Аймақтар • 21 Шілде, 2018

ЖСҚ-ны әзірлеу ісі сылбыр

1807 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кезде тұтастай республикамыз алып құрылыс алаңына айналып бара жатқандай көрінеді. Өйткені еліміздің қай қиырына барсаңыз да қайнаған қызу құрылыс нысандарына тап боларыңыз анық. Театр киім ілгіштен басталса, кез-келген құрылыс ең алдымен  жобалау-сметалық құжаттарды (ЖСҚ) әзірлеуден бастау алмақ. Айталық қазіргі кезде бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттарды уақытты созбай мерзімінде әзірлеудің рөлі мен жауапкершілігі жоғары екені хақ.

ЖСҚ-ны әзірлеу ісі сылбыр

Өйткені бұлай болмаған жағдайда әлеуметтік нысандардың жүзеге асу мерзімі кешеуілдеуі немесе мүлдем тұрғызылмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да өңірдегі облыстық басқармалардың басшылары және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, сондай-ақ жобалау ұйымдары мен құрылыс индустриясы кәсіпорындары басшыларының мұндай сылбыр іс-әрекетке жол бермеуінің пайдасы мен тиімділігі өте мол. Әйтсе де облыста жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеумерзімі сақталмай отыр. Бұл жөнінде жергілікті басылым беттеріне Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Яғни олардың тұжырымдауынша өткен 2017 жылдың желтоқсан айында 2018 жылы бюджеттен 281 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдар нысанының ЖСҚ жасауға қажетті қаражат бөлінге. Әйтсе де бүгінгі күні екінші жартыжылдық кезеңі басталып кеткенніне қарамастан табаны күректей 115 жобаның жобалау сметалық құжаттары әзір болмай отыр екен. Бұл жөнінде Атөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткізілген жиында Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева мәлімдеме жасапты. Бұған дейінгі жүргізілген талдаулар мен сараптамалар орын алған жағдайлардың басты себептері, яғни ЖСҚ-ның дер кезінде әзір болмауының басты мәнісі –конкурстық үдерістер өткізу тәртібінің кеш хабарлануы, әрі ұзақа созылуы деп жазады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ аталған жарияланымда бұған қоса бастапқы деректер мен техникалық жағдайларға қатысты жай-күйді ұсынудың мерзімдері де кешіктірілгені көрсетілген. 

Бұл не деген сөз. Талас жоқ, мұның өзі жоғарыда айтылған аталмыш істің басы-қасында жүргендердің қолында нақты жобалық-сметалық құжаттар жоқ деген ұғым мен түсінікті бермей ме? Мұндай көрініс әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу ісін жергілікті және республикалық бюджеттен қаржы тартуға өз кедергесін тигізбей тұра алмайды. Әрі аталған деректің өзі жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуге жауапты заңды тұлғалардың жауапкершілігі төмен, атқарып жүрген істері сылбыр екенін айғақтаса керек-ті. 

Айталық ЖСҚ-ны жасақтау барысында бағаны негізсіз көтеруді болдырмауды ұдайы назарда ұстау ісінің де алатын орны айырықша. Бұл мақсат өз кезегінде жобалардың сметалық құнын тыңғылықты әрі жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Медальдің екі жағы бар дегендей бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мәселенің осы жағына да жеткілікті түрде көңіл аудармағаны аңғарылады. Сылбырлық қашанда істің нәтижелі аяқталуына кедергі келтіреді. Ендеше бұл айтылғандардан тиісті тұлғалар нақты қорытынды шығарады деген ойдамыз. 

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