Өнер • 26 Шілде, 2018

Қазағына қадірлі «Қорланымен»

874 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екібастұз қаласына қарасты Қаражар ауылы маңындағы Әулиекөлдің жағасында әйгілі әнші-композитор Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы аталып өтті. Той үстінде тұлғаны есте қалдыруды көздейтін ұғымды ұсыныстар да айтылды. Облыс әкімі Болат Бақауов Естайдың есімін музыка мектебіне беру жөніндегі ұсыныс облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралатынын айтты. Облыс орталығында ақынға ескерткіш орнатылады. Қалалық тарихи-өлкетану музейінде арнайы зал ашылды.

Қазағына қадірлі «Қорланымен»

Той белгілі опера әншісі, жерлесіміз Шахимардан Әбі­ловтің орындауындағы Естай­дың атақты «Қорлан» әнімен басталды.

Тамсандырған құді­ретті әннен соң Қазақстан Ком­позиторлар одағының төр­ағасы Балнұр Қыдырбек Мәде­ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқыды. Содан кейін Естай Беркімбайұлы шығармашылығы туралы баяндама жасады.

Әулиекөлдің жағасын ән мен күйге бөлеген мерейтойлық шаралар этноауылда жалғасты. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер ме­рекенің сәнін кіргізді. Жан-жақ­тан жиналған өнерсүйер жұрт­шылық жас өнерпаздардың фес­тивалін, зиялы қауым қатыс­қан шығармашылық диалог ала­ңындағы кездесуді көріп, бір рахатқа батты.

Той аясында ұйымдастырыл­ған «Даладағы рухани диалог» алаңындағы басқосуға Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профес­соры Әміржан Әлпейісов, «Жұлдыз» журналының бас­ ре­дакторы, ақын Ғалым Жай­­лыбай, Ұлттық өнер универ­си­­тетінің оқытушысы, күйші Қайрат Айтбаев, жазушы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай және жергілікті зия­лы қауым өкілдері қатысты. Олар ән-ғұмырлы ақынның өмірі, шығармашылығы жайлы ойларын ортаға салды.

– Естай қазақтың музыка­ мә­дениетіндегі дара тұлға. Ха­лықтың жүрегінен орын алды. Қазақ ән өнерінде Біржан салдан кейінгі реформатор тұл­ға, – дейді ақын әндерінің мә­­­ті­нін зерттеуші Иманғазы Нұ­рах­мет­ұлы.

Ал композитор Балнұр Қы­дыр­бек Екібастұздағы М.Глин­ка атындағы балалар музыка мек­тебіне Естай ақынның атын беруді ұсынды.

Бұл күні көпшілік Естай Беркімбайұлы туралы деректі фильмді тамашалады. Осы жерде мерейтой шарасына келген облыс әкімі Болат Ба­қауов Голливудта өткен Ха­лық­­аралық таланттар олимпиадасында жеңіске жеткен «Бастау» домбырашылар тобын жеңісімен құттықтады. Осы «Бастау» тобында өнер көр­се­тетін Темірлан Олжабай болса Естайдың жиені екен.

Сонымен бірге Естайдың туған немересі Зекен Жанәбіл­қызы да тойға қатысып, есте­ліктерімен бөлісті.

– Мен Естайдың жалғыз ұлы Жанәбілден туған тұңғыш немересімін. Менен кейін Зей­неш деген сіңілім бар. Екеуміз атам мен әжемнің тәрбиесінде болдық. Өте сабырлы, кербез, сал­мақты, парасатты жан еді. Өлең жазатын жеке үс­телі болатын. Жанында домбырасы сүйеулі тұратын. Өлең жазып болған соң қолына бірден дом­бырасын алып, құлақ күйін кел­тіретін, – деп еске алады әжей.

Ал қалалық тарихи-өлке­тану музейінде енді ғана ашыл­ған Естай залындағы ерекше дүниенің бірі – екібастұздық Баян Қайнышева мүсіндеген қос ғашық Естай мен Қорланның жас күніндегі бейнелері.

Ән, ғашықтар демекші, осы­нау той кезінде аяулы тағ­дыры аңызға айналған Ес­тайдың Қорланы да қатар ата­­лып отырды. Бұрындары Марал­ды­ көлі жағасындағы Ұрық ауылында Сұңқар, Солтан есімді ағайындылар тұрған екен. Естай ақынды естен тан­ды­ратын Құсни мен Қорлан осы Солтанның қыздары екен.

Кейін Нұрмағанбетке қо­сыл­ған Қорлан бес ұл көрген. Нұр­мағамбет атамыз бай тұ­қымы ретінде қуғындалады. Қор­­лан 59 жасында өмірден өтіп,­ Ресейдегі Бөрлі ауданы, Қа­­ранай ауылында жерленген екен. Алдыңғы бір жылдары облыс әкімдігі мен ұлтжанды аза­мат Қуат Есімханов бастап «Мұнда қазақтың хас сұлуы Қор­лығайын Әйіпкеліні жатыр» деп жазғызып, үлкен ескерткіш белгі орнатып қайтқан-ды. Ас берілді.

Бұл да бір қазақ әнінің, мөл­дір махаббаттың тағдыры, өткеннің тарихы.

Тойға келген жазушы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғарин:

– Естай мектеп оқыған жоқ, консерваторияның есігін ашқан жоқ. Бірақ ұлттық мектептің тәрбиесін көріп, дәріс алды. Қазақ тарихындағы сал-серілік кезеңнің ірі тұлғалары атақты Біржан сал мен Ақан серінің қасында болып, солардың тәр­биесін алып, өнерге деген­ көзқарасын ұғынып, жан дүние­сін түсінді. Естайдың ерекшелігі – алыптардың көлең­кесінде қалмағандығында. Со­лар­дың мектебінен өтіп, үлгі-өнегесін ала отырып, музыкаға өзіндік маз­мұн беріп, иірім, ырғақ беруі – Естайды Естай қылған құдірет! – деді. – Бүгін, міне, туған халқы, жер­лестері той арнап, еске алған Естай (Есмағамбет) Беркім­бай­ұлы (1868-1946) – ақын, әнші, ком­позитор. Кереку өңіріндегі Екі­бастұз ауданы, Ақкөл ауы­лын­­да туған. Естайдың «Жай­­қоңыр», «Назқоңыр», «Май­­да қоңыр», «Сандуғаш», «Юран-ай», «Бір мысқал», «Дү­ние-ай», «Қоштасу» әндері қазақ музыкасының алтын қо­рын­да сақталған. Белгілі музыка зерттеушісі А.Затаевич Естай­дың әндерін нотаға түсірген.

Мен өзім де облыстық газетте (1985-1999 жылдары) қызмет етіп жүрген кезде марқұм, журналист Айтжан Бәделханов ағамыздан Естай ақын, Қорлан сұлу жайлы хикаяны өте көп естідім. Жарықтық аңыздай ғып айтушы еді. Университет бітіріп Алматыдан келген жас кезіміз. «Алтай өлкесі жағына барып қайтыңдар» деп сол кезде айтатын еді.

«Тағы да айта беріңізші деуші едік», сонда. Жазып алатындай диктофон ол кезде болмады. Кейін Айтжан ағамыз Естай ақын туралы зерттеп, кітап жазып кетті.

Естай ақынның 150 жылдық тойына арналаған шара соңында «Қорқыт» республикалық этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетсе, қолөнер шеберлерінің бұйымдары халық назарына ұсынылды. Соңы аламан бәйгеге ұласты.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы,
Қаражар ауылы