Аймақтар • 21 Шілде, 2018

Қостанайда Ұлы Отан соғысының ғасыр жасаған ардагері ұлықталды

1995 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде  арамызда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары өте сиреп кеткені белгілі. Көптеген елді мекендерде соғыс ардагерлері бірлі-жарым ғана немесе тіпті қалған да жоқ. Қостанай қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері және Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаментінің зейнеткері, ішкі істер қызметінің майоры Михаил Степанович Кондратенко ақсақал 100 жасқа толды.

Қостанайда Ұлы Отан соғысының ғасыр жасаған ардагері ұлықталды

Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, өзі қызмет еткен Қостанай облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі бастығының орынбасары, әділет полковнигі Болат Байжанов, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ербол Қаппасов және Қостанай қаласы әкімдігінің қызметкерлері ардагердің үйіне келіп, оны және  отбасын ерекше қуанышымен құттықтады.

 

«Құрметті Михаил Степанович!  Сіздің өміріңіз кейінгі ұрпаққа өнеге, келер ұрпаққа ұмытылмас тарих боларына кәміл сенеміз. Сіздің сұрапыл соғыстағы ерлігіңіз тарихта алтын әріппен жазылды. Осындай бақытты ғұмырыңыз бар сізге зор денсаулық тілейміз, жан жарыңыз Анна Петровнамен бақытты өмір сүре беріңіз», деді полиция полковнигі Ербол Қаппасов. 

Михаил Степанович 1941жылдан 1944 жыл аралығында Ұлы Отан соғысына қатысып, бірнеше рет ерлік көрсеткен. Соғыс аяқталған соң 1948 жылға дейін Қарағанды қаласында әскери тұтқындар үшін лагерь басқармасында нұсқаушы қызметін атқарған. 1949 жылы Қарағандыдағы тұтқындармен жұмыс істеген. Ол 1963 жылы Қостанай облысына қызметке ауысып, Құсмұрын стансасындағы колонияда жедел және режим жұмысы бойынша бастықтың орынбасары болды. Михаил Кондратенко қызметін жақсы және адал атқарғаны үшін тәрбие жұмысының үздігі белгісімен бірнеше рет марапатталған, «Қызыл жұлдыз» ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Жеңістің 20 жылдығы» медальдері және «XXX Кеңес әскері және флоты», «Мінсіз қызметі үшін 1-дәреже» және басқа да көптеген марапаттары бар. 1971 жылы Қостанай облысы 52-ЕТК бастығының орынбасары міндетінен зейнетке шықты.   

Басынан өткен қиындықтарға қарамастан, зайыбы Анна Петровнамен ұл мен қыз өсіріп, қазіргі уақытта немере және шөберелердің атасы. Бір ғасыр жасаған қария әлі де тың, өткен өмір естеліктерін ұмытпаған. Бүгінгі ұрпақтың бақытты болуын тілейді.

«Балалар қазір жақсы заманда өмір сүріп жатыр. Тек еңбек етіп, Отанға адал қызмет етуі керек, сонда ел де, мемлекет те мықты болады», деді  ғасыр жасаған ақсақал. 

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай