Тарих • 26 Шілде, 2018

Батыр Бауыржан мен қарапайым Кәбен

514 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің Шығыс өңірінде, Қара Ертістің бойындағы Қалжыр ауылында өсіп-өнген, сол жерде ауыл шаруашылығында, яғни механизация саласында терін там­шылата еңбек етіп, үлкен құр­мет-сыйға бөленген Кәбен Әмірханұлы Мәнәпов бүгінде 83 жас­та. Өмірден көргені мен түй­ге­ні көп қадірлі қарияның айтары да аз емес, әңгіменің майын тамызады.

Батыр Бауыржан мен қарапайым Кәбен

«1973 жылы тамыз айында, әй осы мен де бір демалайыншы деп Сарыағаш шипажайына бардым, – дейді Қабен аға.

– Келген күннің ер­теңіне-ақ, «Осында батыр Бау­кең, Бауыржан Момышұлы жа­тыр» дегенді естідім де бірден сол кісіге сәлем беруім керек деп ше­штім.

Содан қолыма сусын, тәт­ті-дәмді алып, ұмытпасам түс­ке таяу болуы керек, бөлмесінің есі­г­ін жүрексіне қақтым. «Кір!» де­­ген дауыс гүр ете қалды. Бөл­ме­ге енсем, Баукең төсегінде отыр екен «Ассалаумағалайкүм, аға!» деп амандасып едім, «Уа­ға­лай­­күмассалам» деді де жа­нын­да­ғы орындықты нұсқап, отыр де­гендей ишарат білдірді.

– Қай жақтың қазағысың, не бұй­ымтайың бар? – деді енді оқ­ты көзімен қадала қарап.

– Семей жақтанмын. Еш бұй­ым­тайым жоқ. Сізге сәлем бе­рей­ін деп едім.

– Жарайды, басқа не айтасың?

– Аға, менің әкем де майдан­гер, бірақ соғыста хабарсыз кет­­ті...

– Әй, әкесі соғыста өліп, не хабарсыз кеткен жалғыз сен емес. Фашистермен жан беріп, жан алысқан алапат шайқастар талай баланы жетім, талай әйелді жесір қылды. Сол сұмдық соғыста менен де мықты, менен де күшті, менен де батыр талай боздақтың көзі жұмылды, білесің бе сен!

Әлі есімде, осыны айтқанда Бау­кеңнің көзі от шашып, шашы ға­на емес, мұрты да тікірейіп кет­кендей болып көрінді маған. Содан соң:

– Болды, саған басқа айтатын еш­теңе жоқ, қайта бер, – деді.

– Аға, – дедім мен сол сәтте ба­тыл­данып.

– Ескерткішке су­рет­ке түсейікші, балаларыма, ке­лі­ніңізге мақтанып барайын.

– Әй, сен де қоймадың ғой. Ма­құл, кешке қарай есік алдына серуенге шығамын, сонда кездесейік.

Мынау сол сурет. Күн кіш­ке­не ыстықтау болды ма, Баукең құн­дыз бөркін қолына ала беріп еді, «Мен ұстай тұрайын» деп жа­быса кеттім.

«Бала, сенің байқаймын, мы­на екі иығыңның ортасындағы қауа­шағыңда бірдеңе бар сияқты, – де­ді ол кісі сәл жүзі жылып. – Он­­да өзің киіп түс, мүмкін басы­ңа бақ қонар! Ал енді сойған түл­кідей ыржиюыңды тоқтат. Су­рет­ке серьезно түсу керек».

Қазір ойлап қарасам, Баукең батыр ғана емес, әулие де екен ғой. Өйткені ол кісінің айт­қа­ны келді деуіме әбден бола­ды. Жақсы қартайып, біраз жас­қ­а келдім, еңбегім еленіп, бір­не­ше рет марапатталдым. Асыл ді­ні­міздің ұлы ұясы – Мекке мен Мәдинеге үш рет барып қайт­тым. Марқұм, өмірлік серігім Кө­ңіл­ашар кемпірім екеуміз екі ұл, алты қыз өсіріп жеткіздік. Бә­рі де өмірден өз орнын тапқан. Күр­шім ауданының құрметті аза­­матымын. Егемен еліміз Елба­сы­ның бастауымен жақсы даму үсті­нде. Биыл халықаралық «Жар­ты ай және жұлдыздар» (орден «Полумесяца и звезды») орденімен марапатталдым. Оның өзін халықаралық «INTERSAFETY» комитеті мен БҰҰ-ның халықаралық наг­ра­да­лық одағы белгілеген екен. Басыма бақ қонды деген осы емес пе. Айтқандай, суретті Таш­кент қаласынан келген фо­тог­раф түсірген, – дейді қазір Алма­тыда тұратын Кәбен қажы Әмір­ханұлы қария.

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

Алматы облысы,

Қарасай ауданы