Қазақстан • 24 Шілде, 2018

Аң-құсымызға да абай болайықшы...

820 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сайын даланың самалымен жарысқан киік атау­лы қырылып қалыпты. Көр­ген жанның жүрегі шемен болып кетсе де, шерге булы­ғып, дір ете түсетіндігі дау­­­сыз. Мойнын астына ала­­ ома­қаса құлап біреуі жа­тыр, енді біреуі жер сүзе жығылған. Көз жанары жетер жердің барлығы дер­лік өлген киіктің денесі. Оқиға Егіндікөл мен Жар­қайың аудандарының аума­ғында орын алған. Таби­ғатқа көрсетілген та­ғы­лық жайлы әңгімелеген құ­қық қор­­ғаушылар сипат­­тауға тіл жетпейтін осын­дай қаныпезерлікті кім жаса­ғандығын айтып берді.

Аң-құсымызға да абай болайықшы...

Негізі браконьерлер тобы төрт адам­нан тұрған. Біреуі Атбасар қаласының еш жерде жұмыс істемейтін тұрғыны.  Із кесушілер браконьердің аяқ астынан байып кетуінен секем алғанға ұқсайды. Ешқандай табысы болмаса да су­ жаңа «Джип» автомашинасын сатып алыпты. Қылмыстық оқи­ғаны зерттей келе, кінәлілер табыл­ған. Сөйтсе олар киік мүйі­зін сатып  кәсіп еткендер екен. Соң­ғы жылдары бірнеше мәр­те киік байғұс қырғын болыпты. Таби­ғаттың да, адал аңды аяуды білмейтін адамның да тақсыреті тағы жануарға батып тұр.  

Осы бір көріністі көрген соң өңірдегі ахуалды білмек бо­лып, облыстық орман және жануарлар әлемі шаруашылығы аумақ­тық инспекциясының басшысы Айдар Дарбаевқа жолыққан болатынбыз.

– Облыстағы аңшылық аума­ғы­ның жалпы көлемі 12,2 мил­лион гектарды құрайды. Осын­шама алқапта 129 аңшылық шаруа­шылығы ұйымдастырылған. Іс жол­ға қойылған жердегі жағдай жақсы. Дегенмен, браконьерлер тарапынан қауіп те бар. Қамсыз емеспіз, – дейді инспекция басшысы Арман Хауезұлы, – үстіміздегі жылдың өзінде ға­на жедел профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Осы мақсатта 515 мәрте рейд ұйымдастырылды. Осынд­ай жұмыстың нәтижесінде 204 заң бұзушылық анықталды. Оның 15-і аң аулау қағидасын бұзғандар, 42 заң бұзушылық орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орын алып отыр. Сондай-ақ 147 рет балық аулау және балық қорын қорғау қағидаларын бұзғандар анық­талды. Заң бұзушыларға 2347,7 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Олардың қолдарындағы кейбір құрал-жабдықтар тәр­кіленді.

Инспекция облыстың әкім­ші­лік шекарасындағы барлық балық шаруашылығын, сон­дай-ақ мем­лекеттік табиғи қорық­тарды, жануарлар дүниесін қорғап, өсімін молайту, пай­далану барысында бақылау функ­цияларының дұрыс жүзеге асырылуын қадағалайды. Әйтсе де, кейбір оңай олжа тап­қысы келетіндердің аңсары әлі де ұш­қан құс пен жүгірген аңға ауып тұр. Әсіресе, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төніп тұр­ған аңдардың обалына да қара­майтындары бар. Міне, осындай браконьерлердің үстінен екі қылмыстық іс қозғалып, жануарлар әлеміне келтірілген залалы үшін 35 894 625 теңге айыппұл салынған. Зеренді ауданына қа­расты Тупеловка аңшылық шаруашылығының аумағында заңсыз үш бірдей қабанды атып алғаны үшін 2 705 625 теңге айып тартылған. Зеренді аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жедел әрекет етіп, қабан атқан кінәлі адамдарды іле анықтап, жауапқа тартқан. Қабанды айтасыз, өте сирек кездесетін сұңқарлар пайдакүнемдердің кесі­рінен азайып барады. Мәсе­лен, 2018 жылдың 14 мамырында Астана қаласының халықаралық әуежайы арқылы 23 сұңқарды заңсыз әкетіп бара жатқандар қолға түскен. Былтыр да мұндай оқыс оқиғалар орын алғандығын жа­сыруға болмас. 2017 жылы Атбасар ауданының аумағында 11 қабанды оққа байлап,  заңсыз аң аулаған Көкшетау қаласының тұрғындары ұсталды. Олардың біреуін үш жылға дейін аң аулау құқығынан айырса, екіншісіне бес жыл бойы бас бостандығына шектеу қойылды. Шынын айту керек, қазір мұздай қаруланған браконьерлермен күресу де оңайға соқпай тұр екен. Қыста олар моторлы шаналарға мінеді, жазда тақымдарында шетелдік жүйрік автомашиналар. Әйтсе де инспекция қызметкерлері өз міндеттеріне орай әбжілдік танытып, қолға түсірген бра­коньерлердің техникалары­ тәркіленген. Сөйтіп қарда жү­­ре­­тін техника мемлекеттік жеке­шелендіру арқылы «Қорғал­жын» мемлекеттік табиғи қорық­тың балан­сына беріліпті. Заң бұзу­шы­ларға 23 143 800 теңге айып­пұл салынған.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы