Өнер • 27 Шілде, 2018

«Ауылында бар ағаның қызқарағай» - Жоламан Тұрсынбаев

1336 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1939 жылы құрылған Қазақстан Композиторлар одағының тарихында ең әйгілі жасампаз ұрпақ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дүниеге келгендер еді. Бұлар – Жолан Дәстенов, Тілес Қажығалиев, Сейдолла Бәйтереков, Қаршыға Ахмедияров – бәрі де қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздар болатын. Көздеген мақсаты биік, талабы мен таланты сай ұрпақ. Қазақ өнерінде өз орнын біліп, істеген істері нәтижелі шыққан ұрпақ. Әңгіме солардың бірі, бүгінде жанымызда жүрген, үлгі тұтарлық деңгейге көтерілген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Жоламан Тұрсынбаев туралы болмақ.

«Ауылында бар ағаның қызқарағай» - Жоламан Тұрсынбаев

Жоламан Қайменұлы Тұрсынбаев соңынан еріп келе жатқан біз үшін – асыл аға, қасындағы замандастары үшін – кемел ер, ал қазақ өнері үшін – қатардағы жауынгер. Кез келген майдан жеңіске қатардағы әр жауынгердің арқасында жетеді. Қазақ өнері де солай. Соңғы жылдары екі нотаның басын қосқанына мәз болып, өзін данышпан санап, кеудесін соғушылар көбейіп кетті. Бірақ олар емес, бүгінде қазақ өнерін дамытып, биік шоқтыққа шығарушы кім десек, өз ортасында, үндемей, күнделікті ісін сапалы, көркемді түрде атқаратын кәсіби маман ғана. Сол кәсіби шеберлігімен ұлттық музыкамызға сүбелі үлесін қосып жүрген маманның бірі Жоламан Тұрсынбаев.

Заманның, елдің сипаты өзгерді. Тәуелсіз Қазақстан музыкасының бастауы болу кешегі кеңес композиторлық мектебінің соңғы түлектері, біздің буынға бұйырыпты. Өзгерген заман та­лабына сай жүріп, талай қиыншы­лықтан мойымай өтіп, тек қана алға ұмтылған біз, бүгінгі қазақ кәсіби ком­­по­зиторлық шығармашылығы әлем музыкасының бірінші қатарында тұр­ғанын мақтанышпен айта аламыз. Оның бір дәлелі – Ж.Тұрсынбаев шы­ғармашылығы.

Жоламан Тұрсынбаев қазірде елі­міздің бетке ұстар композитор­ларының бірі. Әннен операға дейінгі, шағын дивертисменттен симфонияға дейінгі түрлі жанрды қамтитын шығармашылығы бүгінде қазақ музыка­сының келер ұрпаққа қалдырар алтын қорының құ­рам­дас бөлігі. Тыс көзбен қарағанда, музыка шығару да жеңіл, мынадай өнер биігіне шығу да оп-оңай көрінеді. Ал шын мәнінде қалай?

Жоламан анасынан ерте қалды. Қу­ғын-сүргінге ұшырап, он жыл отырып келген әкесі ұлын еркелетпей, еркекше тәрбиеледі. Дегенмен, біздің әріптестеріміздің арасында жаны нәзік, қарапайым, адамгершілігі мол дегенде Жоламаннан артық ешкім жоқ. Композитордың бұл мінезі мәйекті шығармашылығынан да айқын көрінеді. Атап айтар екі қыры бар: ол патриоттық тақырып және лирикаға толы сұлу әуен.

Қазақта тектілік деген ғажайып ұғым бар. Атаның қанымен, ананың сү­­тімен ұрпақтан ұрпаққа дариды. Жо­ламанға қарап, тегі мықты екеніне күмәнданбайсың, оның бойындағы дарынының, терең философиялық ойы­ның негізі де сонда жатыр. Қазақ «тақыр жерге шөп шықпайды» дейді. Жоламан шөп қаулап өскен жерден шыққан. Әйгілі Сегіз сері әндерінің нәзік лирикасы, Біржан сал туындыларының ас­қақ пафосы, Жаяу Мұсаға тән әсем жеңіл әуен, Ақан сері шығармаларының кең салқары Жоламан Тұрсынбаев шы­ғармашылығында жалғасын тапты десек қателеспейміз.

Мен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының І курсына түскенімде Жоламан Тұр­сынбаев V курс студенті еді. Сол кез­дегі 17 жастағы маған ол «шал» болып көрінді. Оның үстіне ірі денесіне қа­рап, «Мына кісі композитор болып не қылады, штанга көтермей ме» деген ой да келді. Бүкіл факультетте, тіпті консерваторияда қазақша сөйлесетін екеуіміз ғана болатынбыз, бәлкім, сондықтан шығар, тез тіл табысып кет­тік. Жоқаң орыстілділер сияқты емес, қазақ тарихына, этнологиясына қа­тысты қызық әңгімелер айтатын. Қазақша айтатын, сондықтан оны менен басқа ешкім тыңдамайтын. Ол кез қазақ даласында тарих та, мәдениет те жоқ, бүкіл жақсылықтың бәрін орыс пен кеңестер әкелді дейтін кез болатын. Кейін білдім, Ғабит Мүсірепов сияқты даналармен тығыз араласатын Жоқаң қазақ тарихы бай, ежелден өзіндік мәдениеті бар халық екенін мүмкіндігінше жұртшылыққа жеткізгісі келді. Алайда арамызда тыңдайтын құлақ болмады.

Композитордың ұлтжандылық сезі­мінің түп тегін, тереңдігін оның тарихи тұлғаларға арналған дүниелерінен білеміз. «Бекет ата», «Ер Жәнібек», «Ұлбике», «Төле би» шығармаларын тыңдап отырғанда арқаң шымырлап, ерекше толқисың. Ұлы бабамыз, XVIII ғасырдың басында ғұмыр кешкен, «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген Толыбайұлы бастаған ақын аталарымыз бүгінге өсиетін өздері келіп айтып тұрғандай сезінесің.

Композитор шығармашылығында ерекше, тек өзіне тән әуездік үні қа­лыптасқан. Оның эстрадалық әнде­рін ешқашан ешкіммен шатастыра алмайсың. «Бір күй бар домбырамда айтылмаған» деп басталатын әнін ал­ғашқы рет естігенде біраз адам тыржыңдағаны есімде. Тіпті, «Қасым Аманжоловтың сөзін бүлдірді» дегендер де болды. Ал шынында, ел құ­лағында бұрынырақ Қасым ақынның өзі шығарған әні жүрді, сонымен салыс­тырды. Енді міне, 40 жыл өте айтарым, Тұрсынбаевтың бұл әні ешкімге бермес шедевр, жауһар дүние.

Суретшілер туындыларын көрермен өз көзімен көріп, бағалай алады. Ақын, жазушылар оқырмандарымен тікелей байланысады. Ал сіз бен біздің арамызда орындаушы тұр, біз, композиторлар соларға тәуелдіміз. Осы тұр­ғыда шығарманың тыңдарманға дұрыс жетуі орындаушыға байланысты. Жо­ламанның да жақсы орындаушының қолына тиген шығармалары шарықтап кетті. «Қызқарағай» әнін бүгінде біл­мейтін қазақ жоқ. Соңғы бес жылда түрлі концерттерде, түрлі сүйе­мелдеумен жеті әншіге айтқыздым. «Қызқарағай» дегеннен басқа бір сөзді ұқпадым. Әдейілеп мәтінді қолыма алып оқыдым. Шынында да ән мәтінінен әуесқойлық сезіліп тұр. Бірақ Бибігүл апайдың шырқауында олай болған жоқ қой! Барша халық болып сүйсіне тыңдадық. Демек бұл композитордың құдіреті, әуен авторының кәсіби шеберлігі. Осы тұрғыдан келгенде марқұм Зейнеп Қойшыбаеваға деген ризашылығым мол. Ол айтқан Тұрсынбаевтың «Досқа сыр» әні әлі құлағымда. Зейнеп апай Жоламанның біраз әнін айтты, сөзін нақтылап, көңілге қондыра айтты.

Осы күндері композитор күрделі тақы­рыпта еңбектенуде. Ол «Батыр Баян» операсын жазып жүр. Ізгі ісіне сәт­тілік тілейік. Шабыт өз-өзінен келмейді. Туған жерде, өскен өлкеде, туған-туыстармен кездескен кезде көңілің көтеріліп, ойың шарықтай түседі. Бүкіл қазақ даласы Жоламан Тұрсынбаевқа шабыт берері сөзсіз.

Жоламан Тұрсынбаев бүгінде кәсіби біліктілігі жоғары, таланты мен шеберлігі тоғысқан, ұлттық дәстүр мен қазіргі уақыт жаңашылдығын біріктіре білген академиялық музыка өкілі. Қазақ өнерінің бүгінгі мәні де, сәні де, көркейетін ертеңі де, да­му бағытымен жүріп болашаққа жол салатындар да – оның қатардағы жауынгерлері, өнерпаз ұл-қыздары. Қазақ халқы ешқашан дарынды, тұл­ғалы ұл-қыздарға кенде болған емес. Солардың бірі ғана емес, бірегейі – композитор Жоламан Тұрсынбаев. Айгүл жеңгеміз (Қазақстанның Бельгия мен Люксембургтегі елшісі) екеуін еліміздің қос жұлдызы деп, ұзақ өмір, жаңа табыс тілейміз!

 

Балнұр ҚЫДЫРБЕК,

композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы