Өнер • 24 Шілде, 2018

«Қорқыттың көрі» – Авиньонда

636 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Францияның Авиньон қаласында өткен «Festival d’Avignon» халықаралық театр фестиваліне қатысты. 

«Қорқыттың көрі» – Авиньонда

Өнер ұжымы драматург Иран-Ғайыптың Қазақстанның ғана емес, күллі түркі халықтарының аңы­зына айналған Қорқыт ата тағ­ды­рынан сыр шертетін «Қорқыттың көрі» қойылымын әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қалың көрер­менге тарту етті.

– Мінеки, Францияда бір аптаға созылған Авиньон фестивалінде әлемдік театр жұлдыздарымен қауышып, Қазақстанның атынан қатысып келдік. Бәрі ойдағыдай болды. Франция елі жақсы қарсы алды. Парижде, Марсельде болдық. Жалпы фестиваль туралы көп дүние айтуға болады. Ең бастысы, бұл тәжірибе алмасу болды. Әлемдік теа­трлар қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын және біздің театрдың деңгейін байқадық. Бір тәуліктен аса жол жүрдік. Ұжыммен жүргеннен кейін жолдың алыстығы, ауырлығы сезілген жоқ. Шетелден келген сайын еліміздің кеңдігі байқалады. «Қазақстан жеріне бір­неше Франция сыйып кетеді» деп бекер айтпайды екен. Кең-байтақ жеріміз, еліміз аман болсын! «Ру­хани жаң­­ғыру» бағдарламасы аясында қолтығымыздан демеп жатқан Мә­де­ниет және спорт министрлігіне ұжым атынан ризашылығымызды білді­реміз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық драма театрының актері Дулыға Ақмолда.

«Авиньон» халықаралық театр фестивалінің үшінші күні М.Əуе­зов театрының ұжымы Лит­ваның және КСРО Мемлекеттік сый­лы­ғының иегері, танымал режиссер Йонас Вайткустің сахналауы­мен «Қорқыттың көрі» қойылымын ұсынды. Фестивальға əлемнің түк­пір-түкпірінен келген үш мың­ға жуық театр ұжымы өнер көр­сетті. Фестивальдің ерекшелігі, қа­тысушы театрлар спектакльді қала көшелерінде парадқа шығып жарнамалайды екен. Сондай-ақ билеттер мен афишаларды таратады. Спектакльді қояр алдында театр актерлері гриммен Авиньон көшесімен жүріп, сақ, ғұн дəуірін, шамандық дəстүрдің сипатын еске түсіріп, қала тұрғындарына қазақ жерінен келгенін жеткізді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері Бекжан Тұрыс Франция еліне барған әсері туралы ойымен бөлісті.

– Елбасы мәдениетіміздің озық  үл­гілерінің әлемдік деңгейде кеңінен танылуы мен бәсекеге қабілет­тілі­гінің халықаралық деңгейге сай келуі аса маңызды екенін, мәдениет арқылы ұлттың бет-бейнесін, рухани болмысын айқындауға болатынын айтқан еді. Кез келген ұлттың өнері, ең алдымен, өзінің ұлты үшін керек. Ұлы өнерін әлемге паш ету үшін кез келген ұлт, өзі талпыныс жасағаны жөн, – дейді ол.

Авиньонды Театр фестивалі қаласы деуге әбден болады. Осы шағын қала аталған фестивальді өткізу арқылы өзін-өзі асырап отыр.

Еске сала кетейік, әкемтеатр 1984 жылы Францияның Нанси қа­ла­сында өткен халықаралық теа­тр фестиваліне Әзірбайжан Мәм­бе­товтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен қатысқан бола­тын. Араға 34 жыл салып, өнер ұжы­мы Орталық Азиядан тұңғыш рет атал­ған фестивальға қатысып отыр.

Әділғазы БАҚЫТҰЛЫ