Білім • 24 Шілде, 2018

Қазақстандық оқушылар Ұлыбританияның аэрокосмос мектебіне барады

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Назарбаев орталығында мектеп оқушылары арасында транспорт саласындағы республикалық конкурстың финалдық іріктеу туры ашылды. Конкурстың жеңімпаздары Крэнфилд университетінің (Ұлыбритания) аэрокосмос мектебіне тағылымдамадан өтуге барады, деп хабарлайды ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының баспасөз қызметі.

Қазақстандық оқушылар Ұлыбританияның аэрокосмос мектебіне барады

Екінші рет өткелі отырған конкурстың мақсаты – көлік саласына деген қызығушылықты арттыру және білімді тереңдету, сонымен қатар оқушылардың мамандықты саналы түрде таңдауға ынталандыру.

Елімізде өңірлік іріктеу турларын облыс әкімдіктері мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері өткізді. Финалдық іріктеу кезеңіне 85 адам келді. Әр команда 4 оқушыдан және 1 команда жетекшісінен тұрады. Финалдық іріктеу турын Астанада 24-26 шілде аралығында Крэндфилд университетінің өкілдері өткізді.

Финалдық іріктеудің қорытындысы бойынша 40 оқушы 19-26 тамыз аралығында Крэнфилд университетінің (Ұлыбритания) аэрокосмос мектебіне оқу-танымдық сапарға жіберіледі.

Конкурсты ұйымдастыруға Әділет министрлігі, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Ұлттық зияткерлік меншік институты,  Назарбаев университеті және Крэнфилл университеті де атсалысып отыр.

Финалдың ашу салтанатына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов, Әділет вице-министрі Наталья Пан, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майкл Джон Гиффорд, Назарбаев университетінің вице-президенті Ерден Құсайын қатысып, сөз сөйледі. Крэнфилд университетінің (Ұлыбритания) аэрокосмос мектебінің өкілдері Ян Холлингворт аэрокосмос динамикасы туралы, Фрэнк Юкэс ұшақтарды модельдеу жайлы, лейтенант – полковник Эндрю Хоултон тікұшақ операциялары туралы әңгіме айтып берді.

«Аталған конкурс балаларға техникалық мамандықтарды дұрыс таңдауға, ағылшын тілінің деңгейін арттыруға көмектеседі, сондай-ақ әлемнің үздік аэрокосмос мектебіне баруға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз - жас өнертапқыштарға қолдау көрсету», - деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.