Мексиканың El Universal, La voz de Michoacan газеттері, опералық өнер туралы қалам тербейтін аустралиялық New Merker журналы, перулік Peruanos en suiza интернет порталы секілді оқырманы мол жетекші медиа өкілдері аталған шарадан ақпарат таратты. Фестиваль туралы мақала жазған шетелдік авторлардың бәрі жиынның жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Мәселен, El Universal газетінің тілшісі фестивальдің Қазақстандағы киелі жерлердің бірі саналатын Ұлытауда өткенін айта келе, «Бұл мекен орталық Қазақстандағы жартылай шөлейт аймақта орын тепкен. Онда неолит дәуірі адамдарының өмір сүргенін айғақтайтын археологиялық деректер мол. Ұлытау қорығы мен оның табиғаты және ландшафты ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұрасы тізіміне енген. Қазіргі таңда Қазақстан билігі осы өңірде туризмді дамытуды қолға алып отыр. Таулармен қоршалған атырап талай тарихқа куә болып, Қазақ елі мәдениетінің негізгі түп қазығына айналды», деп суреттейді.
Мексикалық журналист жиынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кетіпті. Әсіресе, авторды фестиваль үшін жабдықталған этно ауыл таңғалдырған. «Сахнада қойылған өнер туындылары бірде-бір латынамерикалықты бейжай қалдырмайтыны анық. Шотланд музыкасы, орыстардың әні, қазақ домбырасының қоңыр үні, барабан, флейта үні қосылып ерекше бір әуез туындайды. Жас музыканттар тілге, географиялық ерекшелікке қарамастан музыканың кез келген адамның жүрегін жаулайтынын дәлелдеді», деп түйіндейді мақаласын мексикалық тілші.
New Merker журналы өздерінің интернет порталдарында оқиға орнынан арнайы репортаж жасап отырды. Әсіресе, аустралиялық опера әншісі Анна Рианның өнері жан-жақты көрсетілді. Сонымен қатар «Жезкиік» фестивалінің тарихи мекен Ұлытауда өткеніне тоқталып, ұйымдастырушылардың барын салғаны анық байқалғанын жеткізген.
«Жезқазған өңірінде өткен іс-шараға 17 елден келген өнерпаздар қатысты. Бұл халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі саналады. Фестивальға келгендер қонақжай халықпен, бір-бірімен жақсы тіл табысты. Әлемнің әр түкпірінен жиналған әншілер де өзара достасып кетті», делінген журналдың онлайн нұсқасында.
Жиынға келген жапониялық блогер Томкок Окадо өзінің фейсбуктегі парақшасына «Ұйымдастырушыларға, әншілерге, бишілерге – жалпы іс-шараға атсалысқандардың бәріне алғысым ерекше. Достық көңіл-күй, мейірімділік пен шабыт сыйлағандарыңыз үшін рахмет. Қазақстанды теңдессіз фестиваль өткізуімен құттықтаймын» деп жазды.
Жалпы, I халықаралық «Жезкиік» музыкалық фестивалі 13-14 шілдеде Ұлытауда өтті. Жиынға Жапония, АҚШ, Ресей, Перу, Шотландия секілді бірқатар мемлекеттен классикалық және ұлттық музыка ансамбльдері қатысты. Іс-шараны алты мыңнан астам көрермен тамашалады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»