Басты мақсат – жаңа емле ережелерін дайындау барысында егжей-тегжейлі ақылдаса отырып, қоғамдық пікірді зерттеу.
Ережеге сәйкес сынамаға оқушылар өздеріне қойылған алты сұраққа жауап беруге тиіс болды. Ұзын-ырғасы алты беттік жинақтың алғашқы парағына сынақ тапсырушы туралы мәліметтер толтырылады. Екінші, үшінші бетке латын әріптерімен таңбаланған сөздердің дұрыс нұсқасын таңдау, кириллицамен жазылған сөздердің дұрыс және ыңғайлы нұсқаларын латын әріптерімен жазып шығулары керек. Соңғы беттерде оқушылар өздерінің ұсыныстарын білдіреді. Бұл арада ұйымдастырушылар осы сынақ арқылы қазақ тіліндегі төл, кірме және шетел сөздерін латын әліпбиімен таңбалаған кезде туындауы мүмкін кедергілер мен кемшіліктерді сараптамақ.
– Алғашқы сынама оқушылардан басталып отыр. Алдағы уақытта барлық сала қызметкерлерін қатыстыратын боламыз. Сынама нәтижесінде алынған статистикалық, сапалық мәліметтер емле ережелерінің жалпыхалықтық қолдауға ие нұсқасын әзірлеуге септігін тигізеді, – деді тілшілермен тілдескен сәтінде «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов.
Шараға белгілі қоғам қайраткерлері мен тіл мамандары қатысты.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»