Медицина • 23 Шілде, 2018

Қапияда кеткен қырандар

1422 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«19 шілде күні тападай тал түсте Алматының қақ ортасын­да даңқты спортшы Денис Тен қан­дықол қарақшылардың қо­лы­­нан қаза тапты» деген ха­бар жаһанға тарады. Бұл күн­дері баспасөз беттерінде осы та­қы­рыпта жазылған құлаш-құ­лаш мақалалар жарық көріп, әлеу­меттік желілерде осы істің мән-жайы терең талқыға түсуде. Қазақ­станның билік басындағы аза­маттары мен шетелдің атақ­ты спортшыларынан бастап, қатар­дағы қарапайым жұртқа дей­ін чемпионның отбасына қайғырып көңіл айтуда.  

Қапияда кеткен қырандар

Өткенге зер салсақ, қазақ спортын­да­ғы қайғылы оқиғалар осымен ғана шектелмейтініне көз жеткіземіз. Тоқ­са­ныншы жылдардағы елдегі эко­но­микалық дағдарыс көптеген спорт­шылардың теріс жолға түсуіне әсер етті. Дәл сол кездері «рэкет», «раз­борка», «киллер» және тағы да бас­қа сөздерді күн сайын естіп жүр­дік. Тапсырыспен адам өлтіру, із-түссіз жо­ғалып кету, ақша бопсалау, ке­піл­­­дікке кісі алу, дүйім жұ­рт­тың көз алдында соққыға жығу се­кіл­ді қыл­мыс­тың түр-түрінің нағыз өр­ші­ген тұсы да сол. Өкінішке қарай, сол бір жаман үрдіс бүгінге дейін жал­ға­су­­да. Біз бүгінгі мақаламызда адам қо­лы­­нан қаза тапқан атақты спортшы­ла­р мен білікті бапкерлер жайында әң­гі­ме­леуді жөн көріп отырмыз.

1995 жыл. Алматыдағы Төле би және Ясауи көшелерінің қиылысында тұрған «Мерседестің» ішінен кикбокстан аса ауыр салмақтағы Қазақстан­ның бірнеше дүркін чемпионы Ерхан Сады­қовтың денесі табылды. Біраз уақы­т­тан соң қылмысқа қатысы бар күдік­ті ұсталды. Ол өзінің досы екен. Құрдасының күннен-күнге дәу­ле­ті тасып, тасы өрге домалай бас­та­ғанын көре алмаған жендет өзінің же­ке көлігінде еш алаңсыз отырған Ерханға тапанша кезенген. Қазір сол жерде кішкентай құлпытас тұр. Сыр­ты шынжырмен қоршаулы. Құл­пы­таста боксшының былғары қол­ғабы бейнеленген. Тасқа ойылып тұ­рып жазылған жазуды оқыған адам ба­ласының ет-жүрегі елжіремеуі мүм­кін емес: «О, Тағдыр! Ерхан Ерсай­ы­нұлы. 1973 туған. 1995 жылы қайтыс болды».

1996 жыл. Сол жылы елді дүр­лік­тірген екі бірдей оқиға болды. КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Мұрат Жексембековтің Алматыдағы пә­те­ріне енген жауыз жиырма жерден пышақ салып, 55 жастағы азаматты асқан айуандықпен өлтірді. Иә, Жексембековті жанкүйерлер жақсы біледі. Ол көгалдағы хоккейдің хас шебері еді. Мұрат оң қолмен де, сол қолмен де керемет соққы жасай білетін. Спорттың бұл түрінде ондай әмбебап ойыншылар сирек еді. Алматының даңқты «Динамо» клубының капитаны болған қандасымыз 18 рет Одақ біріншілігінің жеңімпазы атанды.

Дәл сол жылы Шымкентте профес­сор, педагогика ғылымдарының док­торы, Педагогика ғылымдары ака­де­миясының академигі, Оңтүс­тік Қазақстан облысындағы іргелі жоғары оқу орнының бірінің ірге­та­сын қалаушы Мардан Сапарбаев кил­лердің қолынан қаза тапты. Ғы­лым мен спортты ұштастыра білген аза­мат кезінде грек-рим күресінен КСРО спорт шебері атанса, одан кейін көптеген мықты шәкірт тәрбиеледі. Басшылық қызмет атқарған жылдары Мардан мырза Оңтүстік өңірі спортын дамытуға орасан зор еңбек сіңірді. Өкінштісі, 54 жастағы азаматқа оқ атқан қандықол қарақшы табылған жоқ.

