Білім • 19 Шілде, 2018

Кәсіптік білім беру саласының күнгейі мен көлеңкесі

636 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Кәсіптік білім беру саласының күнгейі мен көлеңкесі

Көп бейінді кәсіпті меңгерсең, кем болмайсың

– Жақсы комбайншы керек бо­лып тұр, – деген осыдан екі жыл бұрын Зеренді ауданына қа­рас­ты Жаңауыл ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Құ­лан Болатов, – жалпы комбайншы ғана емес, механизаторға да зәруміз.

Кейін бұл зәрулікті талай ес­ті­дік. Облыс орталығындағы ір­гелі оқу орнының қосалқы шаруа­шы­лығында агроном болып еңбек ететін Бауыржан Молдағалиев та қолынан іс келетін, техника тілін түсінетін механизатордың қат екендігін айтып, себебі мен салдарын саралап берген. Оның ең бастысы, кешегі кеңес заманында табаны тастан таймаған тар­ланбоздай адал еңбек еткен алдыңғы лектің зейнеткерлік жасқа толғандығы. Кейінгі толқын өтпелі кезеңнің өкпек желіне тап келді. Уақтылы еңбекақы төлен­беді, төленгеннің өзі мардымсыз болды. Яғни «еңбегі еш, тұзы сор» болғандықтан ел ішіндегі механизатор мамандығының қадірі қаша бастады. Оның үстіне дәл сол уақытта еңбекті бағалауға, қадірлеуге ешкімнің мұршасы болмай қалды. Тағы бір себебі, қазіргі уақытта бұл жұмыстардың маусымдық жұмыс болып қал­ған­дығында. Яғни мықты комбайншы болғаныңмен, жылына ұзаса екі-ақ ай жұмыс істеуің мүмкін. Ал қалған он айда не істемексің? Жал­ғыз комбайншы ғана емес, барлық механизатордың жұмы­сы маусымдық болғалы қашан. Әсіресе қыс айларында шал­ғайдағы шағын ауылдарда табыс табатын  жұмыс орны жоқ. Сондықтан техника тізгіндеген еңбек тарландарының тарихи сабақтастығы дамымай қалды. Бұл даладағы жағдай болса, қа­лада да көптеген мамандық бо­йынша мықты мамандардың қат екендігі жасырын емес. Қала­лық жарнамалық газеттердің бет­терінде газ-электрмен дәнекер­леу­шілер, токарьлар, слесарьлар, мотор жөндеушілер,  кранда жұ­мыс істейтіндер қажет дейтін құ­лақтандырулар өріп жүр. Осы арада бір оқшау ой бар. Техниканың маңайында істейтіндер негізінен өзге жұрттың өкілдері. Кез келген техника жөндеу стансаларына барсаңыз, жергілікті ұлт өкілдерін ілеуде бір кездестірер едіңіз. Ауыл­шаруашылық техникаларын былай қойғанда, жеңіл көліктің қосалқы бөлшектерін сататын да, салып, оңдап беретін де солар. Тіпті өзгесін былай қойғанның өзінде, сағат жөндеп отырған қазақ көргендеріңіз бар ма? Осы бір көптен бері айтылып жүрген көңілсіздеу әңгімені қозғағанда, ұлт бойындағы қабілетті жоққа шығарғымыз келіп отырған жоқ, екі қолына бір күрек таба алмай кәсіпсіз қарап жүрген жастардың жігерін жанып, кәсіптік білім алу керектігін айтқымыз келген.

Ал кәсіптік білімнің көкжиегі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда облыста кәсіптік-техникалық білім берумен 39 колледж айналысады. Олардың 30-ы мемлекеттік болса, қалғандары жекеменшік. Осыншама оқу ор­нында 94 мамандық пен 139 бі­ліктілік санаты бойынша 21 мыңға жуық білім алушылар тәлім-тәрбие алып жатыр. Маңызды жобалар да аз емес. Мәселен, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында 369 білім алушы жаңа кәсіпті игерсе, соның 138-і білім ошақ­тарынан түлеп ұшып, жұмысқа орна­ласып үлгерді. Шарапаты мол іс ауқымын әлі де кеңейту үстін­де. Жаңа оқу жылында бағдар­лама бойынша 210 білім алушы оқуға қабылданып, қазіргі күні болашақ үшін аса қажетті мамандықтарды игеруде.

