Білім • 18 Шілде, 2018

Батыс Қазақстан облысында екі мектеп пайдалануға беріледі

632 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астананың 20 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысында екі мектеп пайдалануға беріледі. Салтанатты ашылуы жаңа оқу жылының басына жоспарланғанымен, Астана күні қарсаңында Дариян және Шабдаржап ауылы тұрғындары су жаңа мектеп ғимаратымен танысты. Жаңа құрылыс нысандарының сапасын тексере келген өңір басшысы Алтай Көлгінов жұртшылықпен жүздесіп, ауыл халқын елде және облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті.

Батыс Қазақстан облысында екі мектеп пайдалануға беріледі

Зеленов ауданына қарасты Дариян ауылы бұрын аудан орталығы болған ірі елді мекен. Мұнда былтырдан бері 300 оқушыға арналған жаңа мектептің ғи­мараты және мектеп жанынан 100 балаға лайықталған интернат үйі құрылысы жүріп жатыр. Соңғы үлгі­дегі барлық оқу құралдарымен қам­тылған мектептің ең басты ерекшелігі, мұнда облыста алғашқы болып ІТ- сынып ашылады. Ал Ақжайық ауда­нын­дағы Шабдаржап ауылы Оралдан 300 шақырым жерде жатқан шалғай елді мекен. Былтыр тамыз айында басталған 198 орындық мектеп ғимаратының құрылысы толық аяқ­талып, жаңа оқу жылына шәкірт қабыл­дауға дайын тұр.

Қазақстандықтардың ортақ қуаны­шы күні шағын ауылда осындай заманауи мектеп ғимараты пайдалануға берілуі тегін емес. Еліміздегі тыныш­тықтың, экономикалық дамудың, Елбасы саясатының нақты жемісінің бір көрінісі – осы, деді А. Көлгінов тұрғындармен кездесуде.

Шабдаржап ауылы – Тайпақ окру­гіне қарайтын, бұрынғы «Краснояр» кеңшарының бір бөлімшесі. Бір таңғаларлығы, нарық келгелі талай ауыл жойылып, талай елді мекен тарап кетсе де, Шабдар­жаптан халық көшпепті. Тайпақ ауылының әкімі Болат Шәленовтің ай­туынша, соңғы жылдары мұнда жыл сайын 2-3 үй жаңадан салынады.

– Ауыл тұрғындарының ұйым­шылдығы ерекше. Анау жылы мектеп жанынан спорт залын өздері салып алған. Биыл ауыл кәсіпкері Тал­ғат Мұхамедияровтың бастауымен ауыл ішінде жазғы техникалық су жүйесін жүргізді. Бұл әр аула­да бау-бақ­ша өсіруге керемет мүм­кіндік. Қазір ауылда 745 адам тұрады. Өткен оқу жылында мектепте 154 оқу­шы болған еді. Биыл күзде жаңа мек­тепке 165 оқушы келгелі отыр. Демографиялық өсім осылай бола бер­се, аз жылда бұл жаңа мектептің өзі тарлық етеді-ау, –деп күледі Болат Байғалиұлы.

Жаңа мектеп ғимараты шынымен де сыңғырлап тұр. Барлық оқу кабинеттері қажетті құралдармен жабдықталған. Соңғы үлгідегі робот-техника кабинеті, технология пәніне қолданылатын түрлі құрылғылар мен тігін машиналары тұр. Өңірдегі өзге мектептер сияқты Шабдаржап мектебінде де жаңа оқу жылында оқушылар Bilimbook компьютер-трансформерлерін пайдаланатын болады. Bilimbook – Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесінде сынақтан өткен озық үлгілі, жаңа әдістемелі сабақтар жүк­телген компьютер-трансформер. Ол интернетке қосылмай-ақ пайдалануға жарамды. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде бағдарламалар жүктелген Bilimbook жады 2-3 ай сайын жаңартылып тұрады.

– 2004-2005 жылдары Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында білім алған кезімде интернетке жалғанған жалғыз ком­пьютерлік сынып болатын. Дәл осындай озық технологияны сол жылдары Еуропадан ғана көретінбіз. Енді міне, облыс орталығынан 300 шақырым жердегі шағын ауыл мектебі осындай мүмкіндікке ие болып отыр. Қала мен дала мектептерінің айырмашылығы азайды. Еліміздің дамуына нақты мысал осы емес пе? – дейді өңір бас­шысы.

Осы ауылда отыз жыл мұғалім болған еңбек ардагері Сәлима Са­риева мемлекеттің қолдауын алыс ауыл тұрғындары да сезіне бас­тағанын айтты.

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың айтуынша, биыл Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап, Томпақ ауылдары таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Қазірдің өзінде ауыз су құбырын тарту жұмыстары басталды, бұл жобаға 445,7 млн теңге қарастырылған. Нәтижесінде екі ауылдың 1 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады. Жалпы, ауданның 14 елді мекенінде ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, аудан орталығының солтүстік-батыс аймағын электр желісімен жабдықтау, Чапаев кентінде 3 қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салу басталған. Биыл ауданда барлығы 4000 шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы бой көтереді.

– Елбасы жақында Орал қаласына келген сапарында өңірдегі шағын жинақты мектептер жөнінде арнайы сұрады. Өйткені облыстағы мектептің 60 пайызы шағын жинақты мектепке жатады. Біз осындай 223 мектепті Bilimbook компьютер-трансформерімен қамтамасыз ете­міз. Керек жерінде интернат салып­ жатырмыз. Алдағы 2-3 жылда өңір­де студенттерге арналған 7 жатақ­хана бой көтереді. Өңірге қажетті мамандықтарға гранттар бөлеміз. Білім мәселесі біздің ерекше назарымызда, – деді тұрғындар алдында А. Көлгінов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы