорытын­ды­лары және денсаулық сақтау жүйесін дамыту қорлары туралы айтылды. Бұл ретте Алматы об­лысының әкімі А.Баталов, Шы­ғыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Түркістан облы­сының әкімі Ж.Түймебаев, Қызыл­орда облысының әкімі Қ.Кө­шербаев, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Маңғыстау облы­сы­ның әкімі Е.Тоғжанов және Ақ­төбе облысының әкімі Б.Сапар­баев баяндама жасады. Соңында Б.Сағынтаев денсаулық сақ­тауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша едәуір жұмыс атқарылғанын, ілгерілеу бар екенін атап өтті. Дегенмен атқарылар жұмыс та аз емес. Соған орай денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жаңғыртуға қатысты да бірқатар нақты тапсырма берілді.

Премьер-Министр дәрі-дәр­мек­терді мақсатты сатып алу мә­селесіне де назар аударды. Қажетті дәрі-дәрмектердің нақ­ты санын біліп, артық қаражат жұм­самау керек. Осыған байланыс­ты Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмектердің қажеттілігін жос­парлауды реттеу туралы тап­сырма берді. Сондай-ақ өңірлер­ге жеке инвестицияларды тартып, МЖӘ-ні дамытқан жөн. Б.Са­ғынтаев сондай-ақ шетелдерде емделу үшін квота алу мәсе­ле­леріне ерекше назар аудару керек­тігін айтты. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа квота алу тәртібін жетілдіру және оның ашықтығын арттыру тап­сырылды. Үкімет басшысы мін­детті әлеуметтік медици­на­лық сақтандыруды тиімді енгі­зу мәселесі ерекше бақылау­да екенін еске салды.

Аналар өлімі алаңдатады

Денсаулық сақтау мәселесі егжей-тегжейлі талқыланған жиында Премьер-Министр Б.Са­ғын­таев сала басшысы Е.Біртанов пен қала әкімі Ә.Исекешевтен соңғы кездері жиілеп кеткен Астанадағы ана өліміне қатысты мәселенің де мән-жайын сұрады.  Себебі алдыңғы күні ғана Астананың №2 перинаталды орталығында жас босанған келіншек көз жұмған болатын. Ал бұл – биылғы жылдың ішінде Астана перзентханаларында қайтыс болған төртінші адам.

«Қазіргі күні қажетті зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Нақ­­ты себебі туралы ақпаратты анато­миялық, морфологиялық зерт­теу біткен соң береміз. Біз қа­зір Астана қаласындағы амбула­то­риялық деңгейдегі осы әйелдерге қандай қызмет көрсетілгенін тексеріп жатырмыз. Арнайы штаб құрылған. Астана қаласының әкімдігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Үлкен мәселе бар деп айтуға болмайды. Кейбір жағдай әйелдің негізгі денсаулығына бай­ланысты. Бірақ жалпы перинаталды орталықта тексерістің бәрін жүргіздік. Санитарлық-эпи­де­миологиялық режім дұрыс. Әрі қарай жұмыс істеп жатырмыз», деді Денсаулық сақтау ми­­нистрі. Қазіргі уақытта әрбір жағ­­дай­ға қатысты Қоғамдық ден­­сау­лық сақтау комитеті тергеу жүргізіп жатыр. Ал Астана әкімі Ә.Исекешев барлық жағдайлар бойынша жетекші медициналық орталық мамандарының қатысуымен консилиум өткізілетінін айтты. «Барлық жағдайлар денсау­лық сақтау министрлігімен талқы­ланып, нақты іс-әрекет жоспары құрылды. Сондай-ақ қауіпсіз сараптама жүргізу үшін және акушерлік-гинекологиялық меди­циналық көмек үшін Еуропаның мықты деп саналатын мамандарын шақырып отырмыз. Мәселе бақылауда», деді қала әкімі.

Жалпы мәліметке сүйенсек, елімізде биыл алғашқы жарты­жыл­дықта босануға дейін және босанғаннан кейін ана өлімі көр­сеткіші былтырғы деңгейден жоғары болып отыр. Мәселен, қаңтар айынан бері республикада 31 ана көз жұмған. Жалпы, жыл сайын республикамызда 50-60 әйел көз жұмады екен.

«Ақылды қала» – цифрландыруға жол

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе «Ақылды қалалар» жобасы туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев есеп берді. Министрдің айтуынша, барлық 16 өңірдің әкімдіктерінде цифрландыру кеңселері құрылып, оған әкім орынбасарлары жетекшілікке тағайындалған. Арнайы құрылған цифрландыру штабы жобаларды үйлестірумен айналысады және апта сайын «Ақылды қала» жобасына мониторинг жүргізіліп отырады. «Қазірдің өзінде медициналық, ақпараттық жүйелер, электронды күнделіктер немесе мектепке дейінгі балалар мекемелеріне кезекке қою жүйелері барлық аймақтарда енгізілді. Павлодар облысының білім беру саласында онлайн жур­нал мен күнделіктерді іске қосу арқылы оқушылардың оқу үл­герімі 3 процентке өсті. Шығыс Қазақстан облысында ау­дан орталықтарынан тыс орна­ласқан 67 дәрігерлік амбулаторияны және фельдшерлік-акушерлік орындарды интер­нет желісіне қосу арқылы халық­қа мемлекеттік қызмет көрсету­дің үлесі 93 процентке артты», деді Д.Абаев. Батыс Қазақ­стан облысында бастапқы меди­ци­налық көмек көрсетуге кететін уақыт қысқарған. Атап айтқанда, жедел жәрдемді басқару жү­йелері енгізілген. Ал смарт-технологияларды енгізу аясында Астана көше жарығына қызмет көрсету шығындарын 30 процентке дейін, энергия қорларын 60 процентке дейін төмендеткен. Жүйенің өзі электр энергиясын қажеттілігіне байланысты автоматты түрде берілуін реттейді. Шымкент қаласында жол-көлік оқиғаларын, фото-бейне түсіру жүйесін енгізу арқылы жол жүру ережелерін бұзу жағдайлары 17 процентке азайған. Ал Алматы облысындағы Қорғас бекетінде адамның келбетін тану жүйесіне алғаш сынақ жүргізгенде, іздеу шараларына жұмсалатын уақыт 15 процентке дейін азаяды деп болжанған. «Өңірлердің барлығы «ақылды қала» жасауға негіз болатын сервистерді жасауда кең ауқымды жұмыс жасап жатыр. Мектептердің 87 процентінде интернет қолжетімді. Қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім алшақтығы шамамен 30 процентке төмендеді. Мемлекеттік қызметтер оңтайландырылды және автоматтандырылды. Электронды медициналық кар­таны қолдану және қағаз нұсқа­сынан бас тарту аясында меди­циналық карталарды жоғалту факторы толық жойылды»,  деді министр.

Алты айда  421 нысан сатылды

Үкімет отырысында жекеше­лен­діруді жүргізу барысы да қаралды. Осыған орай баяндама жа­саған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың хабар­лауынша, осы жылдың бірін­ші жар­тыжылдығының қорытын­дысы бойынша кешенді жоспардың 887 нысанынан сауда-саттыққа 502-сі шығарылып, олардың 421-і 216 млрд теңге сомасына са­тылған. 266 нысан қайта ұйым­дастыру және тарату сатысын­да тұр. Осылайша, қайта ұйымдас­ты­рылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 77,4 процентті құрайды.

«Биыл бірінші жарты­жыл­дықта сауда-саттыққа 104 нысанды шығару жоспарланды. Іс жүзінде 89 нысан шығарылды және 15 нысан бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Олар­дың ішінен 36 млрд теңгеге 39-ы сатылды», деді министр Б.Сұл­танов. Жалпы, кешенді жоспар­дың 63 нысанының бүгінгі күнге дейін 110,5 млрд теңгеге 15-і са­тылған. Осы жылы 39 нысан­ды сату жоспарланып отыр. Бірін­ші жартыжылдықта оның 8-і сауда-саттыққа шығарылып, 2-і сатылған. Қалған нысандар бо­йынша сату алдындағы дайындық және әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»