Медицина • 20 Шілде, 2018

Суға түскенде сақтық керек

674 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде 2018 жылғы шомылу маусымының өтуіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин қатысты. Вице-министр атап өткендей, шомылу маусымы басталғаннан бері ІІМ әкімдіктермен және мүдделі органдармен бірлесіп тәжірибелік және алдын алу іс-шаралар кешенін жүргізуде. 

Суға түскенде сақтық керек

«Еліміз бойынша шомылуға ар­налған қалалық және же­ке­­меншік жағажайлар анық­талған. Бұл жерлерде ТЖК бө­лімшелерінде арнайы даяр­­­­лықтан өткен қоғамдық құт­­­қарушылар есебінен объектілік құтқару бекеттері құ­­рылған. Су айдындарының қа­уіпті жә­не күзетілмейтін учас­ке­лерінде құтқарушылар ТЖК мо­бильді құтқару бекет­терін ұйым­дас­тырды. ТЖД әкім­­діктермен бір­лесіп шомылуға тыйым салын­ған жерлерді белгіледі. Бұл жерлерге 3 мыңнан астам тыйым салу және ескерту белгілері орнатылды. Алғаш рет биыл еліміз бойынша профилактикалық жұмыс жүргізу үшін еріктілер ұйымдары тартылды. «Жас Отан» жастар қанатымен бірге тиісті жоспар-кесте бекітілді. Атап айтқанда, бар­лығы 2 мыңнан астам волонтер тартылды. Олар 330 акция өткі­зуге, 200 бейнематериал әзір­леуге қатысты, 123 мың үгіт өні­мі таратылды. Халық арасында 300 мыңнан астам үгіт өнім­дері парақшалар, жадынамалар, брошюралар үлестірілді. Мәселен, ағымдағы жылғы сәуірден 16 шілдеге дейін 5 мың­нан астам рейд жүр­гізілді», деді ол.

Сонымен бірге қабылданып жат­қан шараларға қарамастан, шомылуға арнал­маған су айдындарында адамдар­дың қаза болу фактілері тіркелгені туралы ақпарат берілді. Бұл ретте суға батқандардың 85 пайызы шомылу маусымының басында тіркелген.

«Еліміздің су айдындарындағы оқыс жағдайлардың не­гізгі себептеріне тоқталып өтел­ік. Бірінші, өз күштерін толық бағаламау, қатты ағыс, аяқ-қолдарының құрысуы, балық аулау кезіндегі ережелерді сақ­тамау, су айдындарының маңында қараусыз қалған бала­лардың суға түсіп кетуі, жүзе білмеу, мас күйінде шомылу, жү­зу құралдарымен серуендеген кезде суға кету жиі кездеседі», деді ол.

Вице-министр ел азаматта­рын су айдындарындағы қауіпсіздік қағи­даларының талаптарын сақ­тауға ша­қырады.

«Бірінші кезекте тыйым салын­ған және жабдықталмаған орын­дарда шомылмауға, масаң күйінде суға түспеуге, қайықтардан, катер­лерден, айлақтардан, сондай-ақ бейім­делмеген құрылыстардан су­ға секірмеуге, жүзу шегін біл­дірет­ін­ қалтқы белгілерден ас­пауға, жү­зу­ге арналмаған заттар­ды пайдаланып жүзбеуге, тех­никалық және ес­кертетін бел­гілерге, қалтқыларға мін­беуге, балаларға ересектердің қара­уынсыз суға түспеуге кеңес бе­реміз», деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»