Қазақстан • 23 Шілде, 2018

Қылмыстың ұсақ-түйегі болмайды

633 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Белгілі спортшы Денис Теннің Алматының қақ ортасында, тал түсте қас­­көйлердің қарулы шабуылына ұшы­рап, опат болуы ішкі істер ми­ни­с­трлігі тарапынан әлі де көңіл ауда­­рарлық мәселелердің жеткілікті екен­дігін айғақтап отыр. Марқұмның атағы жер жарып, беделі аспандап тұр­ма­ғанда бұл оқиға полицейлер үшін қа­тардағы қылмыстардың бірі болып қа­луы да мүмкін еді. Бірақ қоғамдағы жаң­ғырық бұл жолы қатты және талап­шыл­дығымен ерекшеленіп отыр.

Қылмыстың ұсақ-түйегі болмайды

Күдіктілер бір қарағанда орташа ауыр қылмысқа барды. Өзінің мүлкін қор­­ғауға бекінген жәбірленуші қас­көй­лердің әрекетіне жол бермеуге ты­рысты. Ұрлыққа әбден машық­тан­ған, дәніккен ұрылар күтпеген қар­сы­лыққа қарумен жауап қайтарып, аса ауыр қылмыс жасап, қолдарын қан­ға малды. Таяуда ғана полицей­лер ауыр, орташа және ауыр емес қыл­мыс саны, сон­дай-ақ бұзақылық, зор­лау, тонау және ұрлау қылмыстары қыс­­қа­р­ғандығын баяндаған болатын.

Сөй­­те тұра қасақана кісі өлтіру, қара­қ­­шы­лық шабуыл және өзге де ауыр қыл­мыс­тарды ашу және тергеу бой­ынша қыл­­мыстық-процестік және же­дел-іздестіру қызметінің, сонымен бірге пробация есебінде тұрған адам­дардың қайталап қылмыс жасау­ының алдын алуды жандандыру қажет екен­дігін мойындаған болатын.

Міне, ішкі істер органдары сөзден іске көшіп үлгергенше, елімізді дүр сіл­кіндірген оқиға орын алып, қалың қазақ­тың қабырғасын қайыстырып кет­ті. Тиісінше әлеуметтік желіде пікір қалдырған оқырмандар ішкі істер орган­­дарын жағымсыз пікірлермен аяу­сыз төпелеп, полицияның беде­лін теңселтіп-ақ тұр. Олардың маз­мұ­ны тоғыс­қан тұс мынадай: ел аза­маттарының қауіпсіздігі қорғал­май­­ды, қылмыскерлер еркін сайран­дап ашық әрекеттерге көшкен. Де­мек, ал­дын алу шараларының мардым­сыз­дығын айтпағанда, халыққа ақпарат жеткізу саласы, құлақтандыру қағидалары ақсап тұр.

Осы оқиғаға байланысты ақпа­рат­тық тепкіні көтере алмаған Алматы по­лицейлері Денис Теннің өлімінен соң автокөлікке қатысты қылмыстарға байланысты баспасөз мәслихатын өткізуге мәжбүр болды. Олардың айтуларына қарағанда, Алматыда биыл автокөлік тонаған 165 адам ұсталған. Алматы қалалық ІІД Бөтеннің мүлкін ұрлауды әшкерелеу бөлімінің басшысы Алексей Стрельцов ұсталғандардың 99 пайызы жұмыссыздар екендігін айтып қалды.

– 165 адамның ішінен 73 адам –Алматыға сырттан келгендер. Бұл жал­пы алғанда қылмыскерлердің 44 пай­ызы. Қалған адамдар да Алматыға сырт­­тан келіп, уақытша тіркелген адам­­дар болуы мүмкін. Негізінен мұн­­дай қылмысты сырттан келгендер жасай­ды, – деді
А.Стрельцов.

Теннің өлі­мі­не күдікті екі адамның бірі – Жамбыл, бірі – Қызылорда облы­сы­ның тумасы. Бұл дәйекпен қыл­мыс­тың алдын алудың жүгін өзге өңір­лердегі әріптестеріне ысыра салу­дан оңайы жоқ. Ал осыдан аз уақыт бұрын тұрғылықты жерінде уақыт­ша тіркелмеген азаматтарды әшке­ре­леп, айыппұлдармен төпеп, туған өлке­сіне жер аударуға дайын тұрған поли­ция­ның бұрынғы айбыны қайда кетті?

Стрельцовтің айтуынша, Алматы­дағы автокөлікке қатысты қыл­мыс­тардың көбі Алмалы, Әуезов, Бостан­дық аудандарында кешқұрым уақыт­та жасалады екен. Тек биыл ғана Алматыда 1688 көлік тонау дерегі тіркелген. Былтырғы тіркелген осы тектес қылмыс – 2310. Өткен жылмен салыстырғанда қылмыстың ашылуында да сәл-пәл өсім бар.