1998 жыл. Сәуір айы бел ортаға жеткен тұста Қазақстан Республикасы таэк­вондо федерациясының прези­денті Бексейіт Түлкиевтің қарақшылар қолынан қаза тапқаны жайында жайсыз хабар жер жаһанды шарлады. Алматыдағы үйінің маңына жетіп, кө­лігін тұраққа қойып жатқанда тұт­қиылдан шыға келген бәзбіреу атақты спортшыға пышақ салды. Қылмыскер сол күйі ұсталмай кетті.

Бексейіт Түлкиев феномен еді. Ол жекпе-жек өнерінің бірнеше түрін еркін меңгерді. Досы мұзбалақ Мұс­та­фа Өзтүрікпен бірге еліміздің әр аймағында таэквондоның дамуы­на өлшеусіз үлес қосты. Өзі сол ұйым­ды басқарды. Ал оның сурет­ші­лік шеберлігі жайында әңгіме тіп­тен бөлек. Бексейіттің «3амандастар», «Әке», «Ата-баба жері», «Сурет­ші­нің түсі», «Әже», «Әкені майданға шы­ғарып салу», «Түсіру алаңы» секіл­ді кескіндемелік туындылары көп­ші­лік­ке танымал.

2000 жыл. 3 мамырда Оралда түн бел ортадан ауған тұста самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері 37 жастағы Асқар Шайхиев өз үйінің іргесіне келіп, таксиден түскелі жатқан еді. Сол мезетте бетін тұмшалап алып, Макаров тапаншасымен қаруланған жендет оған оқ жаудырды. Атылған оқтың төртеуі де саңлаққа дәл тиді. Киллер көлікті айналып, тапаншаны жүргізушінің маң­дайына кезеді. Бірақ шүріппені бас­пады. Жүргізуші мен оның серігі аман қал­ды. Асқардың да өліміне кінәлі адам табылмады. Бұл да тапсы­рыспен жа­салған қылмыс екені еш күмән туғызбайды. Ел арасында «киллер Ресейге өтіп кетті» деген де әңгімелер айтылуда. Осылайша, Алаш жұрты тағы бір асыл азаматынан айырылды...

2001 жыл. Ақпан айының аязында Қарағанды қаласында орын алған оқиға еске түссе, әлі де жаның түр­шігеді. Сол кеште «Офсайд» дәм­ха­насында қонақтар бейқам демалып отырған. Бір мезетте баса-көктеп кірген он шақты жігіт қонақтардың біразын сыртқа шығарып жіберіп, бір­азын іште қалдырады. Содан олар отыр­ған жерге «Калашников» автома­тымен оқ жаудырады. Біраз уақыт өте қылмыс орнына жеткен полицейлер дәмхананың ішінен бес адамның мәйітін табады. Жан тәсілім еткендер арасында бокстан КСРО және Азия чем­пионы, Атланта Олимпиадасына қа­тысушы 29 жастағы Бектас Әбубә­кі­ров та бар еді.

12 тамызда тападай тал түсте қол кү­ресінен әлем чемпионы Вячеслав Чиванинді үйінің іргесінде белгісіз біреу атып өлтірді. Киллер оқиға бол­ған жерден лезде ізін суытып үлгереді. 44 жастағы спортшы сол жерде жан тәсілім етті. Табаны күректей 17 жыл өтсе де қылмысқа қатысы бар еш­кім ұсталмады. Жалпы Чиваниннің өмі­рі шытырман оқиғаларға толды. 1974-1987 жылдары аралығында ол алая­қтық, бопсалау және басқа да қыл­мыс түрлерімен айналысып, үш рет темір торға тоғытылды. Әсіресе, Вячес­лавтың қандай әккі алаяқ бол­ғанын құқық қорғау органдары зей­нет­керлерінің аузынан сан мәрте ес­ті­генбіз. Бұл жайында фильм де тү­сі­ріл­ді, баспасөз беттерінде бірнеше мақала жарық көрді.

2002 жыл. 14 маусымда қазақ жан­күйе­рлері қара жамылды. Алматыдағы көп қабатты үйлердің бірінде орна­лас­қан пәтерінің қасына жеткен тұста жендет әйгілі боксшы, даңқты бапкер Әбдісалан Нұрмахановқа ту сыртынан оқ атты. 66 жастағы абыз ақсақал сол жерде жан тәсілім етті. Бокс өнерін серік еткен қасиетті Түркістанның түлегі аса ауыр салмақта жұдырықтасып, биік белестерді ба­ғындырған тұңғыш қазақ. ГАНЕФО ойын­дарында топ жарып, КСРО чем­пионаты мен КСРО халықтары Спар­та­киадасында жүлдегерлер қатарынан бірнеше рет көрінген нар тұлғалы азамат көптеген халықаралық жарыста да жасындай жарқырады. Кеңес Одағы бапкерлері іштарлық танытпағанда Нұрмахановтың бағындырар белестері одан да биік болатыны даусыз еді. Кейіннен бапкерліктің қамытын киіп, талай талантты жастың томағасын сы­пырды.

