Аймақтар • 24 Шілде, 2018

Жастарды жұмыспен қамту қандай деңгейде?

1995 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жастар дегенде ойымызға әуелі еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы түседі. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзінде терең мағына бар. Ал жастарымыздың бәсекеге қабілетті, өркениетке бейім болу керектігі күмән тудырмайды. Бүгінгі таңда қоғамда жас болса да талай белестерді бағындырып, өзін-өзі дәлелдеген жастар жетерлік.

Жастарды жұмыспен қамту қандай деңгейде?

Елбасы үнемі жастарға қам­қор­лық көрсетіп, білімді жас­тарды қолдап келеді. Мем­лекет қам­қорлығымен осыдан бірнеше жыл бұрын өңір­лер­ден жастар саясаты бас­қармасы құрылды. Десек те өңір­лерде жүрген жастардың жағ­дайы қалай? Әсіресе ауылды жерлердегі жас­тар не істеп жүр деген са­уал туады.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 263 мыңнан астам жас бар екен. Ал сол екі жүз мыңнан ас­там жастың бәрі жұмыспен қамтылған, қоғамнан өз орнын тапқан десек, шындықтың ауылынан алыстайтынымыз анық. Алайда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, өңір жастарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бойынша нә­тижелі көрсеткіштер орын алған екен. Ағымдағы жылы жастарды ваканттық бос жұмыс орындарына, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына тарту бойынша 12003 жасты жұ­мыс­пен қамту белгіленіпті. Сонымен қатар биыл 29 жасқа дейінгі 5223 жас жұмыспен қам­тылған. Оның ішінде 1892 жас ваканттық бос жұмыс орында­рына орналасса, 1250 түлек жас­тар практикасына, 221 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. «Сондай-ақ 1035 жас қысқа мерзімді, 97 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқы­тылса, 728 жас ақылы қоғам­дық жұмыстарға тартылды. Қа­зі­р­гі кезеңде 25 мүмкіндігі шек­теулі жас тұрақты жұмыспен, 54 мүмкіндігі шектеулі жас уақыт­ша жұмыспен қамтылса, 22 мүм­кіндігі шектеулі жас қысқа мер­зімді кәсіптік оқытуға жолданды», дейді басқарма басшысы Мәди Мәтен.

Қазіргі кезде қоғамда NEET жастар деген ұғым қалыптасты. Олар еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін жас­тар санатында. Осы санаттағы жастардың көрсеткіші облыс­та 10,7 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері өңірде 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 266 жұмыс берушіден 953 бос жұмыс орындарына ұсыныс түсіпті. Нәтижесінде 102 жас тұрақты жұмысқа орналасқан.

Бүгінде жастардың жұ­мыс­қа орналасуы өзекті мә­селе. Сол сияқты олардың бі­лім алуы да маңызды. Жам­был облысынан бүгінде «Сер­пін-2050» жобасы бойынша 820 студент­ мемлекеттік грант­тар­ды иеленіп, еліміздің Ақ­мола, Ақтөбе, Атырау, Ба­тыс Қазақстан, Қарағанды, Қос­танай, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыс­тарында білім алуда. Жалпы, қазіргі кезеңде жастардың өзін-өзі дамытып, қоғамға үлес қо­суы үшін мемлекет тарапынан тиісінше мүмкіндіктер қарас­тырылған. Сондай жобаның бірі Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асқан Білім және ғылым министрлігінің «Жас проект» жобасы. «Өткен жылы аталған жоба Алматы, Павлодар, Түр­кіс­тан және Қарағанды облыстарында бастау алды. Ал ағымдағы жылы Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шы­ғыс Қазақстан облыстарында жалғасын тапты. Мұнда әрқайсысы 1 миллион теңгеден болатын 1000 жоба бар. Ал жобаға қатысу үшін 3, 4, 5 адам­нан команда құрылу керек. Жобаның жалпы мақсаты – жұмыссыз жастарға қолдау көр­­сетуге және айлық табысы­ аз адамдарға бағытталған. Мұн­­­да жастарға алты ай бойы әлеуметтік көмек көрсету тегін. Мәселен, жобаға қатысқан орта білімі бар азаматтың айлығы 40 мың теңге болса, жоғары білімі бар жастар үшін – 60 мың теңге. Бұл күнде Жамбыл облысынан 300-ден астам жоба тіркелген», дейді «Жас проект» жастар жобасының оқыту менеджері Абзал Есіркепов.

Егер мұндай жобалар жас­тар­дың жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп жатса тіп­ті жақсы. Бұл орайда көп нәрсе жастардың өзіне де байланысты сияқты.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы