Қазақстан • 23 Шілде, 2018

Астыққа орақ түскен шақ

523 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем елдеріндегі астық шы­ғым­дылығына талдау жасаған Халық­аралық астық кеңесі биыл Қазақстанда 17,8 миллион тонна өнім жиналады деп болжам жасап отыр. Ұйым сарапшыларының бағалауы бойынша, мұның 13,7 миллион тоннасын бидай өнімі құрамақ.

Астыққа орақ түскен шақ

Егер еліміздің өткен жылы 19,3 миллион тонна астық алғандығын, оның 14,8 миллион тоннасын бидай құрағандығын еске алсақ, Халықаралық астық кеңесінің биылғы болжамы едәуір деңгейде төмен белгіленгендігін байқауға болады.

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде басталып кеткен астық бастыру науқанының алғашқы нәтижелері халықаралық ұйым болжамының дұрыстығын көрсеткендей. Осы өңірлердегі облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының «Қазақ Зерно» сайты жариялаған мәліметтері бо­йынша, үстіміздегі жылдың 17 шілдесінде оңтүстік өңірлерде әзірге 354,6 мың тоннаның астығы бастырылған, яғни егіс алқаптарының 16,7 пайызы жиналған. Әр гектардың орташа өнімділігі 20 центнерді құраған. Ал дәл осы мерзімде былтыр осы өңірден 498,9 мың тоннаның астық өнімі бастырылып, әр гектардан орта есеппен 22,7 центнерден өнім алынғандығын ескерсек, биыл былтырғыдай өнімге қол жеткізу қиынға түсетіндігін байқауға болады.

Рас, жерінің кеңдігінен Қазақстанда артық астық өндіру проблемасы бұрыннан бар. Кеңес одағы кезінде бұл проблема сезілмейтін. Керісінше қамбаға мил­лиард пұт астық құйылған жылдары ерекше марапатқа ие болып жататынбыз. Ал еліміз нарықтық қатынастарға көшірілгеннен бері мол өскен астықты сыртқа шығарып сату кезінде бұл жағдайдың бағаға едәуір әсер ететіндігі белгілі болды. Астық мол өскен жылдары оны сақтау проблемасымен қатар бағаның құлдырауы да жиі сезіліп, диқан қауымның еңбегі еш кеткен жағдайлар кезікті. Осы проблеманың бір шешімі ретінде егіс алқаптарының көлемін әртараптандыру саясаты алға шықты. Сөйтіп астықтың артық егіс көлемі бірте-бірте қысқартылып, оның орнына өзімізге жетпейтін, бағасы жоғары басқа ауылшаруашылық дақылдары егіле бас­тады.

Осы саясатқа сәйкес Қазақстан биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жоспары бо­йынша бидай егістіктерінің көлемін 500 мың гектардан астамға қысқарта түсуді көздеген еді. Бұл жайында Үкіметте көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндаған Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев тағы да атап өтті. «Алдын ала берілген мәліметтер бо­йынша биыл еліміздегі ауылшаруашылық дақылдарының жалпы егіс көлемі 21,8 миллион гектарды құрап, былтырғы көлемде қалмақ. Соның ішінде астық дақылдарының егіс көлемі 14,7 миллион гектарды құраса, мұндағы бидайдың үлесі 11,4 миллион гектар болады деп жоспарланды. Осыған сәйкес бидай егістігінің көлемі биыл былтырғы көрсеткіштен 544 мың гектарға азая түсуге тиіс» деген еді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар биылғы ауа райы жағдайы да егіс шығымдылығына елеулі әсер ететіндігі анық. Қазақстандағы астық дақылдарының орасан зор бөлігі климаттық тұрғыдан тәуекелді аймақтарда шоғырланғандықтан бұл фактордың маңызын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Әзірге биылғы ауа райына бәлендей өкпе жоқ. Дегенмен көктемнің салқын болып, жаздың жай шығуы, оның үстіне соңғы кездері күннің ысып тұрып алуы еліміздің солтүстігінде орналасқан диқан қауымды едәуір әбігерге түсіргендігін айта кетсек артық болмас. Себебі, әзірге өзінің өсу сатыларынан толық өтпеген астық мезгілі жетпей пісіп кетіп, шығымдылыққа едәуір әсер етуі және ысырапқа ұрынуы мүмкін.

Бірақ әзірге қорқынышты ештеме жоқ көрінеді. Мәселен Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сембай Сағындықов бұл жөнінде: «Соңғы кездері өңірімізде тұрақ­тап тұрып алған ыстық күндер ауылша­руашылық дақылдарының өсуіне едәуір қолайсыздық келтіргенімен әзірге егіс алқаптарының жағдайы жаман емес. Біз бұл мәселеге арнайы зерттеу жасап көрдік. 4 миллион 48 мың гектар егістіктің 3 миллион 93 мың гектары немесе 76 па­йызы – жақсы жағдайда, 940 мың гектары немесе 23 пайызы – қанағаттанарлық деңгейде, тек 14 мың гектары немесе 0,3 пайызы ғана нашар жағдайда екендігін анықтадық» дейді.

Сонымен биыл астық дақылдарының, әсіресе, Қазақстанның негізгі ауылша­руа­шылық өнімі бидайдың көлемі былтыр­дан төмен болатындығы қазірдің өзінде белгілі бола түскендей. Бірақ бұдан келетін зиян да жоқ секілді. Өйткені оның шығымдылығы жылдар бойы қалыптасқан деңгейде қамтамасыз етілді. Керісінше, астық бағасының өсуінен үміт бар. Қазақстанның сауда биржасындағы 3 сыныпты бидай тоннасының бағасы әзірге 40-45 мың теңге аралығында құбылып тұр. Уақыт өте келе көтеріле түсуі де әбден мүмкін.

Астық шаруашылығына қатысты биыл­ғы науқанның бір жаңалығы  көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруаларға бөлінетін жеңілдікті дизель отыны биыл алғаш рет электронды формат жағдайында бөліне бастады. Әзірге бұл үрдіс Павлодар облысынан бастау алып отыр. Осы электрондық платформаны әзірлеген мамандардың айтуынша, енді оған басқа да өңірлерді қосуға болады, тек өңір басшыларының осы іске деген ынтасы қажет. Ал жеңілдікті жанар-жағар майды онлайн қызметі арқылы бөлудің тиімділігі үлкен болмақ. Өйткені осы арқылы бюрократтық кедергілер
азайып, бөлу жұмыстары ашық және қолайлы жүргізілмек.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»