Бағашар Тұрсынбайұлы. Әбдірахман

Жарық әлемнің қақпасын ашып, сенен әлі бейхабар ғазиз дүниенің табалдырығын аттағанда, әуелі қуанатын, жүрегі атқақтап айналасынан сүйінші сұрайтын – әке. Жақсылығыңа қуанып, әр басқан қадамыңа тілекші болып отыратын әкенің ішкі әлеміндегі жан толқынысын сөзбен бедерлеу қиын-ақ шығар. «Үміт еткен көзінің нұры» – баласы қатарласынан басы артық, бәсі биік болса, әке қалай үмітшіл болмасын. Әке үмітін сезінген, қадірін білген, жан-тәнімен сол үміт жолында ештеңеден аянбаған бала туралы ойлағанда, Әбіш пен Абайдың алыстағы сарыны жетеді. Үзілген үміт, сынған сәуленің трагедиясы бір Абайдың тағдырын күрт өзгерткен қайғы емес. Мұқым қазақтың арманшыл жүрегі сүйген, жаны қалаған бала бейнесінің озық үлгісі – Әбдірахман еді.

Егемен Қазақстан
26.07.2018 3053
2

Он үш жасынан ел ісіне араласып, алысып, жауласып, билік айтып, Құдай берген бар талантты жұрт басқару жұмысына арнаған Абай отызға таяған жасында бар дүниенің тұтқасы білім деп түсінді. Қазақ арасында білімі де, сөзі де биік болғанымен, орыс ұлықтарымен араласа келе оқымасқа болмайтынын сезді. Сөйтіп, өз бетімен орысша кітап оқып, Семейде ұзақ қыс бойы кітапхана бағып, қалып қоятын болды. М.Әуезов «Абайдың туысы мен өмірі» еңбегінде, Абайдың білімге ынтасы ашылып, ықылас қойған шағын айтып келе: «35 жасында өзі кітап қарастыра бастағанымен қатар, екінші баласы Әбдірахманды Семей қаласында уездік үшкелге оқуға береді. Бұл баласы кейін өндіріп ұзақ оқып кетеді» деп жазады. «Баламды медресеге біл деп бердім» деген әке сөзінің аржағында терең білімге нұсқаған талап жатыр. Әбдірахман сол талаптың тұлпарын мінді. Абайдың арнау өлеңіндегі «бір ғылым еді іңкәрің» деген баға, мінездеме бекер болмаса керек. Жаңаның басы деп білген ұлын әу бастан-ақ оқуға беріп, алысқа ақша аямай жіберуі Абайдың байлығынан емес, бала танығандығынан. Ақын перзентке келгенде ерекше көзқараста болған. «Рақымшалға» атты өлеңінде оны айқын сездіреді. Егер бал болмайтын бала болса, Абай осыншалықты назар аударар ма еді? (Хәкімнің білімге ынтасы зор, зерек балалардың бәрін өз қаражатымен оқытқанын да естен шығармаңыз). Сондықтан Әбіш білімге келгенде ақынның өз баласы емес, білімге ынталы, көкірегі ояу жұрт баласы қатарында. Ең бастысы жаңа толқын есебінде және сол толқынның басы, өзге емес – Әбдірахман.

Абай бала күнінде қатты ауырып, үсті білеу-білеу боп қызарып, ыстығы көтеріледі. Есі шыққан Зере әже мен Ұлжан ел ішінде жүрген Құнанбайды шақырыпты. Үйге кеп, аурып жатқан баласын көріп, Құнанбай: «Абайжанның бар қуаты ішінде еді, сыртына шығыпты. Ешкімге көрсетпеңдер» депті. Сол жасында Абайды Семейге Ахмет Риза медресесіне оқуға берген екен. «Не күтсеңдер де мына жаман қарадан күтіңдер» деген сөзі де бізге мирас боп қалыпты. Бұл әкенің баланы сынауы, я бала тануы болатын. Бұл дәстүр Абай әке болғанда да жалғасады. Наушабай дейтін кісі жол жүріп келе жатып, Абайдың үйіне түскенде: «Абайжан, өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма?» деп сұрағанда, Әбіш екеуінің арасындағы әйгілі «Ақ асыл ма, қара асыл ма?» деген сұрақ-жауап оқиғасын мысал етіп айтыпты. Баласының тауып айтқан сөзіне риза болып, маңдайынан иіскеген әкенің үкілі үміті осы сәтте туғандай ма, қалай?.. Кісі баласына жөнсіз еміреніп, мақтамайтын Абай өз баласына риза болып отырғаны – көзі жеткені, көңілі тойғаны.

«Абай өмір сүрген кезең – қоғамдық екі формация аралығында, бодандық қоршылығында күйзелген қазақ дағдарысының шегіне жеткен уақыты» дейді Тұрсынжан Шапай. Әбдірахман білімге бас қойып, ғылым қуған кез – жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялыларының өніп келе жатқан тұсы.  Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновтар мен Әбіштің арасы 2-5 жас. Абай ұлына «жаңаның басы едің» дегенде қазақтың білімді, оқымысты жаңа тобы өсіп келе жатқанын данышпандық түйсікпен сезген сияқты...

Әбдірахман оқу қуған кезінен бастап, қызметке тұрған шағында да ылғи түзде болады. Ара-тұра демалыс алған шағында, елге келіп, отбасының, халықтың тұрмыс-тіршілігіне араласады. «Абай жолы» романында Абай балаларының портреті де осындай ел ісіне араласқан шақтарында көрінеді. «...біраз оқиғалар Әбіш іс-әрекеттері мен характерін аша түсу үшін, оны әрекет, қимыл үстінде көрсету үшін енгізілді. Дәрмен мен Мәкеннің басына азаттық алып берді. Осының бәрі Оразбайлар көкірегіне атылған оқтай болып қадалды. «Болмай жатып бәле қуғызды ма әкең саған? Тек тұрысып көріңдер әкең екеуің! Өлісер жерге жетіпсің, өкінбе тек!..». Доңайбат жасап сескентем деген Оразбай, мына жігітті қорқыта алмай, ширықтыра түскенін көрді де, үн қатпай сүзе қарап қала берді" (124-б.). Бұлардың бәрі де Әбіш характерін ұлғайта түсудің үстіне шығарманың сюжеттік өрісін де кеңейтті және белгілі бір деңгейде оларды бір-біріне ұқсағысыз даралыққа көтерді. Бұл жерде Абайдың ойы, сөзі шешен, терең, өткір келсе, Әбіш негізінде әрекеттің, қимылдың, тік сөйлеп тіресуге жарайтын жастың пішінінде танылды» дейді Талатбек Әкімов романға жазған ғылыми түсініктемеде.

Оқуын  1882 жылы Семей қаласындағы уездік мектептен бастаған Әбдірахман 1886-1889 жылы Тумен қаласындағы Александр реалдық училищенің 5,6,7-кластарын тәмамдап, 1889-1892 жылдары Петербордағы Михайлов артиллерия училищесінде 3 жыл білім алады. Училищені үздік бітіріп, подпоручик  әскери атағын алып, 1892 жылы Ташкенттегі бекініс гарнизонының артиллериясына қызметке жіберілген. 1892 жылы елге демалысқа келгенде Мағрипаға үйленеді.

Ақынның Мағауиядан тараған ұрпағы, марқұм Ғазел Жағыпарқызының естелігіне: «Абай атамның екінші ұлы Әбдірахман Шоқан Уәлиханов сияқты оқымысты болған. ...Рахила деген бір қызы болған. Әйелі – Мағрифа. Рахиладан екі ұл, бір қыз болды. Екі ұл да соғыста қайтыс болып кетті. Жалғыз қызы – Ай. Айдан екі қыз, бір ұл бар. Ай қайтыс болып кетті. Оның жолдасы Әбдірахман Жаймурзин – ғалым, бір кезде Жазушылар одағының хатшысы, обком хатшысы болған. Айдың бір қызы қайтыс болып кетті. Қазір Әлия мен Аманжол деген баласы қалды. Аманжол – ғалым. Әбдірахманнан қалған жұрағат – осылар» дейді.

Әбіш 1895 жылы 15 қарашада Ташкентте қайтыс болып, сүйегі елге әкелініп, Ақшоқыға жерленеді. Ташкентте аурып жатқанында Семейден Мағауия барып, жанында болады. Әбіштің науқасы кезінде Абай да, Мағауия да, Кәкітай да  («Я, құдай, бере көр», «Тілім, саған айтайын» деп басталатын Абайдың Әбдірахман деген баласы ауырып жатқанда Кәкітайдың атынан жазған өлеңі төңірегінде... Қ.Мұхамедханұлы бұл екі өлең Кәкітайдікі дейді. Кәкітайдың басқа ақындық мұрасы жетпегендіктен болар, бұл өлеңдер Абай шығармасы ретінде танылып, 1933 жылғы жинақтан бастап, Абай шығармаларының қатарында орын алып келеді. Бір ескеретіні, Кәкітай мен Турағұл шығарған 1909 жылғы жинақта бұл өлеңдер жоқ. 1933 жылдан бері қарайғы енген Абай жинақтарында «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат» деп берілген атына сай өлең Кәкітайға тиесілі болып жазылған» дейді Бауыржан Ердембеков) жан күйзелісінен біршама өлең жазады. 

Ал Әбдірахман дүние салғанда, Абай мазмұндық жағынан да, поэтикалық бітімі жағынан да мүлде өзгеше жоқтау-жырларын арнады.

«...Оспанның өлімінен соң Абайды қатты күйдірген өлімнің бірі осы болды. Бұл баласы Абайдай әке өмірінің жалғыз бір үлкен жұбанышы болған еді. Соның мұратына жете алмай ерте өлгені артында қалған әкесін қатты қайғыға салған. Ел ортасында «етек басты» көріп талпынған адамшылық жарығына өз басы жете алмай, барлық өмірі «сандалмамен күн кешкен» өмір болғанда Абайдың қиялы мен сағынып көксеп, асығып аңсап іздеген, мағыналы тіршілігі сол баласының тіршілігі болса керек. Шынымен көп үшін өмір сүріп, өнімді еңбек етіп, мағыналы адамшылық ұрығын шашатын жалғыз үміті сол еді. Соның ерте өлгендігі Абайдың жүрегінен тағы да қатты толқынып келген көп-көп зарды шығарды. Әбіштің өліміне арнап айтқан өлеңдері, Оспанның өліміне айтқаннан да қайғылы, зарлы, шерлі сөздер болады. Бұл өлім де, осы кездегі барлық өлеңіне қайғы мен өкініштің қалың арманының уын жайғандай болды» (М. Әуезов).

***

Абайдың Әбдірахман қайтқанда жазған өлеңдері Әбіштің нақты бейнесін көрсетеді. Ешқандай құжат, естелік айта алмаған дәл суреттеуді өлеңнен табамыз. Әбіштің жан әлемі, парасат болмысы, дегдар қасиеті әке қаламы арқылы бізге жеткені – үлкен олжа.

Әбдірахман қайтқанда шығарған өлеңдерінің алғашқы үшеуі жоқтап, таусылып: «сабыр қылсақ керек-ті» деп аяқталады. «Тұл-бойың ұят, ар едің» олай аяқталмайды. Кейін өлеңдерінде қайта «сабыр қылсақ керек-тіге» көшеді. Бұл шынайы жоқтаудың көрінісі болса керек. Сабыр – алғашқы соққыда. Одан кейінгі бойды меңдеген қайғының уына кім болса да, шыдас бере алмайды. Егіледі, таусылады. Бірақ көнеді. Құдайды қарғайтын, тағдырға арыз айтатын әдет Абайда болсын ба?! Одан кейінгі жоқтау-жырлары қайта сабырдан тиянақ тапқан ақын көзқарасындағы арамнан татпаған, қарызын артығымен қайтарған, білімге іңкәр болған Әбіш – Құдайдың бергені.

Іздеп табар жалғаннан

Бала берген пенде едім.

Пенде өлмейді арманнан,

Мінеки, мен де өлмедім.

Өмірінің мағынасын байыта түскен дегдар ұлдың болмысына риза болған және одан көз жазып қалғанда да «тірі адам тіршілігін жасайды» деген тоқтамға келген әкені көреміз. Мұншалықты үлкен сабырдың ар жағында үлкен арман, зор қайғы жатыр.

«Ақынның міндеті жаңа эмоциялар ашу емес – әдепкі эмоцияларға поэтикалық тұрпат бере отырып, ондағы жоқ сезімдерді тауып өрнектеу» депті Т. Элиот. Бұл өлеңдерден оқырман Абайды ақын ретінде де, әке ретінде де көреді. Бірақ ақын өзін тек әке болып ұстайды. Бұл жерде Абайда ақынмын деген ой жоқ. Бірақ өлең арқылы саналы, бейсаналы түрде өзге ақын жоқтаса онда табылмайтын «сезімдерді тауып өрнектейді». Бір жоқтаудың ішінде тек сүйікті ұлынан айырылған жанның азасы емес, әрбір әкеден табылатын балаға деген сүйіспеншілік, махаббат, ақынның арман-аңсары, үміт-жоспары бар.     «Сарғайған жүз, сарылған көздің», бір үміт, бір қауіп еткен көңілдің ендігі дамыл табар соңғы аялы – өлім болғаны  қандай жазадан да ауыр. Бірақ соны белі қайысса да көтерген – Абай.

Қайғы басқан көңілге қимастық сезім араласқан зіл батпан ауыр күйде, Әбіштің басын, тіпті, артық әспеттейтін де шығар. Бірақ өз тұрғысынан өте әділетті айтады. Өйткені ол кешкен сезімді басқа біреу кешпек емес. Оның түйсінгенін басқа жан түйсінер емес. Араға 123 жыл салып, Әбдірахман өлгенде жазған жырларды оқып отырған біз Абай бағасына иланармыз, бәлкім, иланбаспыз. Бірақ тура сол сәтте, Әбіштің жүрегі ақырғы рет соққанда әке сөзіне иланбаған жан болмағанына сенемін. Тіпті, мәселе онда да емес. Мәселе ерді жоғары бағалау үшін де соған лайық қасиет о баста бойында болуға керек. Ол – Әбіште бар. Ал оны Абайдан артық кім біледі?!

Кешегі өткен ер Әбіш
Елден бір асқан ерек-ті.
Жүрегі – жылы, бойы – құрыш,
Туысы жаннан бөлек-ті.
Өнері оның жұрт асқан,
Ғылымға көңілі зерек-ті.
Аямаған ғаріптен
Қолдан келген көмекті.
Кісіге сідет жүктетпей,
Еңбекпен тапқан қоректі.
Біреудің қылған қарызын
Айтқызбай артық төлепті.
Боямасыз ақ көңіл,
Кірлетпей кетті жүректі.
Ойламаған өлімнен
Жасқанамын демек-ті.
Тағдырға тәбділ бола ма,
Сабырлық қылсақ керек-ті.

Бар сезімі де, бағасы да өлең ішінде. Бұл өлеңдерде Абай да, Әбіш те бар. Әбіш іші-сыртымен, Абай ішімен, қайғы-шерімен бар. Тіпті, арғы атасы – қажы да өлеңге кіреді. Бірақ ата үшін емес, бала үшін. Атаның солай болғаны заңды, баланың оған ұқсауы үлкен сынақ қазақ үшін. Атаға тарту – абырой. «Жасқа жас, ойға кәрі едің, атаңның атын жоймаған». Міне, қазақы өлшеммен келгенде де Әбіш – эталон. Бірақ Абай оған бір ғана өлшеммен қарамайды. Әбіш одан биік, үйренуге тоймайтын, әлемнің ғылымын бойыма жинап, соның нұрын елге шашсам деген – тұлғасы зор азамат. Оған қалай әлі әлі ғылымның шырағы толық жанбаған, «қоғамдық екі формация аралығында» сарсаң болған қазақтың көзімен қарасын.

Абай Әбішті әке ретінде жоқтап бақты. Бірақ сабырға әке емес, Абай боп келді. Себебі, ұлы да ажалды сабырмен күткен. Өз басына қауіп келгенде, одан жасқанбай, керісінше, оны естіген әкеге ауыр болады деп сабыр етуі – Әбіштің де артықшылығы.

Әбішті жоқтай отырып, жас болса да – жүзге келген шалдай көпті көргендігін айтып, ұлым осындай еді ғой деп Абай тамсанбайды. Оқыған, білімге талпынған жас сондай болуға керек деген ишара жатқандай сезіледі. «Құйрықты жұлдыз секілді туды да, көп тұрмады» дегізетін жас өлім кімді болса да қаусатары анық.  Бірақ әрбір жас дәл сондай көріп-білуге, оқып-тануға ынтызар болар ма? Жоқ. Ал өсем деген, жетем деген жұрттың жасы солай болуы керек еді ғой. Ондай жас өлімді де қиынсынбайды.

Әбіш – Абайдың зор өкініші. Анығы дүниеден ерте қайтқан Әбіш. Ақынның өмірінде енді Әбіштің екі бейнесі пайда болды. Тірі һәм өлі. Абай мен Әбіш арасындағы ендігі дәнекер – ажал. Өлеңде нақты ажалдың өз бейнесі жоқ. Бірақ соның ауыр зардабы бар. 

Ел ішіне сау келсең,

Тағылым айтпас ер ме едің?

Жол көрсетіп сонда өлсең,

Арманым бар дер ме едім?

Міне, әкенің қайғысы – осы. Орындалмаған арман, аяқталмаған сапар. Әбішті жоқтап жазған әрбір өлеңі – тұрпаты жағынан құйылып түскен, ырғағы үзілмеген тұтас жыр. Бұндай өлеңдер адам жаны қысылып, ерекше толқыған шақта туады. Жан толқыған ерекше күйдің жетегінде кеткен ақын жүрегі өлеңнің не екенін де ойлап үлгермейді. Жүйкесінің әр талшығын үзіп, жүрегінің әр лүпіліне қайғы жамап отырған ауыр өлімнің қайғысын, жанына батып бара жатқан өкініш-зарын Абай өлеңнен өзге кімге айтады. Кітапқа әбден көңіл қойып, ақындық қуатының көзі ашылып, көбіне өлең жазып жүрген өнімді жылдарына тұспа-тұс келген асыл ұлдың қазасына өлеңнен артық жұбаныш таба ала ма? Шын өлеңнің қадірін арттырып, айналасына да ендігі қазақ өлеңінің бағытын көрсетіп жүрген ақынның жан толқынысы еріксіз де жыр болып төгілді.

Әке, ана, бауыр, ғашық болып та жоқтады. Ұлының іші-сыртын түгел таныған әкенің әр өлеңіндегі бағасы таусылмайды, артады. Өз әлінше дүниеден өткен небір қаһарман батырлар мен данышпандармен тең қойды.

Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» еңбегінде: «Абайдың ақындық дарынын жете таныған, оның профессионалдық жолға түсуіне кеңесші болған адамдардың бірі Әбдірахман деп білеміз. Сол Әбдірахманмен Абай ғылыми, философиялық тақырыптарға көп сөйлесіп отырған. Тіпті, Абай одан пікір жарысын көруді ұнататын болған. Бұдан біз әр мәселеден тиянақты, терең бары бар Әбдірахманмен әңгімелесуден Абайдың рухани ләззат, нәр алып отырғанын аңғарамыз» дейді. Демек, Абай тек баласынан айырылып отырған жоқ. Өзімен рухани деңгейлес, білімі тең, пікір таластыра алатын серігінен айырылып отыр.

Бермеген құлға, қайтесің,

Жұлынарлық ерлікті.

Ажал тура келген соң,

Шыдатпайды берікті.

Ғаріптікке көз жетті,

Алғаннан соң серікті.

Өмірін берген Құдайым

Ажалын да беріпті...

Қазақ поэзиясында жоқтаудың сан түрі бар. Жоқтаудың қазақ тұрмысында орны да ерекше. Құр егілу емес, жоқтай отырып, ел алдында, болашақ алдында Әбіштің әділ бағасын айту Абайға бұйырыпты. Ешқандай делдалсыз Абайдың өз аузынан естіген баға, әрине, бізге онсыз да Әбіштің әз бейнесін зорайтып көрсетеді. Хәл үстіндегі қасіретті күйінен бастап, ажал алғанға дейінгі бүкіл жан жүрегін езгілеп, қан жоса ғып тілгілеп өткен күндер мен ауыр азапты өлеңге айналдырып келген әке онымен қоштасқан жырларында да аза тұтқан жанның психологиясын үзбейді.

«Тақырып жағы мен нақтылы факт жағынан алғанда бұл өлеңдер Абайдың жеке ғана өз басының үй-ішілік қайғысы, бас лирикасы деуге болады. Бірақ, сырт қалыптары қазақ поэзиясында кеп кездесетін көңіл шеріне, мұң жырларына, жоқтау сарындарына ұқсаса да, дәл осы өлеңдердің өзінде де Абайдың ақындығы өзгеше үлгі тудырып, тағы бір бұрын шықпаған шеберлік танытады» деп жазады Мұхтар Әуезов.

Қазір хәкімнің тұтас шығармашылығының басы – өзінен азат. Мұрасын Абайдікі деп білгенімізбен, біреуге көңіл айтып жұбатсақ та, өзіміз жұбансақ та осы Әбдірахман өлгенде жазған жоқтау-жырларға сүйенетін болыппыз. Онсыз да Абайға жүгінгіш мінезіміз бар емес пе?!. Уақыт өткен сайын құр тамсанып, «па, шіркінмен» ғана шектелмей, ақын мұрасын ұғып, түсінуге талпынған қазақ баласы көбейіп келе жатқандай үміт қыласың...

***

Әбіш сипатындағы бала кез келген әке мен анаға – арман. Абайдың да айтқаны сол. «...Пенде өлмейді арманнан, мінеки, мен де өлмедім». Әбіш дүниеден қайтқанда Ақшоқыға Әбішпен бірге, әкенің, қазақтың Арманы жерленген болатын.

Кейінгі қазақ – бізге де Арман – Әбдірахман...

Бағашар Тұрсынбайұлы,

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.11.2018

Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

18.11.2018

Элизабет Тұрсынбаева Мәскеудегі турнирде үздік алтылыққа енді

18.11.2018

Қызылорда облысында МЖӘ бойынша екі спорт кешені ашылды

17.11.2018

Amazon мен Google-де жұмыс істейтін қазақстандықтарды елге шақыру керек - Атамекен ҰКП

17.11.2018

Павлодар облысында 370 жүргізуші мөлшерден артық жүк тасыған

17.11.2018

Павлодарда 524 полиция қызметкері пәтерге мұқтаж

17.11.2018

Дулат Қажанов: Оңтүстік тұрғындарын Күршімге шақырамыз

17.11.2018

Таразда Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті

17.11.2018

Қызылордадағы ЖКО: 29 адам ауруханада, 45-і үйіне оралды

17.11.2018

Қызылордада жолаушылар автобусы соқтығысты

17.11.2018

Атырауда балық шаруашылығы басқармасының басшысы тағайындалды

17.11.2018

Астанада дзюдодан Қазақстан Чемпионаты өтті

17.11.2018

Таразда «Туған жерге туыңды тік!» форумы өтті

17.11.2018

Ақ Жайықтың жастарында жігер көп

17.11.2018

Оралда қоғамдық ұйымдардың VIII форумы өтті

17.11.2018

17 қарашаға арналған ауа райы болжамы

16.11.2018

Қазақстан туризмін дамытудағы кезекті қадам

16.11.2018

Абылай ханның Галдан Цереннің тұтқынында болған жері табылды

16.11.2018

Қазақстан қор биржасы 25 жылдығын қорытындылады

16.11.2018

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Sheraǵań shertken sher

Qazaq jýrnalıstıkasynyń qara narlary Sherhan Murtaza men Kamal Smaıylovtyń «Egemendegi» hattary kezinde qoǵamdyq sanaǵa serpilis ákelgeni málim. «Qadirli Kamal Dos!», «Qadirmendi Sherhan!» dep bastap, el ómiriniń qaltarys-bultarystaǵy búkil problemasyn jipke tizip kórsetken, odan shyǵatyn jol izdegen eki tulǵanyń hattaryn qazir oqysań, alysty boljaı bilgen kóregendigine eriksiz tańǵalasyń. 

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Sotqa silteı salý sán be?

Qara qyldy qaq jaryp, ádildikti aıtqan qazaq bıleriniń bılik qaǵıdasy: «Týra bıde týǵan joq, týǵandy bıde ıman joqqa» negiz­delgeni málim. Qasqaıyp turyp qamshysyn aldyna tastap: «Baı bolsań halqyńa paıdań tisin, batyr bolsań dushpanǵa naızań tısin. Baı bolyp paıdań tımese, batyr bolyp naızań tımese jurttan ala bóten úıiń kúısin» dep Áıteke bıdiń shamyrqanǵany, judyryqtaı jumylǵan Qazybek bıdiń Qońtajyny bılik aıtý kezegi tıgende: «Sózdi óńmenime suǵyp aıtqan kezde, eki ıyǵynan eki aıý aýzynan ot shashyp «typyr»» etshi, «kóreıin» dep turdy. Kórdińiz be, bılik aıtqan adam sózimen de kózimen de, susymen de yqtyra alady eken. Qazaq bıleri dala zańynyń oryndaýshylary bolǵan. Tek ádildikti tý etip kótergen onyń aldynda han da qara da birdeı jaýap bergen.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу