Өнер • 30 Шілде, 2018

Gala de Paris Астана көрермендерінің көзайымына айналды

785 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өнерді дәл француздардай қиял-ғажайып биігінде бедерлеп, әр бөлігіне аса зор талғампаздықпен бейнелілік пен ақсүйектік сипат енгізе алатын ұлт некен-саяқ. Париждің тарихы тереңнен тамыр тартатын ұлттық опера мен драма театрларының аңызға бергісіз ғаламат өнерінен бас­тап, бүгінде әлемді аузына қаратқан мерейлі мюзиклдері қай кезде де жаңалығымен жаһан жанарын жаулаудан жаңылған емес. Енді, міне, сол талғампаз ұлттың таңдай қақтырар өнерін Астана қаласы тұрғындары мен қонақтары түпнұсқада тамашалап, сахнадан Францияның демін сезінуге тамаша мүмкіндік алып отыр. Елордада тұңғыш рет шілде айының 27-30 аралығында «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында атақты Париж ұлттық опера театрының балет труппасы гастрольдік сапар аясында Gala de Paris («Гала де Пағи») өнер бағдарламасын ұсынды. 

Gala de Paris Астана көрермендерінің көзайымына айналды

Еуропалық балеттің жарқын жұлдыздары тарту етер ғажайып Gala de Paris жобасының көр­кем­дік жетекшісі және қоюшы хо­реографы – Себастьян Берто, идея авторы әрі бас продюссері – Антон Левахин. Ал қойылымды сүйемелдеген «Астана Опера» симфониялық оркестріне маэстро Владимир Ланде (Ресей – АҚШ) жетекшілік етті. Өнер оқиғасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ас­тананың 20 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр. Айтулы турне сондай-ақ, Париж ұлттық операсының 350 жылдығына, балет өнерінің негізін салушы хореограф Мариус Петипаның 200 жылдық және әлемдік дең­гейдегі әйгілі балерон Рудольф Нуреевтің 80 жылдық мерейто­йына орай жүзеге асырылды.

«Қазақстан өз халқын ай­рық­ша еркелетеді екен. Есті­генімдей, Ас­танада бұған дейін Италияның әйгілі «Ла Скала» (La Scala, Милан) теа­тры өнер көр­сетсе, бүгін, міне, көрер­меніне 4 ғасырға жуық тарихы бар Францияның әйгілі Па­риж ұлт­тық опера театрының шы­ғарма­шылық тынысымен таны­суға үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Әлемдік архи­тек­тураның озық үлгісін әйгілейтін театр­ларыңыздың сәні мен салтанаты, заманауи келбеті мені айрықша тәнті етті. «Астана Операдай» теңдесіз театр­ салып беріп, көрерменіне Еуро­па­ның үздік театрларының өнерін тамашалауға жағдай жасап отыр­ған мемлекеттің талғампаз хал­қы шы­нымен-ақ бақытты», деп белгілі балерон, Gala de Paris жобасының көркемдік же­текшісі және қоюшы хореографы Себастьян Берто Астанаға келгендегі алғашқы әсерімен бөлісті.

Paris Opéra Ballet – XIV Людовик патшаның 1661 жылы Корольдік би академиясы ретінде негізі қаланған Париж операсының ресми ұлттық балет труппасы. Орели Дюпон жетекшілік ететін ұжым құрамында бүгінде 150-ден астам әртіс бар. Театр труппасы көрермен назарына жыл сайын 200-ге жуық қойылым ұсынып, олардың әрқайсысы театр­ жанкүйерлеріне бекзат өнердің шынайы мейрамын сыйлап келеді. Тамырын тереңнен тартатын театр­дың шығармашылық шарықтауы әр жылдары ұжым құрамында өнер көрсеткен Мария Тальони, Джордж Баланчин, Серж Лифарь, Морис Бежар, Ролан Пети, Рудольф Нуреев, Сирил Атанасов, Сильви Гиллем, Анжелен Прельжокаж және өзге де ұлы есімдермен тығыз байланыста аталып келеді. Сондай аяулы есімдердің бірі – қазақтың талантты қызы, балерина Алтынай Асылмұратова.

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Әбдіуәхимқызы 90-жылдары әйгілі сахнада Рудольф Нуреевтің қойылымдарындағы бас­ты партияларда жарқырағаны та­л­ғампаз көрерменнің есінде. Әлемге танымал прима Л.Минкустың «Баядерка» балетінде Никияның рө­лін орындап, П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетіндегі Одетта мен Одилияның бейнелерін сомдаған болатын.

