Әуесқой бокста асқан шеберлігімен көзге түскен Әлиді ара-тұра кәсіпқой рингтен де көріп жүргенбіз. Аяқ алысы жаман болған жоқ. Қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып, майталман мамандардың назарына ілікті. Содан Сағатбек Мұсахановтың шәкірті Америкаға сапар шегіп, кәсіпқойлар арасында күш сынасуды құп көрді. Бұл ретте де қадамы сәтті болды. Былтыр ол АҚШ-тың Остин қаласында америкалық Кертис Хилді төртінші раунда ұрып жығып, WBC нұсқасы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атанды. Кәсіпқой рингте жалпы 11 кездесу өткізген Ахмедов барлығында жеңіске жетті. 8 бәсекені мерзімнен бұрын аяқтады.
Лос-Анджелесте Әли Ахмедов 33 жастағы жергілікті боксшы Хорхе Эскалантемен айқасады. Қарсыласы 11 рет рингке көтеріліп, 9 рет жеңіске жеткен. Бір бәсекеде ұтылса, тағы бір кездесуде тең есеп тіркелді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»