Тарих • 31 Шілде, 2018

Бір әулеттен майданға аттанған бес боздақ

944 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс қасіретінің ауырлығы соншалық, қан майдан аяқталғалы 73 жыл болса да көңіл мен жүректегі нала әлі де елес беріп жатады. Соның бірі, Аягөз ауданына қарасты Бозай ауылынан аттанған боздақтар жайын көпшілікке жеткізуді азаматтық борышым деп білдім. Мән-жайды рет-ретімен баяндасам, ойы сергек оқырман менің не үшін шырылдап жүргенімді пайымдай жатар. Бір әулеттен бес бірдей боздақтың майдан даласына аттанып, хабар-ошарсыз қалуы, олардың әлі күнге дейін еленбей келгені көңіліме байыз таптырмағандықтан осы бір шаруаны қолға алған едім.

Бір әулеттен майданға аттанған бес боздақ

Дерек бойынша, Аягөздің Бозай, Коммунар ауылдарынан алпыстай азамат майданға аттаныпты. Мен соғыс жыл­дарының соңында 8 жасар бала едім. Ауыртпалықтың көбі көз алдымда. Әсіресе бес баласынан бірдей айырылған Бәтиман ананың зар-мұңы әлі күнге құлағымның түбінде. Ең болмаса бірі келіп қалар деп, жолға қарайлап жота басынан қайтпай жүріп алатын. Дастарқан басында көз жасы алдындағы тамағына тамып отыратын. Қайран ана запыранға толы жүрегі зарығып өмірден өтті...

Жас болғандықтан бірін түсінсек, бірін ұға қоймадық. Мектеп бітірдік, оқу­ға түстік, мамандыққа байланыс­ты жолдамамен жіберген жаққа кеттік. Өмірдің ағымына қарай зейнеткерлікке шыққанға дейін ауылмен сырттай ғана байланысып жүруге тура келді. Кейін зейнеткерлікке шықтық. Бұл уақыт Отанымыз егемендік алып, ел-жұртымыз қайта түлеп, барымызды түгендеп, жоғымызды іздей бастаған кезге дөп келді. Зейнетте жүрсек те көпшіліктің кәдесіне керек-ау деген шаруалардан сырт қалмауға ты­ры­сып жүрдім. Бертінде туған же­рім Бозай ауылының тұрғыны, со­ғыс ардагері Жұмағали Оразбеков аға­мен кездесіп қалдым. Арамыздағы әңгіме көңілімнің астан-кестеңін шығарды. Бала кезде көрген соғыстың сұрқай көріністері, «қара қағаз» алып қайғы жұтқан ауыл­дастарым, бо­зайлықтардың алдында боздап өт­кен сол баяғы Бәтиман апа, бәрі-бәрі санамда сайрап, көңіл түкпірінде жатқан талай жайға қозғау салды. Жұмағали ағаны тыңдап отырсам, Бәтиман апа­ның бес баласы жайлы сол беті еш хабар болмаған, ең болмаса кімнің қай­да жерленгендігінен  де дерек жоқ. Ешкім де кезінде сұрастырып, іздес­тірмеген көрінеді. Жұмағали аға Батиман апаның кіндік баласы­ болғандықтан, кіндік шешесіне қатысты өзге де ой салар жайларды сөз етті. «Япыр-ай, бейбіт өміріміз үшін жандарын құрбан еткен ауылдас әке-аталарымыздың ер­лігі мен есімін біз жоқтамағанда кім жоқтайды. Неге осыншама уақыт елеусіз қалған, соңына түсер жан та­был­маған ба?» деген сұрақтар көмейі­ме кептелгендей болды. Содан бес боз­дақ туралы мәлімет жинауға бел будым.

Мені толғандырған сұрақтың тағы бірі Екінші дүниежүзілік соғысқа бір отбасынан осыншама жанның ат­­тануы, олардың түгел опат болуы және осы сирек оқиға туралы елдің ештеңе білмеуі еді. Бұл сұ­­рақ­тың жауабын іздестіре келе анық­­тағаным, бір ата-ананың бес баласының бірдей майданға аттануы Қазақстанда жалғыз, осы тектес бір үйден төрт адам аттанған оқиға ақын Мұқағали Мақатаевтың ауылында болған екен. Сондай-ақ КСРО бойынша бір әулеттен жеті адам ат­танған жайт Дағыстанда кездесіпті. Әри­не зерттеуші болмағандықтан кесіп-пішіп айта алмаймын, өзімнің тапқан деректеріме сүйеніп отырмын. Міне, еліміздегі сол жалғыз әулет бозайлық Тоқы­жан мен Бәтиман Алиевтардың майданға аттанған балаларын айтар болсақ, Дүйсенбай Алиев 1898 жылы туған, қатардағы жауынгер. 1943 жылы 27 тамызда Харьков облысы, Волчанск ауылында жерленген екен. Екінші ұлы Шәріп Алиев 1909 жылы туған. 1943 жылдың наурыз айынан соң хабарсыз кеткен. Үшіншісі, Сембай Алиев 1922 жылы туған. БЛКЖО мүшесі, 1944 жылы 27 шілд­еде Латвияның Даугава жерінде жерленген. «За отвагу» медалінің иегері, пулеметші болған. Төртінші ұлы Шора Алиев Семей облысы, Шар қаласында мектеп директоры болып жүрген жерінен майданға алынған. 