Сонымен қатар аты аңызға айналған театр сахнасында «Астана Опера» театры труппасының жетекші солистері: Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина және театрдың бас дирижері, талантты музыкант Алан Бөрібаев пен Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің өнер көрсетуі – қос театр арасындағы ұзақ жыл­ға жалғасқан рухани, шығар­­машылық достықтың айқын бел­гісіндей.

«Көрерменнің мәдени, рухани талабына зор талғаммен жауап беріп отырған Қазақстан халқын қалай таң қалдырсақ деп ұзақ ойландық. Содан ойлана келе, Астананың 20 жылдық мерейтойына орай мерекелік бағдарлама ұсынғымыз келді. Өйткені бұл жобада Париж Ұлттық опера және балет театрының көркемдік биікке көтерілуіне ықпал еткен хореограф Мариус Петипа, өз дәуірінің аңызы. Рудольф Ну­реев сынды балет өнерінің әйгілі тұлғаларының қолтаңбасы қалған жауһарларды заманауи стильде қайта жандандырып, Gala de Paris балеттік бағдарламасында біріктіріп, көрерменіне шын мәніндегі рухани ләззат сылайтын өнердің тамаша кешін тарту еткіміз келді.

«Астана Опера» театры сахнасынан өнер- сүйер қауым Летиция Пюжоль, Сэ Ын Пак, Франсуа Алю, Марк Моро, Пабло Легаса, Аксель Маглиано сынды дүниежүзілік деңгейдегі жетекші солистердің өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ классикалық музыка мен хореографияның, ғаламат костюм мен заманауи технологияның озық үлгілері ұтымды пайдаланыла отырып қойылған жарық қою тәсілінің сценографиядағы атқарар рөлі мен эстетикасын, жалпы, қай жағынан да әлемнің кәсіби мықты мамандары тартылған театрымыздың үздік жұмыстарының бірі назарларыңызға ұсынылды. Көңілдеріңізден шығады деп сенеміз»,  деді қоюшы хореограф.

Кештің көркемдік жетекшісі, клас­­сикалық хореографияның жарық жұлдызы Себастьян Бертоның бұл толқынысының салмақты себебі бар. Өйткені дәл осы турне аясында өнер иесінің 2017 жылы Гранд-Опера (Grand Opéra, Париж) сахнасында тұсауы кесілген «Ренессанс» балетінің халықаралық премьерасы өтеді.

Париж ұлттық операсы балет труп­па­сының бірегей концерттік бағдарламасы Мариус Петипа бо­йынша қойылған В.Шайенің (музыка авторы А.Глазунов) «Рай­монда» балетінің үзіндісімен ашылды. Ғаламат балет кеші одан әрі Т.Готьенің «Раушан гүлінің елесі» өлеңінің желісімен К.М. фон Вебердің музыкасына қойылған М.Фокинның осы аттас балеті мен Р.Дригоның өңдеуіндегі Адольф Аданның музыкасына М.Петипа бо­йынша С.Бертоның қолтаңбасында сахна көрген «Корсар» классикалық балетіне ұласты. Ал кештің екінші бөлімі Ф.Мендельсонның музыкасына қойылған С.Бертоның таңдаулы «Ренессанс» балетімен шымылдық түріп, «Өлім алдындағы аққу» туын­дысына жалғасып, К.Чернидің «Этюд» музыкасымен түйінделді.

Бас шаһар төрін төрт күні бойы өнер думанына бөлеген Париж ұлт­тық опера театрының балет труп­пасының бұл айтулы сапары елорда тұрғындары мен қала қонақтарының көңілінде ұзақ уақыт сақталар шын мәніндегі өнердің ұлы оқиғасына айналғаны сөзсіз. Әртістер француз балет мекте­бінің көнеден қазірге дейінгі сан-ғасырлық дәстүрін заманауи өнер тілінде шебер сөйлетіп, дәстүр мен жаңашылдық үйлесімінің үздік үлгісін көрсетті. Труппа күрделі би қимыл­дарымен қатар, романтикалы һәм лирикалық иірімдерді, клас­сикалық айбындылық, әсерлі секірулер мен пируэттерді шебер игеруінің нәтижесінде, балеттей бекзат өнердің әсемдігі мен қуаттылық құдіретіне бас игізді.

Орындалған әрбір партия көрерменін өзінің реттілігімен, солистердің кәсіби дең­­гейде шыңдалған техника­сымен, әртістік шеберлігімен, сон­дай-ақ нағыз француздық үлгідегі жеңіл­дігімен, тапқырлығымен баурап алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған таланттар шоғырының текті өнерге жаңаша тыныс сый­лағанына куә болып, қуана қол соқтық. Төрт күн бойы толастамаған көрерменнің ыстық ықыласы мен шексіз қошеметін Париж ұлттық операсы труппасының шығар­машылық ізденісі мен теңдесіз талантына бас ию деп қабылдадық.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»