Аймақтар • 24 Шілде, 2018

Ауылды қалаға қайтсек теңейміз?

430 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы күні түрлі ақпарат құралдарында азық-түлік тағам­дары­ның сапасыздығы туралы жиі айтылады. Шынында да мысық ішпейтін сүттің түрі көп екен, ит жемейтін шұжық та бар болып шықты.

Ауылды қалаға қайтсек теңейміз?

Ойлап қарасақ, соңғы жылдарда елде жиілеп кеткен, бұрын болмаған ауру түрлері, психологиялық ауытқулар, өзін өзі өлімге қию себептері осындай әртүрлі химикатқа толы шетелдік тамақты пайдаланудан емес пе екен?!. Шөп шықпайтын сахара, құмды шөлейт өлкеде тұрсақ, бірсәрі. Қазақстандай дүние жүзінде теңдесі жоқ бай өлкеде тұрып, ауылшаруашылық өнімдерін жеткілікті өндірмеу ұлттық намысымызға ұят деп ойлаймын.

Астық өндіруді айтпағанның өзінде, 1990 жылдардың басында республикада қой саны 40 миллионға, жылқы 1 млн 300 мыңға, ірі қара 9,5 млн-ға жетті. 30-ға тарта құс фабрикасы болды. Жылына 1 миллион тонна ет өндіріліп, оның 650 мың тоннасы шетке шығарылатын. Сүт өнімдері сырттан әкелінбейтін. Көкөніс, басқа да жеміс-жи­дек өнімдері республика көле­мін толық қамтамасыз ететін жағ­дайда болатын. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің мал басы жөніндегі мәліметіне сүйенсек, қазірдің өзінде елдің 500 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндігі бар, бірақ өткен жылы одан 15 есе кем ет сатылыпты.

Ата-баба жерінде, түгін тартса, майы шығатын бай жерде тұрып, тәуелсіздік алған елде, өз билі­гіміз, өз байлығымыз қолы­мыз­да тұрған кезде, басқасы бас­қа, жаттың ауылшаруашылық өнім­деріне тәуелді болуымыз – айтуға ұят. Бірақ қазіргі жағдай осындай.

Мен бұл саланың өткенін, қалай құлап, қайда кеткенін қай­та­лаудан аулақпын. Түсінерлік дәрежеде айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ бізде елдің стра­тегиялық қауіпсіздігін қамта­масыз ететін іргелі мәселелерді тір­кеп, зерттейтін, нәтижесін тиісті орындарға жеткізетін мекеме бар ма? Құдайға шүкір, мұнай мен газ саласынан түскен мол қаражат елдің экономикалық жағдайын біршама түзеді. Соның арқасында көптеген әлеу­меттік мәселе өте күрде­ле­н­бей, шешілуде. Бірақ халық­тың жанайқайы жоқ емес. Ол бі­рінші кезекте ауылдың жағ­дайы, жердің жағдайы, ауыл шаруа­шылығының жағдайы.

Қазір алтын бесік ауылымыз жұқарды. Бұрын 1,5-2,0 мың адамы бар кеңшар орталығында 600-700-дей адам қалды. 600-700 бала оқитын мектепте 120-150-дей бала оқиды. Көшу жалғасуда. Мал басы өсетін емес. Оған жағдай, мүмкіндік жасалмай отыр. Басты проблема – мал азығын дайындау қиындық туғызуда, мал азығы өте қымбат. Сондықтан мал өсіруге жағдай жоқ. Ал осы онша қиын, шешімі табылмайтын мәселе емес. Жерге шөп шығады, тек оны шауып, жеткізіп беретін 5-6 трактор керек әр ауылға.

Менің ойымша, соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қаражатқа агросектор өндірісін дамытудың жаңа жүйесін қалыптастыруға болатын еді. Көп кемшілік бағыт-бағдар белгілейтін басқарудан деп ойлаймын. Ауылдың тұрмыс-тіршілігін білмей, жердің қасиетін білмей, шаруашылық жүргізудің мән-жайын білмей, бұл саланы басқаруға болмайтынын әзір ескерген ешкім жоқ. Сайып келгенде, бұл сала – адамзат өмірі үшін өте маңызды сала, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сала, оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Оның үстіне жұмыссыздықты азайтатын бірден-бір жол – осы сала. Әрине, бұл салада жіберілген кемшілік көп, оны түзетіп алу оңайға соқпайды. Әсіресе, сиреп қалған елді мекендерге қайтадан адам апару оңай емес. Бірақ «тың көтерудің» қиыншылығын да көрген, нәтижесін де көрген халықпыз ғой. Үкімет шындап қолға алса, ауыл шаруашылығын дамыту көп қиынға соқпайды.

1980 жылдары «ауылды қалаға теңейміз» деген ұран болды. Оған жақындап та қалған едік. Қазір осы ұранды түбегейлі іске асыруға толық мүмкіндік бар. Елді мекендер газдандырылып, үйлерге су құбыры тартылуда, жолдар салынуда, интернет байланысы да бар. Мемлекет жасап жатқан осы игіліктің нәтижесін кім көреді, егер ел көшетін болса?!

Басты мәселе – елге жастарды көптеп тарту. Ол үшін ипотекалық үйлерді керек жеріне көптеп салу қажет, ынталандыру шараларын міндетті түрде ойластырған жөн. Бұл мәселені шешкеннен кейін оларға мал ұстатып, мал азығын дайындауға көмектесу керек. Кез келген ауылда 300-400 сиыр сауылса және ол сүт сол жерде қабылданса, республика бойынша қанша отандық таза сүт өнімі дайындалар еді. Бұл қазіргі жағдайда бастапқы жұмыс. Ауылға халық бармай, ештеңе өзгермейді. Ең бастысы, шағын фермерлермен, жеке шаруашылықтармен ет, сүт, тағы да басқа тамақ өнімдеріне деген сұранысты түпкілікті шеше алмаймыз. Сондықтан болашақта ірі-ірі ұжымдық шаруашылықтар, кооперативтік құрылымдар, тағы да басқа тиімді ауылшаруашылық салаларын құрған дұрыс болар деп ойлаймын.

Қазір ауыл шаруашылығын кооперацияландыру туралы заң да шықты. Бірақ оның орындалу тетігін қиыстыру біраз ұйымдастыру мен түсіндіруді қажет етеді. Қазір қиюы кетіп тұрғанмен, бұл саланың өткені көптің көз алдында. Кеңес заманындағыдай болмағанмен, жаңаша қалыптастыруға болады. Бұл – өте үлкен күрделі жұмыс, көп­теген заңдар мен заңнамаларды қайта қарап, өзгертуге тура келе­ді. Бірақ елдің экономикалық, интел­лектуалдық мүмкіндігі мол, ғылым жетістіктері жеткілікті. Сондықтан ел болашағы үшін маңызды жұмысты түбегейлі қалыптастыру үшін тікелей Президентке бағынатын тәуелсіз ұлттық комиссия құрған жөн деп есептейміз. Оның құрамында ауыл шаруашылығының қыр-сы­рын жақсы білетін, тәжірибесі мол мамандарды, ғалымдарды, фер­мерлерді, т.б. зиялы азаматтарды тартқан дұрыс болар еді.

Нұрлан ІЗТІЛЕУОВ,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері

ОРАЛ