Ал бесіншісі Жексенбай Алиев­ Алматыда оқып жүргенде шақы­рыл­­ған. Кеңес Одағы үшін жан қиған боз­дақтардың сол заманда да елеусіз қал­ғаны түсініксіз. Суреттері де сақ­талмаған.  «Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» дегендей, жоғарыда атал­ған деректерді іздестіру барысында таптым. Екі жылдай уақыт соңына тү­сіп, бес боздақтың қаза болған жер­лерін, суреттерін тауып, бірқатар мәліметтерге қол жеткіздім. Осымен ғана шектеліп қалмайын, ерліктері елдің жадында жүрсін деген оймен өздері соғысқа аттанған ауылға бір белгі қоюды ұй­ғардым. Бозайдағы 11 жылдық мектептің алдына ескерткіш белгі ор­натуға тиісті құжат жинап, жұмысын есеп­теттім. Зейнетақым оған жете қоя ма, елге, тарихқа жаны аши­ды-ау деген азаматтарға қолқа сал­дым. Обалы не керек, ауыл дегенде аузындағысын жырып беруге дайын жандар табылды. Көпшілік болған соң кері тартып, «неменеге әуре болып жүрсің» дегендер де кез­десті.

Боздақтардың жақындары табылды. Ізгі бастама берекелі, бір өңірдің басын біріктірген шаруамен аяқталды. Жан-жақты қолдаудың арқасында бес боздақтың суреттері мен есімдері мәрмәр тасқа қашалып, ауыл мектебінің алдына ескерткіш қойылды. Биыл Жеңіс мерекесінде алыс-жақыннан жиналған қауым алдында ескерткіш белгі ашылды. Бес боздақ пен Бәтиман ананың оқи­ғасынан хабары бар үлкендер көз­деріне жас алып, мойындарынан жүк түскендей әсерде болды. Ауылдан ат­танып, қайта оралғаны, оралмағаны бар майдангер жерлестеріміздің рухына Құран бағыштап, ескерткіштің ерлік көрсеткен барлық боздақтарға ортақ белгі екенін де жеткізуге ты­рыстық. «Мен істедім дегенше, ел істеді десейші» дегендей, осы тұста бас­тамамыздың басы ауыр болса да біртіндеп жеңілдеп, соңы үлкен халықтық қуанышқа айналғанына ақ ниеттерімен болысқан жандардың есімін атамай кетуге болмас. Олар астаналық Төлеу апа, Бейбіт, Дәулеттің Мерхаты, Аякөзден Еркін мен Зәуре, Бауыржан Үмбетов, Назигүл Қанатқызы, Төкен Көпбаев, Бағдат Қайырбайұлы, Бағдат Жұмаханов, Юсупжан Рахметоллаұлы, Аягөз әскери гарнизоны мен әскери полициясының басшылығы, Бозай мектебінің ұжымы. Баршасына мың да бір рахмет!

Жалпы, Тоқыжан ата мен Бәтиман апаның бес ұлынан басқа Қадиша, Күлшіман деген қыздары болыпты.­ Тоқыжан ақсақал қайтыс болған соң­ Бәтиманды қолындағы немересі Аман­гелді (Шәрібінен қалған жалғыз тұяқ) екеуін үлкен қызы Қадиша Аягөз ауданының Ақшатау кеңшарына көшіріп алыпты. Бес боздақтың анасы ­кеңшардың бөлімшесі «Ақ кілет» деген жерде үмітін үзбеген қалпы 95 жа­сында өмірден өтіпті. Бозайдағы шаруа аралары ажырап қалған кейінгі Алиевтарды да бір-бірімен табыс­тырды. Сол боздақтардың етжақын туыс­тарынан тараған Сайлауғайша, Төкен, Бағдат, Бейбіт, Бибігүл, Сай­лаубек және тағы басқа немере-шө­бе­релері мен жиен-жиеншарлары Бо­зайға жиналып, ата-бабаларының бей­­несімен қауышып, рухтанып қайт­ты.

Өзім де майдангердің баласы бол­ғандықтан, бір үйдің бес адамын жал­маған соғысқа кегім бар. Қар­шада­йымыздан ауыл тірлігіне араласып, ана­лардың зарын ести жүріп ер жеттік. Әкем Мұхаметжан Германия, Жапония соғыстарына қатысқан, 1945 жылдың күзінде оралған. Шешелеріміздің арқалаған ауыртпалығы көз алдымызда. Шәріп­тің Амангелдісі, Амангелді Жұма­ханов, Шәкер Шаяхметов, Боран­ғазы Алпысбаев, Кенжетай Мизамов секілді қатарластарыммен бірге сол қасіретті көріп-өстік. Еліміз тыныш болып, Отанымыз гүлдене берсін! Өткенін қадірлеуді ел ертеңіне ие болатын жас­тарымыз ұмытпаса екен деймін.

Құрман ӘБІШЕВ,

зейнеткер

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы,

Бозай ауылы