Бағдарламалар • 19 Шілде, 2018

Халық үшін қолжетімді коттедждер

723 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты тұр­ғын-үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту екені белгілі. Яғни аталған бағдарлама аясында баспаналы бол­ғысы келгендер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ же­лісі арқылы мақсаттарына қол жеткізе алады. «Нұрлы жер» тұр­ғын­дардың мүмкіндігі мен түрлі талап-тілектеріне қарай икем­делетін бағдарлама. Осы орайда соңғы жылдары Ақтөбе аймағында тұрғызылған тұрғын үйлер мен коттедждер туралы айтқымыз келіп отыр. 

Халық үшін қолжетімді коттедждер

Бұлар несімен ерекшеленді? «Нұрлы жер» арқылы үй жағ­дай­ын жақсартқысы келгендер, қазақша айтқанда, «бір оқпен екі қоян­ды атып ала алады». Мұның мәнісі шағын, қолжетімді коттедж алған банк салымшыларына оның жанынан он сотық жер қоса берілетінінде. Бөлінген ау­мақ жер қатынастары жүйесі ар­қылы реттелмек. Бүгінде облыс орталығының іргесіндегі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында жүздеген коттедж бой көтерді. Осы бағыттағы құрылыс жұмыстары одан әрі жалғаса түсуде. Қазіргі таңда бұл маңай­да сегіз түрлі жоба бойынша әр­түр­лі құрылыс-сәулет үлгі­сін­де­гі сәнді де сапалы баспаналар тұр­ғызылған.

Коттедж бағалары қарапайым тұрғындар үшін қол­же­тім­ді. Айталық бір коттедж­де бір не­месе екі отбасының тұру­ы­на мүмкіндік бар. Қай­сы­сын қа­лайды? Мұны банк салым­шы­ла­рының патша көңілдері бі­леді. Үй­лердің аудандары әр­түрлі. Сол секілді түрлендірілген, әрі жан-жақ­ты ойластырылған жо­ба­лар­ға сәйкес «Нұр Ақтөбе» шағын ау­данында үш, төрт, бес және то­ғыз қабатты тұрғын үйлер сән түз­еген. Бұл тұстан да тұрғындар өз мүмкіндіктеріне қарай тиісті таң­даулар жасай алады.

– Мұнда бағасы оңтайлы коттедждер мен сыңғырлаған су жаңа тұрғын үйлерді «көлденең көк аттылар» иемденіп кете алмайды. Бұлардың бәрі тек жер және пәтер алу кезегінде тұрған азаматтар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салымы бар тұрғындарға ғана ұсынылады, – дейді Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова.

Бүгінгі күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында құрылысы аяқталған коттедждерді оның иелеріне бөлу мен өткізу жұмыс­та­­ры жүргізілуде. Мұндағы жай­­лы баспаналар түрлі құры­лыс материалдарын пайдалану арқылы салынған. Оның бірі­нің қабырғасы кірпіштен қа­ланса, екінші бірі жергілікті құ­р­ылыс индустриясының басты өнімдерінің бірі экотоннан тұрғызылған. Сонымен бірге кәдімгі панельден бой көтерген үйлер де бар. Мұндағы ішкі әрлеу жұмыстарының саны мен сапасы банк салымшыларының талғамынан шығып отырғ­а­нының өзі бір мерей десе де бо­лады. Су, көгілдір отын, жы­лу және электр қуаты секілді бар­лық инфрақұрылымдық жүйе­лер тұрғындар игілігі үшін тартыл­ға­ны бөлек бір әңгіменің еншісі.

Қазіргі кезде облыс бойын­ша «Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі» АҚ-тың Ақтөбе филиалында тоқсан мыңға жуық салымшы бар. Осы арада тағы бір айта кетерлік мәселе, бұған дейін аталған банк арқылы пәтер мен коттедж құнын төлеушілерге оның отыз пайыздық мөлшерін жинау міндеттелсе, ендігі жерде алғашқы жарна көлемі жиырма пайызға төмендемек. Бұл өзгеріс республика Үкіметінің биылғы 2018 жылдың 26 маусымындағы шешіміне сәйкес енгізілген. Осыған орай несие бұрынғыша бес пайыздық сыйақымен 21 жыл мерзімге дейін беріле бермек. Бұл өзгерістерге орай бұған дей­ін қолданылып келген ережелер де өзгермек. Яғни жоғарыда ай­­тылғандай, пәтерлер үшін де кот­тедждер үшін де алғашқы жар­­на 20 пайыз көлемінде тө­лен­бек.

Өңірде аталған бағдарламаға қатысу үшін тапсырыс беру­ші­лер қатары жыл сайын кө­бейіп келеді. Бұл көрініс ақтө­беліктер арасында төлем қа­білеті жоғары жандар мен аза­маттардың жеткілікті екенін көр­сетеді. Бұған дейін ел тұрғын­да­ры ішінде коттеджерді тек мил­­лиондаған теңге қомақты қара­жаты бар дәулеттілер мен қал­талылар ғана салып немесе сатып алып тұра алады деген бір­жақты пікір қалыптасқаны жасырын емес. Жоқ, олай емес. Оған табыс көлемі орташа, тіпті одан да төмен тұрғындар да қол жет­кізе алады екен. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бұ­ған басты негіз қалайды. Ал Ақтөбеде өткен жылдан бері пай­далануға беріліп келе жатқан кот­тедждер алдыңғы пікіріміздің басты айғағы болмақ.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»