Қазақстан • 23 Шілде, 2018

Батыс Қазақстан облысында билер кеңесі құрылады

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық сотында билер кеңесін құру туралы жиын өтті. Жиында қазақ халқының тарихында болған дәстүрлі құқық жүйесінің кейбір қырларын жаңғырту мәселесі талқыланды.

Батыс Қазақстан облысында билер кеңесі құрылады

Бұл мәжіліске Батыс Қазақстан облыстық сотының алқа төрағасы, облыстық сот судьялары, аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары қатысқан болатын. Облыстық соттың алқа төрағасы Қайрат Адранов жиын басында қазіргі Қазақстанның сот жүйесі мен бұрынғы дәстүрлі қазақ қоғамының сот төрелігі арасында ұқсастық барын, билер соты дауларды шешу кезінде татуластыру рәсімдеріне баса мән бергенін айтып өтті. Екі жақтың дау алдында ымыраға келуін қазірде медиация деп атап жүрміз.

- Көшпелі қазақ қоғамындағы билер кеңесі – мемлекеттік маңызды мәселелерді шешкен маңызды органның бірі болды. Егер билер кеңесінің қалыптасуы мен дамуы тарихына терең үңілетін болсақ, бұл жүйе ежелгі көшпелі даладағы дәстүрдің жалғасы екендігін көреміз. Билер тек жеке даулар бойынша шешім шығарып қойған жоқ. Олар мәмілегер, басқарушы, айыптаушы және қорғаушы ретінде де әділдік орнатты, ол үкімнің дұрыстығына көпшілік күмән келтірмеді, - дейді облыстық соттың судьясы Есенбай Боранбаев.

Жиналыс нәтижесінде облыстық сот төрағасы Бек Аметов аудандық соттарға ауылдың ақылды әрі сыйлы ақсақалдарынан тұратын билер кеңестерін құруды тапсырды. Ал Қайрат Адранов «Медиация туралы» ҚР Заңын басшылыққа ала отырып, әр ауданда билерді сайлаудың ортақ ережесін әзірлеуді және оларды делдал ретінде ұсыну мәселесін көтерді. Жиын соңында аталған мәселелер бойынша нақты нұсқаулар берілді. Бұл нұсқаулардың орындалуы аудандық және тең соттардың төрағаларына тапсырылды. Ал облыстық сот судьясы Есенбай Боранбаев өңірдегі би кеңесін құру жөніндегі үйлестіруші болып тағайындалды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан