Әлем • 19 Шілде, 2018

Баян-Өлгей аймағы су тасқынынан зардап шекті

990 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының орталығы Өлгей қаласында нөсер жауынның салдарынан 530 үйді су басып қалған. Табиғи апат кезінде 2512 адам эвакуацияланып, мектептер мен балабақшаларға орналастырылды. Апат салдарынан келген шығын көлемі алдын ала болжам бойынша 4 млн АҚШ долларынан асып отыр.

Баян-Өлгей аймағы су тасқынынан зардап шекті

Нөсер жаңбыр шілденің 14-інен бастап жауған. Жаңбыр салдарынан алғашқы күні 275 үй мен қо­ра-қопсы су астында қалса, 16 шілде күнгі жаң­бырдан соң су басқан үйлер саны 530-ға жет­ті. Моңғолияның МОНЦАМЭ агент­ті­гі та­ратқан деректерге қарағанда, та­би­ғи апат ке­зінде 170 адамға медициналық кө­мек көр­се­тілген. Қазіргі таңда аймақ басшы­ла­ры, аймақтың төтенше жағдайлар жө­нін­де­гі қыз­ме­тінің мамандары, мемлекеттік меке­мелердің қыз­меткерлері таудан келетін тас­қынды Қобда өзенінің арнасына қарай бұру ша­раларын ұйымдастырып, күні-түні ке­зек­шілікте тұр. Метеорология қызметінің ма­­мандары нө­сер жаңбыр аталған аймақта шіл­денің 21-іне дей­ін қайталануы мүмкін екен­дігін хабарлауда. Бұл өз кезегінде өңірде сел қаупін күшейтіп, апат шығындарын молай­тып жіберуі мүмкін. Қа­зіргі кезде қалада 100-ге жуық техника апат зардабын жоюмен ай­­налысып жатыр.

Өлгей қаласының кейбір аудандарын 2016 жы­лы да су шайып, тасқынның салдарынан бір бала көз жұмған болатын. Сол жылы Қазақстан Үкіметі сел жүрген Баян-Өлгей аймағына 200 мың АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек берген еді. Ал қазақстандық белсенді азаматтар 2,5 млн теңге, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері мен қоғамдық ұйым­дары 3 млн теңге қаржылай көмек көрсеткен-ді. Сонымен қатар қазақстандықтар табиғат апа­тынан зардап шеккен қандастарға киім-ке­шек пен керек-жарақ жеткізіп берген болат­ын. Би­ыл да қайырымдылық шараларын ұй­ым­дас­ты­рып, басына іс түскен бауырларға жәр­дем ұй­ымдастыруды бастап кеткен азаматтар бар.