Медицина • 24 Шілде, 2018

Бала денсаулығы – басты назарда

1294 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде жаңа оқу маусымына дайындық тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шараға Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин қатысты.

Бала денсаулығы – басты назарда

«Биылғы жылғы тамыздан бастап Қоғамдық денсаулық сақтау коми­те­ті­нің аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп білім беру мекемелерінің оқу жылының басталуына дайындығын бағалау бойынша жұмысты бастайды. Бұл жұмыстың аясында орналастыру жағдайларына қойылатын са­нитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәй­кес мектептер ғимараттары мен үй-жайларының жағдайы мен күтіп-ұста­луы, ас блоктары, медициналық кабинеттерде қажетті жабдықтардың болуы, оқу кабинеттерінің, денешынықтыру залы­ның, спорт алаңдарының болуы, оқу үй-жайларының қажетті жиһазбен жабдық­талуы, физиологиялық толыққанды тамақтанудың ұйымдастырылуы тек­серіледі. Санитарлық нормалардың сақ­талуына және мектепте тиімді гигиеналық жағ­дайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Мектеп сөмкесін немесе рюкзакты баланың бойына және салмағына сәйкес дұрыс таң­дау арқаның сау болуы үшін маңызды. Мектеп сөмкесін немесе рюкзакты сатып алғанда бірнеше негізгі жайттарды ескеру қажет. Мысалы, өлшемі, салмағы, анатомиялық түрі, конструкциясы, беріктігі, қолайлылығы, пай­даланылатын материалдардың сапа­сы және олардың қауіпсіздігі. Жүкте­месі екі иыққа біркелкі түсетін нұсқа­ларды таңдау керек. Бұл бала дене­сінің симметриялық қалпын сақтау­ға көмектеседі. Осы ережелерді сақтау сколиоз, остеохондроз сияқты аурулар­дың және жарық ауруының пайда болуы­ның алдын алу шарасы болып табы­лады. Олардың салмағы: 1-4-сынып оқушылары үшін 300 грамнан, 5-6-сы­нып үшін 400 грамнан, 7-9-сынып үшін 500 грамнан және 10-12-сынып үшін 600 грамнан аспауы тиіс», деді Ж.Бек­шин.

Сонымен қатар ол жыл сайын мек­теп оқулықтарына санитарлық эпиде­ми­о­логиялық сараптама жүргі­зі­летінін жеткізді.

«Мысалы, 2017 жылы 86 зерттеу нәтижелері бойынша екі үлгінің салмағы («Алматыкітап баспасы» ЖШС Алматы қ.) гигиеналық нормативтерге сәйкес кел­меді. Олар қазақ тілінде оқытатын 1-сыныпқа арналған «Русский язык» оқулығы – салмағы 402 гр, норма бо­йынша 300 г, екіншісі, орыс тілінде оқы­та­тын 1-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы – салмағы 424 гр, норма бо­йынша 300 гр. Сонымен бірге «Алматы-кітап баспасы» ЖШС-ны тексеру кезін­де жоғарыда көрсетілген үлгілерге сани­тарлық-эпидемиологиялық сарап­тама жүргізілмегені анықталды. Анық­тал­ған бұзушылықтар нәтижесінде «Алма­тыкiтап баспасы» ЖШС-ға аталған келеңсіздіктерді жою туралы нұсқама берілді, әкімшілік іс қозғалып, материалдары әкімшілік соттың қарауына жіберілді. Соттың қаулысы бойынша «Алматыкiтап баспасы» ЖШС комис­сиялық сауда бойынша қызметі 1 ай мер­зімге тоқтатыла отырып, айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар Ж.Бекшин оқушы­лар­дың киетін мектеп формасына тоқталды. Ол тігілетін мата баланың денесі демалатындай және аллергияның алдын алу үшін гигиеналық қасиетке ие табиғи материалдардан, оның ішінде тоқыма, мақта, жібек болғаны дұрыс екенін тілге тиек етті.

«Матаның құрамы мынаны қамтуы тиіс, киімнің сыртқы қабатында табиғи талшық кемінде 35 пайыз, астарында табиғи талшық кемінде 100 пайыз, кофталар мен ер бала көйлектерінде табиғи талшық кемінде 65 пайыз болуы тиіс. Ата-аналар киімді сатып алу кезінде бала осы киімді 5-6 сағат және одан да астам уақыт бойы киетініне және бірінші кезекте форманың тігілген материалының сапасына назар аударуы керек. Құрамында синтетикасы аз матаны таңдаған дұрыс. Күнделікті кию үшін синтетикалық материалдан тігілген форма сәйкес келмейді, себебі синтетикалық талшықтардан ауа өтпейді. Синтетикалық талшық аллергия тудыруы мүмкін. Сондай-ақ аяқ киімді таңдау кезінде оның өлшемін дұрыс таңдау маңызды. Мектеп формасын таңдай отырып, ата-аналар киімнің ыңғайлылығына және баланың денсаулығын, оның белсенді дене қозғалысын сақтауға назар аударуы тиіс», деді ол.

Жиын барысында Жандарбек Мұх­тар­ұлы оқушының дұрыс ұйымдасты­рылған күн режімі ағза мен ортаның физиологиялық тепе-теңдігін белгілеуге мүмкіндік беретінін, соның негізінде оқыту және тәрбиелеу жүзеге асырылаты­нын, себебі ол баланың өмір сүру жағ­дайын, өсу, даму ерекшеліктерін жан-жақ­ты есепке алуға негізделгенін алға тартты.

«Оқушылар үшін түнгі ұйқының шамаланған нормасы былай: 1-4-сынып­тарда – 10-10,5 сағат. Ал 4-7-сыныптарда – 9,5-10 сағат болса, 8-9-сыныптарда – 9-9,5 сағат және 10-11-сыныптарда – 8-9-сағат. Баланың дұрыс өсуі мен дамуында дұрыс тамақтану да маңызды рөл атқарады. Дұрыс тамақтану баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі болуға тиіс. Сапалы тамақтанатын бала­лардың үлге­рімі жақсы болады, ал ағзадағы қо­ректік заттардың жеткіліксіздігі баланың са­баққа ынтасын төмендетеді. Сондықтан мектеп оқушысының тамақ рационы бала ағзасының энергетикалық қажеттілігін қанағаттандыруы тиіс. Себебі әрбір баланың дұрыс өсуі мен дамуы үшін баланың ағзасы белгілі бір тәуліктік өнім жиынын алуы тиіс, тәуліктік өнім жиынына мыналар енгізілуі керек. Сүт және сүт қышқылы өнімі, сүзбе, ірімшік, ет, балық, жұмыртқа, жарма және макарон өнімі, көкөністер, жаңа піскен жемістер, табиғи шырын, нан және нан-бөлке өнімі, жаңғақ, құрғақ жемістер, бал, өсімдік майы», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»