Бірақ полицейлер қылмыс құр­­баны болған әрбір азаматтың құ­қық­­тары, қауіпсіздігі жоғары заң­дар­­мен қорғалатындығын қаперге ала бер­мейтін сияқты. Өйткені осы бас­­па­сөз мәс­лихатында полиция бас­шы­лы­ғы ұрланған қосалқы бөл­шект­ер сау­дала­натын базарлар мен сауда орта­лық­тарын да атап өтті.

А.Стрельцовтің айтуына қара­ған­да, «КарСити» мен «Тұл­пар» базарларының сатушыла­ры ұрлан­ған көлік бөлшек­терінің сау­­да­сын жүр­гізуге бейім келеді екен. Поли­цей­­лер авто бөлшектеу орын­да­ры­ның да тізімі бар екендігін жасыр­ма­ды. Қаскөйлер, сондай-ақ «Лек­сус», «Тойота» және «Лэнд крузер» авток­ө­лік­терін жиі нысанаға ала­тын­дығы да айтылды. Қымбат көліктің қо­са­л­-
қ­ы бөлшегі де арзан еместігі және үне­мі сұраныс жоғары болатындығы тү­сі­нікті.

Денистің өлімінен соң журналистік зерттеу жүргізген бірқатар әріптес­те­ріміз жоғарыда аталған сауда орын­дарында бұрын қолданылған айна­лар­дың бағасы 40-60 мың теңгенің ара­лығында сатылатындығына көз жет­кізген. Айналып келгенде атпалдай азаматтың құны да осы бөлшектің баға­сы­мен өлшеніп жатқандығын еріксіз мойындауға тура келеді.

Осы болмашы деректердің өзіне қарап отырып, Алматыда көлік тонау, ұрланған қосалқы бөлшектерді өткізу, сату жүйесі жолға қойылғандай сез­іледі. Өйткені соңғы күндері ға­на әлеу­меттік желілерде көліктері то­­нал­ған эстрада өкілдерінен бас­тап, қоғамға белгілі азаматтардың за­ры бұн­дай қылмыстардың ашылмай қа­латындығы, қалталылар үшін арыз­данып, уақыт жоғалтудан гөрі бас­қа бөлшек – айна сатып алудың тиімді болғандығын аңғарамыз. Мі­не, әккі ұрылар іздеушісі жоқ мү­лік­­ке қырғидай тиеді, ал жәбір­ле­ну­шілер көп жағдайда өзі­нің немесе тағ­дырластарының мүл­кін қайта сатып алуда. Осы арада полицияның осын­­дай қылмысты тек сырттай ба­қы­лаушылық рөлі елді ашын­дыруда. Өйткені, осы оқиғадан екі тәулік өткен соң Денис қанға ма­лын­ған орыннан 150 метрде тағы бір азаматтың көлігі зақымданған. Тонау­шылардың әбден дандайсып, беті­мен кеткендігін қоғам көріп отыр.

Бір өкініштісі, мұндай оқиғалар бюд­жеттің миллиондаған қаржысына са­тып алынып, жол бойына ілінген бей­не бақылау камераларына іліге бер­мейді. Қылмыстың алдын алуға, ізін суытпай ашуға бағытталған мұн­дай құрылғылардың тиімділігін де құ­зыр­лы орындар тексере жатар. Айт­пақшы, өткен жылдары ақтөбелік про­курорлар көшедегі 80 камераның іс­тен шыққандығын мәлімдеуі мұң еді, әкімдік пен ішкі істер органдары өре түрегеліп, ақталып әлек болды. Мұн­дай текетірес ұсақ қылмыстардың ал­дын алуға, кінәлілердің көптеп жазалануына кедергісін тигізетіні анық және байтақ елімізге ортақ мәселе екендігі даусыз.

Ұсақ, болмашы құқық бұзушы­лық­тарды түбегейлі жою арқылы ауыр қылмыстың алдын алуда әлемде озық тәжірибелер жеткілікті. Денис Теннің қазасына қайғырған жұрт ес жиып үлгермей жатып Ақтау қа­ласында 32 жастағы жігіт­тің қыл­мыс­керлер қолынан қаза тап­қан­дығы және бұл жерде де қарудың пы­шақ болғандығы айтылуда. Өрімдей жастардың өліміне қыл­мыс­тың алдын алуға бағытталған жұ­мыс­тардың тиімсіздігінің өлшемі тер­геу барысында анықталуы тиіс. Кінә­лілер де жазасыз қалмайды деп сенеміз.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар