Тарих • 26 Шілде, 2018

Тарихи ескерткіштер елімізді танытады

4016 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­­­­тың «Бола­шақ­­­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақа­ласында қазіргі жаһандану заманында Қазақстан халқының санасын жаңа биікке көтеру, ынтымақ-бірлігін арттыру, патриотизмді нығайту, салт-дәстүріміз­ді, мәдениетіміз бен біре­гей ұлттық кодымыз­ды сақтау сияқты маңыз­ды басымдықтар қарасты­рылған.

Тарихи ескерткіштер елімізді танытады

Туризмді дамыту қазіргі кез­де кез келген өркениетті мемлекет­т­ің басты міндеттерінің бірі. Туризм ХХ ғасырдың екінші жар­­тысында көптеген елдердің эко­но­микасының елеулі секторына айналды. Бұл саланы дамыта біл­ген мемлекеттер туризмнен түсетін пайданың экологияны ластайтын мұнай өнеркәсібінен түсетін пайдадан жоғары екеніне көздері әбден жетті. 
Туризмнің дамуын Түркіс­тан облысындағы Отырар ескерт­кіштеріне келіп-кетушілер саны­ның артып отырғанынан байқауға болады. Айталық, Кеңес одағы кезін­де, 1980-1990 жылдары Оты­рар музейіне келушілер саны тұрақсыз, әр жылда әртүрлі, не­бәрі 2 мыңнан 7,5 мыңға дейін бара­тын. Егемендік алған соң Оты­рар қорық-музейі нысандарына жыл сайын 1991-1997 жылдар аралығында келушілер саны 18 мыңнан 38 мыңға дейін өсті. Әсіресе, соңғы жылдары туристер санының күрт өсуі байқалады. 
Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі Оңтүстік Қазақстан ай­мағына қосымша турист ке­луіне әсер етті. Облыс әкімі Ж.Түй­­ме­баевтың көрсетуінше, ЭКСПО-2017 көрмесінің арқа­сын­да оңтүстікке 151 мың турист келді. Ең көп саяхаттайтын нысандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб, Домалақ ана, Ақмешіт үңгірі, Ақсу-Жа­бағылы қорығы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін өткен жылы 1 млн­­­ адам тамашалапты. 
Туризмді дамытуда музейлер­дің рөлі ерекше. Көп жағдай музей­лердің туристік нысандар­ды көпшілікке тартымды ұсы­нуына, таныстыруына байла­нысты. Шетелдік туристер қазақ­тың тарихи тұлғаларын тани бер­мейді. Оларды тартымды ету үшін жергілікті тарихты қы­зықты етіп әлемдік деңгейдегі оқиғалармен байланыстыра жеткізу керек. Мысалы Отырарда аты әлемге әйгілі Әмір Темір дү­ние салған. Еуропа халқы оны жақсы біледі. Себебі оны осман түріктерінен Еуропаны құтқар­ған тұлға ретінде таниды. 
Қазақстанда Шыңғысханның үлкен ұлы – Жошының мазары бар. Мұны шетелдік туристер біле бермейді. Естіген туристің өзі «бұл рас па?» деп оған дәлелдер сұрайды. Музей экскурсоводтары осыған байланысты айғақтарды жеткізе айтып түсіндіре ала ма? Бұған көп ізденіс, зерттеу қажет. Гидтеріміздің дайындығына ерек­ше назар аудару керек. Көр­ме залдарында ерекше, есте қалар­лық тартымды экспонаттар болуы тиіс. 
Туризм адам баласының та­би­ғатына ғана берілетін, көр­сем, білсем екен, барып ауасын жұт­­сам, топырағына аунасам, тәу етсем деген ұмтылыстарын, сезім­дерін қанағаттандыруға негіз­делген индустрия десек те болады... Оңтүс­тікте туристік нысандар көп деп жиі айтылады. Мысалы жүздеген ескі қала орындары бар. Бірақ осы көне қала орындарының екеуі ғана туристер қызығып көретіндей кейіпте. Бұлар – Отырар мен Сауран. Осыларды тамашалауға тұрарлық ерекше қазба құ­ры­лыстары бар. Сауранды көру­ші­лерді тек оның қорған қа­быр­­ғалары қызықтырмайды. Ондай бекіністер әлемде мың сан. Көпшілікті ортағасырлық Сауран көшелерінің тастан тө­сел­гені таңғалдырса керек-ті. Шетелдік туристерді әлемдік тарихи тұлғалармен немесе әлемдік тарихи оқиғалармен байланысты жерлер қызықтырады. Мысалы Отырар – Фараби туған жер, Әмір Темір дүние салған қала. 
Табиғи нысандардың ішін­де Түркістан облы­сы, Бәйдібек ауданындағы Ке­ңес­­төбе ауы­лы­нан бірнеше ша­қырымда ор­наласқан Ақмешіт үңгірін ерекше айту керек. Бұл орын Шымкент қаласынан 90 шақырым жерде ғана. Үңгірдің ұзындығы шамамен 250 м, ені – 65 м, биіктігі – 30 м. Алып үңгір. Бір қызығы үнгірдің күн нұры түсетін жерінде ағаштар өсіп тұр. Шілденің шіліңгір ыстығында үңгір іші салқын, ал қысқы аязда жылы болып келеді. Осы үң­гірдің ғылы­ми сараптамасын алып, ерек­шелігін көрсете алсақ, керемет туристік нысанға айналар еді. Түр­кістан мен Отырарға баратын туристік бағытты Ақмешіт нысаны арқылы өткізу керек-ақ. Бәйдібек ауданының орталығы – Шаянда сақталған шығыстық үлгідегі медресе ғимараты Қа­зақ­станның басқа бірде-бір аймағында жоқ. Қайталанбас сәулет өнері туындысы, қазақ да­ла­сында байырғы медресе-университеттер осылай болған деп музей ұйымдастырса болады. Оны да жарнамалауды, туристік кәдеге жаратуды ойластыру қажет. Кейбір көркем фильмдерді түсіру үшін Бұқара мен Хиуаға шаба бергеннен гөрі Шаянның ескі ғимаратында тарихи кинолар түс­іріп, өз жәдігеріміздің атын шығарсақ болады. Ескі орыс деректеріне қарағанда, аймақтың тағы бір табиғи ерекшелігі – күллі Орта Азия аумағында тек Қаратаудың кейбір өзендерінде ғана судың тазалығына орай шаян атты жәндік мекен еткен. Мүм­кін әлі де сақталған шығар. Мұны да танымдық туризмнің кәдесіне жаратса болады.
Бір қарағанда, Шымкент қа­­тар­дағы осы заманғы қала іс­пет­ті. Онда басқа қалалардан ерек­шеленетін Қошқар ата бұлағы бар. Қай мегаполис ортасында Шым­кенттегідей ағып жатқан үлкен бұлақ – өзен бастауы бар. Шетел­діктер мұндай сирек таби­ғи жағдайды қаланың ең бірінші туристік нысаны етер еді. Ешбір құрылыс салмай, табиғи кейпінде тазалықта ұстап және күллі әлем­ге жарнамалап, қонақ көруге асы­ғатын орын етуге болады. 
Туристік нысанның басты құн­дылығы – оның табиғи, тарихи тұрғыдан қаз-қалпында сақ­талуында. Айталық, Ақмешіт үңгірі қасынан ғимараттар салсақ не карьер қазып топырағын алсақ, онда оның құндылығы кеми түседі, тіпті жоғалып кетуі де ғажап емес. Өзгерістерге ұшы­раған туристік нысан жоғарыда айтыл­ған сезімдерді оятудың орнына өкініш туғызса, туристер бұл жерге қайтып аяғын баспайды. Тарихи ескерткішпен қатар оның айналасындағы таби­ғи орта өзгермеуі тиіс. Ту­ризм­нің басты қағидасы – тамашалау­шы ешбір туристік нысаннан көңілі құлазып қайт­пауы тиіс. 
Қазіргі заманда кез келген тари­хи ескерткішті қайта бұзып, қазіргі заманғы мықты материалдармен қайта тұрғызып, алтынмен аптап, күміспен қаптап қоюымызға болады. Бірақ мұн­дай жағдайда ол өзінің тарихи құн­дылығын жоғалтады, жаңа салған құрылыс ғасырлар бойы мүжілген, күн мен жел қақтаған, ата-баба қол­дарының ізі сақталған көне төл ескерткішке жетпейді, оның қа­сиетін азайтады, мұндай жасанды орындарға туристер бармайды, қызықпайды. Себебі турист ескерткіштен бабалардың қолынан өткенді қолымен ұстап, олардың жасағанын көзбен көріп, басқан іздерін аяғымен бас­қанда ғана сол бір өткен заманмен қауышқандай болады. Сол бір заман қас-қағым сәт­ке орал­ғандай сезініп, со­дан бір керемет әсер алуы тиіс. Ескерткішті өз кейпінде ұс­тау­­дың өзі бір ерекше мәселе. Сондық­тан көне ескерткіштерде тек арнайы мамандардың – рес­­тавра­торлар мен музей қызмет­керлерінің, археологтардың жұмыс жүргізуіне рұқсат беріледі. Өкі­ніш­ке қарай, соңғы кезде рес­таврациядан өткен деген ескерт­кіштерді көріп көңілің қалады. Байырғы ескерткіштер мұндай реставрациялардан соң «новодел»  жасанды, жаңа құры­­лыс­тарға айналып кетеді. Түркіс­тан облысының Қазығұрт ауда­нын­дағы Тұрбат ауылында ХІІ ғасырға жататын бір кесене қал­дығы болған. Оның орнына жаңа құрылыс салынып, 800 жылдық байы­рғы құрылыстан айырылып қалдық. 
Туризм деген көп бөліктен тұра­тын үй іспеттес. Мысалы үй­дің төбесі жабылмаса немесе терезелеріне әйнек салын­ба­са оған жағдайы бар адам жай­ғаспайды. Ал турист дегені­міз – әрқашанда қалтасында ақшасы бар қазіргі заманның адамы. Оның өз еңбегімен тапқан адал ақшасына есте қалатындай, аса қызықты, кейін сол сапардан орал­ған соң жолдастарына тамсанып ауыз толтырып айтатындай, туристік орынға ие елге барып, демалып келгісі келетіні түсінікті. Яғни туризм дамуы үшін тек туристер көретін орындармен қатар туристік ин­фра­құрылым – сервис дамуы қа­жет. Бұл қазіргі за­манғы аэропорттармен, темір және тас жолдар жүйесі, ішінде әжетханасына дейін жасақталған автобустар, көпжұлдызды қонақ үйлер, ресторандар мен асханалар, ағылшын тілінде сайрап тұрған экскурсовод-гидтер болуы тиіс. Туристерге барлық жағдай жасау – туризм­нің басты мәселелерінің бірі. 
Туризм дамуында жарнама рө­лі де ерекше. Неліктен шетел­дік туристердің басым бөлігін Фран­циядағы Париж, Түркиядағы Ыстанбұл мен теңіз жағалаулары, Грекиядағы Афины, Қытай мен АҚШ елдері қызықтырады? Себе­бі бұл елдердің тарихы мен ескерткіштері болашақ турис­тердің миына бала кезінен теледидар арқылы әбден құйылған. Ал біздің еліміздің керемет ескерт­кіштері – Ботай мен Кент, Берел обалары мен Қозы-Көр­пеш кесенесі, Маңғыстаудың жер­ас­ты мешіттері, тіпті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы жоғары деңгейде түсіріл­ген киноларымыз бар ма? Аз. Өз дәрежесінде емес. Көп жағдайда нақты ескерткіш­терді көрсетудің орнына музей диарамаларын қайталап көрсетіп отырған кинолардың несі қызық? Музейлеріміздің басым көпшілігі бір инкубатордан шыққан сөрелі дүкендер сияқты. Тақырыптық-экспозициялық жоспарлары да бір-бірінен көшіріліп алғандай ұқсас. Барлық ауданда этно­ауыл жасай берсек, несі қызық. Әрбір туристік нысанның ерек­­шелігі болуы тиіс. Әрбір музей­дің қайталанбас өз келбеті болуы керек. 
Батыс Еуропада кез келген жағ­дайды пайдаланып өз ескерт­кіштерін жарнамалап отырады. Айталық, Париждегі қонақ- үйлерде әрбір қонаққа тарихи ескерткіштер жөнінде жазылған буклеттер тегін таратылатынын, асханаларда бір мәрте пайдала­натын қағаз салфеткаларына дейін қала ескерткіштерінің орна­ласу карталары мен суреттері бейнеленгені сол елдегі туристік фирмалардың насихаты мен жар­­намасының қаншалықты дәре­жеде дамығандығын көрсе­тіп тұр. Қазақстанда түсірілетін көпшілікке арналған көркем фильмдерде тарихи орындар, кесе­нелер, табиғи қорықтар көрсе­тілуі керек. Біз тарихи және таби­ғи жерлерімізді насихаттауымыз керек.
Расында, туризмнің пайдасын салфетка шығарушыдан бас­тап автобус жүргізушіге дейін, қо­нақүйде қызмет ететін адамдар, ресторандарды көкөніс, ет, ас­пен қамтамасыз ететін адамға дейін, жанармай сатушылардан диқан мен қолөнершіге дейін көреді. Сондықтан сол елдің әрбір азаматы кез кел­ген қо­наққа тарихи орындарын көрсетіп таныстыруға, жол сілтеуге әрқашан дайын тұра­ды, ол қаласын айнадай таза­лық­та ұстауға мүдделі. Осы жағ­­­дай­­­лардан үлгі тұтарымыз, үй­рене­ріміз көп. Оны тек көпшілік бо­лып ортақ іс етсек, ел экономикасы мен мәдениетінің алға басатыны анық. 

Гүлжанат БАЙСАРИЕВА,
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкері

Түркістан облысы