Өнер • 18 Шілде, 2018

Қытай елінің айшықтары

526 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде еліміздегі Қытай Халық Республикасының елшілігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастырған «Таңғажайып Қытай. Аспан асты елінің көрікті жерлері» атты фотокөрменің салтанатты ашылуы өтті.  

Қытай елінің айшықтары

Солтүстік және Орталық Қы­тай провинцияларының әлеу­меттік, экономикалық және мәде­ни салалардағы зор жетіс­тікте­рі мен экологиялық ортаны қорғау және тұрақты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі құнды тәжірибесін айғақтайтын суреттер топтамасы қойылған көрменің ашылу салтанатында Қытай Халық Республикасы елшілігінің сенімді өкілі Лю Изянь Пин: «Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінің атынан осы шараны ұйымдастырған бар­шаңызға алғысымды айта­мын.

Осы жылдың басында Қытай елшілігі Ұлттық музеймен бірлесіп, «Таңғажайып Қытай» фотокөрмесін ұйымдастырған болатын. Қытайдың ерекше және сан алуан мәдениетін паш ететін көрменің келбетінен оның ашық есік саясатының 40 жылдық даму жолындағы жетістіктерін көруге болады. «Бір белдеу, бір жол» жобасын бірге салып, ортақ тағдырлар тоғысында алар асулар мен биік белестерді бірге бағындырамыз деп сенемін», деді.

Бейжің, Тяньзинь қалаларының және Хэнань, Хубэй, Хунань про­вин­­цияларының соңғы 40 жыл ішіндегі сәулетті көрі­ніс­тері – көр­менің өзегі. Бейжің қала­сын­дағы Ұлы Қытай қорғаны мен тыйым салынған императорлық қаланың тарихи мұрасынан бастап, Чжунгуаньцун, Банк және қаржы көшесіне дейінгі Қытай астанасының ескі көрінісі мен жаңа келбетін тамашалай аласыз. Сонымен қатар бесінші авенью­дегі Шығыс пен Батыстың үйлесімді қоспасы, Тяньхэ-1 және Тяньцинь порттары сұлулығымен көз тартады.

Люшандағы Шаолин, Лонгмен үңгірлерінің мәдени мұра­сы мен еркін сауда аймағы, Чжэнчжоу әуежайының бүгінгі көрінісі, Хенан провинциясының экономикалық даму үрдісі фото­графтардың объективіне сәтті ілінген. Шанхайгуанның қарқынды импульсі, Пекин-Таяньцинь-Хэбэй интеграциясы, Сунаг ауданының жаңа жобасы, дәстүрлі қытай музы­калық өнері мен аспаптары да көрмеде көрініс тапқан.

Көрмеге қойылған 100-ден аса таңдаулы суреттерден Солтүстік және Орталық Қытайдың тіршілік тынысы мен өмір ағысынан мол хабар алғандай боласың. Жа­ңа за­манның сәулет өнері мен техно­ло­гиялық дамуы да кісі қызы­ғарлықтай.

«Таңғажайып Қытай» фото­көрмесінің топтамасы Қытайдың соңғы бес жыл ішіндегі қол жеткізген тарихи жетістіктерін жан-жақты ашып, реформа мен экономика, сауда, кедейшілікпен күрес, ғылым мен техника, инновация, транспорт, қоршаған ортаны қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әскер құрылысы, сыртқы байланыс сияқты саяси ұстанымдарды да еркін сезіндіреді.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»