Парламент • 26 Шілде, 2018

Депутаттар – ел ішінде

440 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері Сенат депутаттары қазақстандықтармен кездесулер өткізуде.

Депутаттар – ел ішінде

Орал қаласында Парламент Сенатының депутаты, Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаеваның қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Шара барысында аймақтағы кәмелетке толмағандардың құ­қын қорғау және қамтамасыз ету, балалар арасындағы құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алу, денсау­лық сақтау, сондай-ақ жетім балалар құқықтарының сақта­луы мәселелері қаралды. Үкімет­тік емес ұйымдардың өкілдері осы саладағы жағдайды жақсар­ту, білім беру және тәрбие меке­мелері жүйесін жетілдіру, мемле­кет пен қоғамды үйлестіру жөнін­дегі өз ұсыныстарымен бөлісті. Өз кезегінде С.Айтпаева олар­дың сауалдарына жауап беріп, еліміздегі Бала құқықтары жөнін­дегі уәкіл институтын дамы­ту мен елдегі кәмелетке тол­ма­ған­­дар­дың құқықтарын қор­ғау­ды қам­тамасыз ету туралы әңгімеледі.

Сенатор, сондай-ақ қалада өткен трансшекаралық су жөнін­дегі ынтымақтастық мәселелеріне арналған халықаралық конференция жұмысына қатысты. Форумға Парламенттің, орталық және жергілікті билік органдарының, ғылыми қауымдастықтың, азаматтық қоғамның, Қазақстан, Ресей, Аустрия, Өзбекстан және басқа да елдердің сарап­шы­лар қоғамдастығының 130-дан астам өкілі жиналды. Кон­ференция барысында Жайық өзенінің су ресурстарын басқару жөніндегі екіжақты және көп­жақ­ты ынтымақтастықты нығай­ту мүмкіндіктері, сондай-ақ су ресурстарын қорғау мәсе­лелері бойынша шешім қабыл­дау­дағы жұртшылықтың рөлі тал­қы­ланды.

***

Сенат депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев жұмыс бабындағы сапармен Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданына келді, деп хабарлады Сенаттың баспасөзі қызметі.

Олар облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен, ардагерлермен, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, «Шұғыла» газетінің директоры-бас редакторы Ахмедияр Батырханов, аудандық мәслихат депутаты Берік Ықсанов, еңбек ардагері Самиға Қайырова, Кәсіпкерлер палатасының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің директоры Жасұлан Басыров сөз алып, олар аудандағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысынан хабардар етіп, өзге де өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, Жәнібек ауданындағы академиялық бақты арнаулы ұйым ретінде құру, облыс орталығынан шалғайда жатқан Жәнібек, Бөкейорда және Қазталов аудандарын 2021 жылға дейін кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету, Жәнібек ауданына «Батыр аудан» мәртебесін беру мәселелерін көтерді. Ал аграрлық мекеме өкілдері сенаторларға ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін жеткізді. Сондай-ақ Орал-Жәнібек автомобиль жолының құрылысын жеделдету туралы ұсыныс айтылды.

Сапар барысында Е. Мұқаев пен Н. Төреғалиев ауданның елді мекендерін газбен және ауыз сумен қамтамасыз етумен, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарымен танысты.