1996 жылы Қазақстан құ­ра­масын Атланта Олимпиадасына бас­тап апарып, зор табысқа қол жет­кізді. Сол жылдың жазында бол­ған оқиғадан соң барша халық «Қазақ­тың аса қадірлі ақсақалын өлім­ге қи­ған кім екен?», деп қатты қай­ғыр­ды. Көп ұзамай қылмыскерлер қол­ға түсіп, тиісті жазаларын ал­ды. Құзырлы органдарға сенсек, Алматы қаласы Әуезов ауданындағы уа­қыт­­ша автотұрақтардың бастығы қыз­метін атқарып жүрген Әбдісалан Нұр­­махановтың ізіне Владимир Ко­нев есімді қарақшы түскен екен.

Ол ке­зін­де бессайыспен айналысып, спорт ше­бері дәрежесіне дейін жет­кен. Сол кездері Конев Әбекең бас­шылық ететін тұрақтардың бірінде нәп­ақасын тауып жүрген. Бастығын то­нап, мол олжаға кенелуді мақсат тұт­қан ол сыбайласымен бірге астыртын жоспарын жүзеге асырады. К­е­мінде 50 мың АҚШ долларын қал­таға басамыз деген оймен қазақ бокс­ы­ның қара нарын өлтірген олар 200 мың теңгені олжалаумен шектелген кө­рі­неді.

2004 жыл. Семейдегі «Полковник» ара­лында інісі әрі шәкірті Дарын Сайын­ды кезекті жарысқа әзірлеп жат­­қан жас бапкерді таныс жігіті із­деп келіп, тысқары жерге шақырады. Бі­раз уақыт өткеннен кейін екеуі сөз­ге келісе алмай, ақыры жанжалға ұлас­­ты. Жекпе-жекке шықса, жеңе ал­­май­­тынына көзі жеткен қарсыласы сөм­­кесінен мылтығын шығарды. Тарс ет­кен дыбыс алысқа естіледі. Сөйтіп жа­сы отызға да толмаған өрімдей жас азамат Сайын жарық дүниемен қош айтысты.

2008 жыл. Қаңтардың 1-нен 2-не қараған түні бокстан жас­тар арасында әлем біріншілігінің жүл­де­гері­ Мұхтар Рұзбаевтың МАИ қыз­мет­керлері қолынан қаза тапқаны жайында ақпарат ел-жұртты елең еткізді. Сақшылардың сөзіне сенсек, Сей­фуллин көшесі мен Райымбек даң­ғылының қиылысында олар «Тойота-Сюрф» көлігін тоқтатқан. Ішінен атып шыққан үш жігіт полицейлерге шабуыл жасап, өздерін тарпа бас салады. Бар пәле содан басталған. Ал жәбірленуші жақ бұл дәйектің барлығын жоққа шығарып, МАИ қызметкерлері заңсыз қару қолданды дейді. Қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін дәл қазір айту қиын. Оны анықтау құқық қорғау органдары құзырында. Бір анығы, бұл жанжалдың ақыры адам өліміне әкеп соқтырып, өрімдей бір азамат ажал тырнағына ілікті.

Асылхан Бұсырманов тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстандағы ең мықты кикбоксшылардың бі­рі саналған. Талай байрақты бәсекеде ел намысын абыройлы қор­ғаған саңлақ үлкен спорттан қол үзгеннен кейін ту­ған өлкесі Қос­та­найда жат­тық­ты­ру­шылық қыз­мет ат­қарып, жеке клубын ашты. Бүгін­гі таңда Қазақстан спор­тының мақ­та­­нышына айналған Олим­пиада ойын­­дары мен әлем чем­пионатының жүл­­дегері, Азияның үш дүркін чемпи­оны Василий Левит­тің алғашқы бапкерлерінің бірі бол­ған да дәл осы Асылхан еді.

Қай­ғы­лы оқиға былай өрбіген: 29 ақ­пан­да Қостанайдағы «Доброе» дәм­ха­насында 37 жастағы Асылхан Бұсыр­ма­нов жергілікті кәсіпкер Валерий Алексеевтің қос ұлымен жанжалдасып қалады. Кәсіби спортшы жас­тар­ды сабасына түсіреді. Төбелес ба­ры­сында бірінің жағы сынады. Жәбір­ленуші жақ полицияға арыз жазады. Бұсырманов оларға мәселені бейбіт түрмен шешуді ұсынады. Бірақ қос тарап ортақ мәмілеге келмеді. Арада бес күн өткеннен соң Алексеев спорт кешенінің қасына келіп, Бұсыр­ма­новты далаға шақырады. Кәсіп­кер­дің көлігіне жақындаған бетте мыл­тық атылады.

2008 жылдың 15 қазанында Алма­ты­­­дағы Момышұлы мен Мареч­ка кө­ше­лерінің қилысындағы бағдар­шам­ға Land Cruiser Prado көлігінің тоқ­та­ғаны сол еді, жанына келіп аялдаған қара түсті ВМW-ның терезесінен оқ атылды. Еш алаңсыз отырған джиптің жүргізушісі, атақты кикбоксшы, аса ауыр салмақта Әлем және Азия чемпионы атанған Асқар Коханов ауыр жа­рақат алып, дереу №7 клиникалық ауру­­ханаға жеткізілді. Арада 10 күн өт­кеннен соң ол ауруханада көз жұм­ды.

Тергеу амалдары барысында мынадай жайттар анықталады: 2008 жыл­дың қазан айының басында кикбокс­тан Алматы қаласының ашық бірін­шілігі өтеді. Айтулы жарыста Асқар Коханов жетекшілік ететін «Макус» клубының мүшелері де бақ сынайды. Кезекті жекпе-жек барысында кикілжің болып, бұл іске бапкерлер де араласады. Әйгілі спортшы жарысты ұйымдастырушылар және солардың жақтастарымен «жаға жыртысуға» дейін барады. Алайда араға түскен адамдар қызуқанды жігіттерді арашалап алады.

Сол күні барлығы да үйді-үйіне аман-есен қайтады. Кейіннен белгілі болғандай, чемпионға сес көрсеткен Алматыдағы қылмыстық топтың мүшелері екен. Содан олар кек алуды көздеп, Асқардың әр қадамын аң­диды. Ақырында арамза жоспарларын жүзеге асырып, 45 жастағы қазақтың нар тұлғалы спортшысын о дүниеге аттандырды. 22 қарашада Алматыдағы Сейфул­лин көшесі бойындағы түнгі клуб­тар­дың бірінде танымал боксшы Евге­ний Гавриленко өзі құралыптас жі­гіт­тер­мен жанжалдасады. Ашық айқас­та оған әлі жетпейтіндерін түсінген қар­сы жақтың жігіттері мылтық атады.

2009 жыл. 9 тамызда Шахтинскіде болған қанды оқиға да дәмханада шыққан даудан басталды. Жергілікті жастар бір-бірімен тіл табыса алмады. Екі жақтың да мәмілеге келетін түрі жоқ. Ертесіне олар кездесетін жерді белгілеп, жандары­на жора-жолдаст­а­рын жинайды. Дос­­та­рына қолдау көр­сету үшін Қа­­ра­­­ғандыдан аса да­рын­ды боксшы, жастар арасындағы Азия­ның үш дүр­кін чемпионы, әлем бірін­шілігінің кү­міс жүлдегері Ер­мек Серіков те келеді. Кешкі са­ғат 20:00-де Шахтинскі қаласына кі­ре-бе­рістегі жанар-жағармай құю беке­ті­не тоқтағанда, қарсыластары сол жер­ден күтіп алады. Бірден оқ жау­дырады. Көп оқтың бірі Ермекке тие­ді. Бекет кассирі полицияға телефон шалады.

Сол мезетте қарсы жақ көлік­­теріне мініп, тайып тұрады. Бокс­­шы ауруханаға жеткізілгенімен, ке­­ле­сі күні көз жұмды. Ол небары 20 жас­та еді... Көп ұзамай Ермек Серіковті ат­қан жігіт ұсталып, 7,5 жылға бас бос­тан­дығынан айырылады. Алайда Вла­ди­мир Шепин темір қапаста көп тұ­рақ­­та­мады. Арада біраз уақыт өткен­нен кейін оның түрмеде жантәсілім еткені белгілі болды.

2013 жыл. Маусым айында Маңғыстау облысы аумағында Аза­мат­тық әуе авиациясының бұрынғы бас­шысы Мұхит Құбаев пен Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің экс-орынбасары, каратэден әлем чем­пионы Серік Бимұрзиннің мәйіті та­былды. Кейін белгілі болғандай олар­ды біздің елде нәпақасын тауып жүр­ген Өзбекстанның тумасы атып өлті­рген. Көп ұзамай қылмыскер Қара­қа­л­пақстанда қолға түсті. Алайда сол жерде ол өз-өзіне қол жұмсаған екен.

Осылай жалғастыра берсек, әңгі­ме­нің тым ұзаққа созылатын түрі бар. Бүгінгі мақаламызда біз тек даңқы алысқа жайылған немесе кезінде елді дүр­ліктірген оқиғаларды ғана баян­да­дық. Әрине, адам қолынан қаза тапқан спортшылардың саны бұдан да көп...

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