Таным • 18 Шілде, 2018

Сынақтар шежіресінен сыр шертеді

649 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» жобасы бойынша Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі бірлесіп, «Курчатов қаласындағы технологиялық қасиетті орындар» атты бағдарлама қабылдаған еді. Аталмыш бағдарлама облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен биыл жазда жүзеге аса бастады. Осыған орай алыстан ат арытып келген қонақтар ең алдымен  Семей ядролық сынақ полигонының деректерінен хабар беретін музейді аралады. 

Сынақтар шежіресінен сыр шертеді

– Музейде КСРО кезінде ядролық жарылыстар болған, сынақтар жүрген «Дегелең», «Балапан», «Опытное поле» сияқты алаңдардан  көріністер то­лық қамтылған, – деді Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақанов, – музей қорында 100-ден астам түрлі естеліктер, экспонаттар, карталар, фото және бейнематериалдар бар. Сынақ алаң­дарынан тікелей әкелінген деректі заттардың барлығы да осында.

«Ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа дейін»­­ деп аталатын экспозиция залында Пре­зидент Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Ұлт­тық  ядролық орталықтың тарихы кеңінен қам­тылыпты. Токамак КТМ, КИР «Байкал-1», пи­лотсыз басқарудағы жабдық, қазіргі таңдағы заманауи өлшеуіш-есептегіш және кәсіпорынның марапаттары мен наградаларын да осы арадан көре аласыз.

Семейден арнайы ат арытып жеткен қонақтар «Ядро­­лық технологиялар паркі» АҚ-дағы «ЭЛВ-­4»­ аумағына да барды. «ЭЛВ-4» дегеніміз бұл түрлі ма­териалдарды арнайы жабдықта радиа­циялық тек­серуден, бағамдаудан өткізу және мөлшерін анықтау құрылғысы. Қазіргі уақытта атал­мыш электронды қондырғыда полимерлік бұйым­дарды тігу, медициналық заттарды зарарсыздандыру, резеңкелерді қыздырып өңдеу жұмыстары жүреді. 

Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақанов­тың айтуынша, киелі жерлерді аралаған көпшілік әйгілі ғалым И.В.Курчатовтың ескерткішіне барып, ғалым қызмет еткен жұмыс кабинетімен танысып қайтты. Осының өзі тарихтан үлкен ақпа­рат береді, деді ол. Ал Семей ядролық сынақ поли­гоны мен Курчатов қаласының тарихы туралы керемет фильмді келушілер Мәдениет үйінен тама­шалады.

Бағдарлама соңында ересектермен бірге келген Семей қаласының оқушылары «Әлем балалары атом бомбасына қарсы!» атты интер­активті ойынға қатысты. Ойын барысында олар бейбіт атом саласын зерттеудегі дүние жүзі ғалымдарының жұмыстарымен танысты. Тамыз айының соңына дейін Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан әртүрлі жастағы балалар Семей мен Курчатов қалаларына осы жобаға орай арнайы сапарлап қайтпақшы.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

Курчатов – Семей