Парламент • 19 Шілде, 2018

Депутаттар – ел ішінде

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Депутаттар – ел ішінде

Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Абай Тасболатов пен Ольга Шишигина Алматыға жұмыс сапары барысында Оқушылар сарайында партия жобасы аясында ұйымдастырылған IТ сыныпты аралап көрді.

Сыныпта 30 бала екі айдан бері робот техникасы, 3D модельдеу және дизайн бойынша дайындықтан өтуде. Балалар оқу барысында үйренген бағдарламалау жобалары бойынша кейін өз бетінше модельдерді құрастыра алады. Осы ретте Мәжіліс депутаты А.Тасболатов балалардың бұл бағдарламаларға ынталылығына қуанышты екенін жеткізді. «Республика бойынша 1000 сыныпта жарты миллионға жуық оқушы жаңа бағыттағы сапалы білім алуда. Бұл біздің келешекте сұранысы жоғары мамандықтар бойынша нарықты сапалы мамандармен қамтамасыз ете аламыз деген сөз», – деді ол.

Мұнда 12-17 жас аралы­ғын­дағы оқушылар өздерінің кәсіп­керлік және шығармашылық ой­лау дағдыларын дамытуда. Олар қар­жылық сауаттылықтың негіз­дерін үйренуге, көшбасшылық қасиеттерді анықтауға, сондай-ақ идеяларды іс жүзінде іске асыру тәжірибесін игеруге көмектеседі.

***

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров пен Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев Түркістан облысындағы өндіріс ошақтарының жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.

С.Омаров Кентау қала­сын­­дағы индустриялық аймақ­та орналасқан «Юг-Электро­привод» ЖШС тыныс-тірші­лігі­мен танысты. Еңбек ұжымы­мен кездесу барысында комитет төрағасы «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасы», сон­дай-ақ мемлекеттік бағдарла­маларды жүзеге асыруға ықпал ететін заңнамалық нор­малар туралы әңгімеледі. Ал Фах­рид­дин Қаратаев Түлкібас ауданына келіп, «Көктал» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2004 жылы құрылған шаруа қожалығы бүгінгі таңда жеміс-жидек өсірумен және сақтаумен айналысып, онда 30 адам тұрақты жұмыс жасайды. Ал маусымдық кезеңде қожалық 220 адамды жұмыспен қамтиды.

***

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский мен Мәжіліс депутаттары Құралай Қаракен, Сергей Симонов, Михаил Чирков, Дания Еспаева Ақтөбе облысындағы Родниковка ауылының тұрғындарымен кездесті.

Мәртөк ауданына қарасты округте 1385 адам тұрады, олар­дың жартысына жуығы эконо­ми­калық белсенді азаматтар. Олар депутаттармен кездесу барысында бірқатар проблема көтерді. Оның бірі – су жетіс­пеу­шілігі. Ауылдық округтің орта­лықтандырылған су және газ желісімен қамтамасыз етілгеніне қарамастан, су мәселесі тұрғындар үшін өзектілігін жоймай тұр. Бұл туралы аудан әкімдігінің өкілдері мәселенің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 9 млн теңге бөлінгенін айтып, жыл соңына дейін бюджеттік өтінім беріліп, қаражат бөлінген кезде шешілетінін жеткізді. Бұдан басқа, биыл Родниковка ауылында «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша көшелерді жарықтандыруға 1,4 млн теңге бөлінбек.

Өз кезегінде, депутат Г.Щегельский аймақтарға сапар аясында депутаттық топтың Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысында болғанын, кездесулер барысында «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» қалай жүзеге асырылғанын айтып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың оң шешімін тауып жатқанына назар аударды.

Дайындаған Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»