Аймақтар • 21 Шілде, 2018

Қостанай облысында жаз басталғалы 12 адам суға кетті

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс өңіріндегі су айдындарында соңғы күндері үш адам суға кетті. Қайғылы жағдайдың орын алу себебі бірден түсінікті болған, олардың барлығы да рұқсат етілмеген, құтқару құралдарымен жабдықталмаған  жерлерде шомылған. Ажал құшқандардың біреуі жасөспірім, екіншісі биыл ғана мектеп бітірген жігіт, үшіншісі ересек адам. Биыл жаз кеш шықса да, шілде айы басталғалы суда ажал құшқан жағдайлар жиілеп кетті.

Қостанай облысында жаз басталғалы 12 адам суға кетті

«Облыс өңіріндегі су айдындарында 12 төтенше жағдай орын алды, соның салдарынан 12 адам суға кетті. Оның  бесеуі бала. Бұл өткен жылдың осы  кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда көп. Өткен жылы осы уақытта су құрбаны болған 7 адамның үшеуі балалар еді», деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Орынбеков. 

Судағы бақытсыз жағдайлар көбіне демалыс күндері орын алады екен. Өйткені адамдар суда демалу, шомылу ережелерін бұзады. Аудандар мен қалаларда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары суға түсу ережелерін түсіндіру жұмыстарын үзбей жүргізеді, бірақ адамдардың оны елемеуі қайғылы жағдайларға  соқтырады.  

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай