Әдебиет • 27 Шілде, 2018

Тараздық оқырмандар жазушы Әкім Таразимен жүздесті

743 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстан Респуб­ли­касы Мемлекеттік сый­лы­ғының иегері Әкім Тарази би­ыл 85 жасқа толады. Қазақ оқырманына өзінің «Үлкен ауыл», «Қыз ма­ха­б­баты», «Қиянсоқпақ», «Тас­жарған» және өзге де шы­­ғар­маларымен танымал қа­лам­гер туған топырағына келіп, халықпен жүздесті. Әу­лие­аталықтар жерлес қа­лам­герді игі ниетпен қар­сы алып, лайықты    құр­мет көр­сетті.

Тараздық оқырмандар жазушы Әкім Таразимен жүздесті

Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы «Руханият» орта­лы­ғында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйым­дас­ты­руы­мен жазушы Әкім Тарази­мен кез­десу өтті. Кездесуге Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұра­лиевпен қатар Әулиеата өңі­рінде тұратын Несіпбек Дәутайұлы, Қайырбек Асанов, Шырын Мамасерікова және басқа да ақын-жазушылар қатысты. Атал­ған әдеби шараны облыстық іш­кі саясат басқармасының бас­шы­сы Берік Уәли жүргізіп отырды.

Еркін форматта өткен кездесу барысында Әкім Тарази өзінің өмір және шығармашылық жолы­нан әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, қаламгер көпшілікке ту­ған жер туралы толғанысын,  әде­биет туралы ойларын жеткізді. Кеңес­тік кезеңде Мәжит Бега­лин­­нің режиссерлігімен түсі­ріл­ген «Тұлпардың ізі» кино­фи­ль­мінің тағдыры туралы да әңгі­меледі. Сондай-ақ жазушы өз өмірінде ерекше маңызға ие кезеңдерге тоқталып, Ленинград университетінің кітапханасынан қасиетті Құран кітабын сұрағаны үшін қуғынға түскенін де айтты. Сол арқылы кеңестік кезеңнің қиын болғанын, сонда да бола­шақ ұрпақтың игілігі үшін шығармалар жазғанын әңгімеледі. Алпысыншы жылдары әдебиетке қатар келген Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқ­таров сияқты қаламдастары ту­ралы естеліктер айтып, оларды сағынышпен еске алды. Бұл ретте жазушы «Мен достарымды өзім таңдадым» деп ағынан жарылды. «Туған жерге келіп, халықпен жүздесудің өзі мың орденге татиды. Туған топырағым мен үшін әрдайым ыстық әрі қас­тер­л­і» деді жазушы өз сөзінде. Әң­гіме барысында жазушының жа­ры, белгілі қаламгер Роза Мұқанова Әкім Таразидің өмірі мен шығармашылығындағы жұл­дызды сәттерге тоқталды.

Сонымен Әулиеата өңірінде Әкім Таразидің 85 жылдығына арналған шаралар басталып кетті. Қазақ сөз өнерінде айтулы биікке көтерілген қаламгерге деген құр­мет ешқашан толастамайды.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар