Медицина • 23 Шілде, 2018

Индустрияландыру бағытында өсім бар

413 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы есептік кездесуінің қорытындысы ретінде баспасөз конференциясын өткізді. Министрдің айтуынша, Индустрияландыру бағдарламасы өңдеу секторының дамуына оң әсер еткенін көрсетіп отыр.

Индустрияландыру бағытында өсім бар

«Биылғы бірінші жарты­жыл­дықта өңдеу секторы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 5,2%-ке өсті. Индус­триялық дамудың негізгі көрсет­кіштері бойынша да оң ди­намика байқалып отыр. Биылғы қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,1%-ке артып, 2,5 млрд АҚШ долларына жетті. 2018 жылдың қаңтар-мау­сымында өңдеу өнеркәсібіне са­лын­ған инвестиция көлемі 18,2%-ке өсіп, 532,8 млрд тең­гені құрады», деп атап өтті Ж.Қа­сымбек.

Индустрияландыру бас­тал­ғалы бері (2010-2017жж.) бар­лығы 6,6 трлн теңге болатын 1148 жоба іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашыл­ды. Биыл жалпы сомасы 850 млрд теңге болатын 123 жоба­ны іске қосу жоспарланып отыр. Онда 14 мыңнан астам жұ­мыс орны ашылатын болады. Ведомство басшысының ақпа­раты бойынша, биылғы 1-тоқсанда тікелей шетелдік ин­вес­тицияның жалпы ағыны 6,7 млрд долларды құрап, 24,4%-ке өсті.

«Индустрияландыру бағ­дар­ламасы аясындағы салалар инвестиция үшін тартымды болып келеді. Тікелей шетелдік инвестиция құрылымында өңдеу өнер­кәсібінің үлесі шамамен
3 есе өсті. Негізгі капиталға са­лын­­ған инвестициялардың жал­пы көлемі 2018 жылдың 6 айын­­да 4,5 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда 25,8%-ке ар­тық. Біз 59 миллиард дол­лар­дан асатын 658 инвес­ти­ция­лық жобаның негізгі тізбе­сін құр­дық, бұл 2020 жылға дейін жү­зеге асырылады», деді инвес­ти­циялық жобалар туралы айтқан министр.

Құрылыс саласында биыл 12,1 млн шаршы метр тұрғын үй­ді немесе 103 мыңнан астам бас­пананы пайдалануға беру жос­парланып отыр. Тұрғын үй құрылысына 513,3 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылғыдан 28,4%-ке жоғары. Рес­­публика бойынша 49 667 баспа­на пайдалануға берілді, оның ішінде 20 532 жеке үй бар.

«Мемлекет басшысының бас­тамасы бойынша ипотека­ны одан әрі дамыту және төлем қа­білеті бар халықты қолдау мақ­сатында «7 – 20 – 25» жаңа ипоте­калық несиелендіру бағдар­ламасы енгізілді. Төмен пайызды ипотека жаңа құрылыстан бас­пана алуға беріледі. Ұлттық банктің дерегі бойынша биыл 4 шілдеден бастап кредиттік комиссияның қарауына өті­ніш­тер түсе бастады. Бүгінде 148 өтініш жолданып, 1,1 млрд теңге болатын 95 ипотекалық кредитті беру мақұлданды», деп хабарлады министр Ж. Қасымбек.

Еліміздің көлік саласы да өсім динамикасын көрсетіп отыр. Барлық көлік түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 6,4%-ке өсіп, 1,8 млрд тоннаны құрады. 6 айдың қорытындысы бойынша транзиттің жалпы көлемі 8,5 млн тоннаға жетті. Бұл 2017 жылдың (7,8 млн тонна) сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 9%-ке артық. Контейнерлік тасымал көлемі 206 мың контейнерді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ке артты (2017 жылдың 1 жар­ты­жылдығында – 148 мың ЖФЭ). Соның ішінде Қытай – Еуро­па – Қытай бағыты бо­йынша аталған көрсеткіш 101 мың контейнерге жетті. Бұл 38%-ке артық (73,1 мың ЖФЭ). Азаматтық авиация саласында жолаушылар ағы­ны­ның тұрақты өсім қарқыны сақ­талуда. 2018 жылдың 6 айын­да тасымалданған әуе жолаушы­ларының өсімі 19%-ті немесе 3,8 млн адамды құрады (2017 жылы 3,2 млн адам). Халықаралық ба­ғыт­тарға ұшу географиясы кеңеюде.

«Былтыр 10 жаңа халық­аралық әуе қатынасы ашылды. Биыл жыл басынан бері 12 халық­аралық маршрут ашылды. Оның ішінде қазақстандық әуе тасымалдаушылар Атырау – Франк­фурт, Астана – Қазан, Аста­на – Түмен, Астана – Вильнюс, Астана – Челябі, Астана – Крас­нодар, Астана –Том, Ас­тана – Сочи бағыттарын орындайды. Сондай-ақ шетелдік тасымалдаушылар орындайтын Рига – Алматы («AirBaltic»), Но­восібір – Павлодар («Си­бирь»), Краснояр – Алматы («Ангара»), Мәскеу – Қызылорда («Аэрофлот») жаңа әуе мар­шруттары ашылды», деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Рауан Қайдар,

«Егемен Қазақстан»