Аймақтар • 22 Шілде, 2018

Шемонаиха тұрғындарына баспана кілті тапсырылды

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы көктем Шығыс тұрғындарына өктем келіп, бірнеше ауданды су алған болатын. Шемонаиха ауданында 23 сағаттың ішінде Уба өзенінің суы арнасынан 1,5 метрге дейін асып, 152 үй тасқын астында қалып, тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген-ді.

Шемонаиха тұрғындарына баспана кілті тапсырылды

Арнайы құрылған комиссия 152 үйдің 13-ін тұруға жарамсыз деп таныған-ды. Қазіргі уақытта ауданда тұруға жарамды 134 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал баспанасы жарамсыз деп танылған үй иелеріне облыс басшылығы жаңадан үй сатып алып береміз деп уәде берген еді. 

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов жақында Шемонаиха ауданына арнайы барып, 12 отбасына баспана кілтін тапсырып қайтты. «25 наурыз күнгі жағдай әлі есімде. Менің үйім суға батып кетті. Іргетасы үш жерден жарылды. Сол кездегі жағдайымды көрсеңіздер ғой. Қаладан жиенім келген болатын. Қорыққанымыз соншалықты, біраз уақытқа дейін ес жинай алмадық. Бұрын тек теледидардан көретін жағдайдың басыма келетінін ойламаған да едім. Қиын сәтте бізбен бірге болған халқыма, әсіресе, Елбасымызға, облыс басшылығына рахметімді айтқым келеді. Апат болған алғашқы күннен әр тұрғынның жағдайын жеке-жеке біліп, үйді-үйді аралап, гуманитарлық көмекке дейін жеткізген «Нұр Отан» партиясына алғысымыз шексіз», - дейді бұрынғы тұрған үйінен әлдеқайда жақсы, қолайлы, 4 бөлмелі баспанаға қол жеткізген Людмила Дегтярева.

Партия филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл күні Шемонаиха тұрғындарына тек пәтер кілті ғана емес, Астанадан арнайы келген «Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қызметкерлердің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы бірнеше тұрмыстық техникаларды тарту етіпті. Нақтырақ айтсақ, олар өздерімен бірге 18 тоңазытқыш, 7 кір жуатын машина, 8 теледидар алып келіпті.
«Ауданда жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тамыздың аяғына дейін 126 үйдегі жөндеу толық аяқталады. Жұмыс барысы толық бақылауда. Аудандық әкімдіктің алдына қойылған міндет бар. Сондықтан тасқыннан зардап шеккен халықты қалыпты тіршілігіне оралту күн тәртібіндегі басты мәселе», - дейді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонаиха ауданы

Суреттер «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметінен алынды

Соңғы жаңалықтар