Әр оқу жылы өткен сайын колледждердегі білім сапасы, тәлім-тәрбие деңгейі де зымыран уақыттың талабына толық жауап берерліктей жетілдірілуде. Көкшетау қаласында үш жоғары колледж болса, Щучье қаласында бір жоғары колледж бар. Бұл колледждердегі оқу-тәрбие процесін өзгелерге үлгі етуге әбден болады. Мәселен, мамандарды жан-жақты, білімді  де білікті кадр ретінде дайындау үшін колледждер өз жұмысын жаңаша оқу жүйесіне байланыс­тыра отырып, ұйымдастыруда. Облыс колледждері модульдік жүйенің тиімді элементтерін сәтті пайдалана отырып, дуалды оқу жүйесін батыл енгізуде. Міне, осындай білім беру саласындағы ілкімді жаңалықтар жүзеге асырыла отырып жаңаша сипат алғанда түлектердің де жұмыс берушінің талғамынан шығатындығы белгілі. Дуалды оқыту жүйесіне көшкен колледж­дер соңғы үш жылдың ішінде 23-ке жетті. Олар дайындайтын мамандықтар да сан алуан. Мәселен, металлургия және машина құрылысы, сервистік қызмет көрсету, көп салалы көлік жүйесі, құрылыс, кен өндірісі және ауыл шаруашылығы.    

Ел Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру бағытын­да жаппай кәсіпкерлікті және ең­бекке орналастырудың тиім­ді­лігін арттыруға арналған 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дарлама шеңберінде биыл облыс колледждерінде жұмысшы мамандығына дайындау үшін 1190 адам қабылданған. Негізінде, колледждердің модульдік білім беру бағдарламаларын оқу про­цесіне енгізу бойынша қабылда­натын кешенді шаралар құзыретті мамандар даярлауға ойысып отыр. Осы ұлан-ғайыр жұмысты атқару «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 77-қадамында да бел­гіленген. Ендігі арада жұмысшы мамандықтары бойынша кадр­лар даярлайтын колледждердің оқыту-өндірістік шеберханалары мен зертханаларын жарақтандыру көкейкесті мәселе. Шынында да, оқу базасының өндірістік талаптарға сай болуы болашақ мамандардың нақты жағдайларға тез бейімделуіне айрықша әсер етпей ме? Ал облыстағы кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің өзекті мәселесі ма­те­риалдық-техникалық базаны заман талабына сай қайта жаң­ғырту болып отыр. Айталық, кей­бір колледждердің тәжіри­белік шеберханаларында ескі үлгі­дегі астық комбайндары мен трак­торлардың құрылысы оқытылуда. Мұны оқып шыққан білім алушылар қалай еңбек етпек? Бұл күнде сау тамтығы қалмаған ескі «Енисей» комбайндары астық алқаптарында жоқ. Облыстық білім басқармасы кәсіптік-техникалық білім беру бөлімінің басшысы Бекжан Сәдуақасовтың айтуына қарағанда, әлі де мұн­дай ескірген материалдық-тех­ни­калық базаның 40 пайызға жуығын жаңғырту қажет.

Енді бір өзектісі, техникалық және кә­сіп­тік білімнің аралас мамандықтар ар­қылы кең бейінді кадрлар даярлау мәсе­ле­сі. Шынтуайтында кең бейінді жұмысшы бі­лік­тілігі бойынша дайындалатын мамандар жұмыстың әлденеше түрін орындай алады. Бұл олардың жұмысқа орналасуын жеңілдетіп, тіпті жоғары жалақы алуға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ колледжде білім алушы­лар­дың өндірістік оқу кезеңін еңбек өтіліне қосу, жергілікті өкілетті органдармен келісе оты­рып, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жү­руді және қажетінше жатақ­ха­налармен қамтамасыз ету жұ­мысшы мамандығының беде­лін көтере түсер еді. Өңірде бі­лім алушылардың 64 пайы­зы тегін оқып жатқанымен, жа­тақ­хана мәселесі туындап отыр. Бар­л­ық колледждің 24 жатақ­ха­­насы болғанымен, әсіресе шалғайдан келген білім алушы­ларды оңтайлы орналастыру­да белгілі бір қиындықтар туды­рып отырғаны тағы рас. Мұн­дай мә­се­ле Көкшетау және Степ­но­го­р қалаларында бар.

Бүгінгі таңда техникалық ма­мандық­тар­дың, ғылым мен инно­вацияның айы оңынан ту­ып тұр. Түптің түбінде ерінбей ең­бек ет­кен, талмай ғылым ізде­ген, жалықпай тех­ника мең­гер­ген адам озады.  «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық бі­лім» жа­ңа жобасының көздеп отыр­­ғаны да осы. Жобаның елі­міз­­дің экономикасын бұдан әрі да­мытуға тигізер ықпалы өте зор. Не­ге десеңіз, үдемелі ин­дус­­триялық-инно­ва­ция­лық да­му бағдарламасын сәтті жү­зеге асы­­ру үшін мыңдаған бі­лік­ті тех­никалық кә­сіби маман­дар дай­ындалып жатыр. Ал қо­ғам­ның өзі тудырып отырған сұра­ныс­­ты күні ертең облыстағы 39 колледж қанағаттандыруға то­лық мүмкіндігі бар.   

Білім мен тәжірибе ұштастырыла жүргізілгенде...

Дуалды оқыту жүйесі – ең алдымен теорияны нақты өнді­ріспен ұштастыру арқылы оқы­ту технологиясы. Алғаш Гер­манияда пайда болып, негізі қа­лан­ған. Өз ісіне мұқият қа­рай­тын неміс ағайын дуалды оқы­ту жүйесінің кәсіби маман­дар даярлаудағы тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігін күн­де­лікті тәжірибесінде дәлелдеп бер­ді. Оларда білім алушылар уақы­тының үштен екі бөлігін өн­дірістен қол үзбей оқиды, ал қал­ған үшінші бөлігін білімге жұм­сайды. Бұл жүйенің негізгі мақ­саты – техникалық-кәсіптік оқу орындарының жұмыс беру­ші жеке секторындағы шаруа­шы­лық ұжымдарымен серіктес ре­тінде бірлесе отырып, нарық зама­нында бәсекелестікке төтеп беруге қабілетті жаңа инно­­ва­циялық-технологиялық бағ­дар­ламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандарын даярлау.

Ауыл шаруашылығы сал­мағы мол сала. Оның мін­деті де көпке белгілі. Осы салаға білікті ма­мандар даярлау мәсе­ле­сі оң шешімін тауып отырғандығын айта кетуіміз керек. Мәселен, Щучье қала­сын­дағы экология және орман шаруа­шы­лығы колледжінің нақты жұмысы «Рес­­публикадағы дуалды оқы­ту жүйесінің стратегиялық алья­нсы» жобасы шеңберінде сапалы инженер-педагогтарды даярлап жатқан оқу орны өзінің оң тәжірибелерімен ерекшеленеді. Кол­ледж негізінде «Ауылша­­руа­шылық техникаларын жөн­деу және техникалық қыз­мет көр­сету» мамандығы ашыл­ды. Бү­гінде колледждің Михаил Перминов, Валерий Щи­пан, Вячеслав Уткин тәрізді оқы­ту­шылары мен Виктор Быченко тәрізді өндірістік оқу шебері Германияның Харзенвинкель қаласындағы AkademuClass өн­дірістік-оқыту орта­лы­ғын­да білік­тіліктерін жетілдіріп келді. Оқу тобының жетекшісі Сергей Бутовтың бас­шылығымен «Jaguar» мал азығын бас­тыратын комбайнға техникалық қыз­мет көрсету ерекшеліктерімен таныс­ты. Танысып қана қойған жоқ, жаңа техниканың құрылысын меңгеріп, үйреніп алды. Колледж оқытушыларының ендігі бір мақсат-мұраты Германиядағы кә­­сіптік-техникалық кадрлар да­­яр­лаудағы озық үлгілерді, ти­­імді тәжірибелерді меңгеру бо­­латын. Жасыратыны жоқ, бү­гінгі таңда жалпы еңбек нары­ғын­да жоғары білікті мамандар тапшылығы сезіліп отыр. Қа­лып­­тасқан жағдайдың негізгі се­бептерінің бірі – білім беру үр­дісін ұйымдастыру, жас ма­ман­ның бойында тәжірибелік дағ­дыны қалыптастыру және  тео­риялық білім берудің өнді­ріс­тік жағдайлардан алшақтап ке­туінде. Егер теория мен тәжі­ри­бенің арасындағы алшақтық білім ошағында жойылмаса, бұл мәселемен жұмыс берушінің өзі күресуге тура келеді. 

Экология және орман ша­руашылығы колледжінің Гер­­маниямен екі арадағы өза­ра тә­жірибе алмасуы өте тиім­ді бо­­лып отыр. Колледж оқы­ту­шы­ла­ры Fricke Claass диллерлік ор­та­лы­ғында болып, тәжірибеден өткізілуде. Бұл арада өндірістік шеберлердің бай тәжірибесін бөлісе отырып, жұмыс істейді. Курс бағдарламасы барынша ауқымды әрі өте тиімді.

Бүгіннің талабы – еңбек на­рығында бәсе­кеге қабілетті бі­лік­ті мамандар дая­р­лау. Осы­ған байланысты ең бас­ты мін­дет – мемлекеттік құры­лым­дар­дың күшін бірік­ті­ріп, жұмыс бе­рушілер мен оқу орындары бірлесіп білім мен тәжірибені ұштастыру. Дуалды жүйе бойынша оқыту өзара байланысты жетілдіре түспек.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»