Әдебиет • 01 Тамыз, 2018

Үйкүшік (әңгіме)

999 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Арқабайдың жасы биыл отыз тоғызға аяқ басты. Құ­­­дай қаласа қырық та қыр­ астынан қылтиғалы тұр.­ ­Арқабайдың жұмыссыз атан­­­ғанына алты жылға жуықтады.

Үйкүшік (әңгіме)

Әскерден орал­ған жылы кеңшарға қара жұмысшы болып орна­лас­ты. Әкесінің ақыл-ке­ңесімен Қап­ланбекке оқуға ілініп, зоотехник деген табақ­тай көк дипломды алып келді. Ма­линин кеңшарына ферма зоотехнигі болып жұ­мысқа кіргені сол, кеңшар тарады. КПСС есімді нағашысы басқаратын ет комбинатына жұмысқа орналасқаны сол еді, «ауданда мал таусылды» деген желеумен ол да жабылды. Содан бері жұмыссыз.  Келіншегі көп­шілік жиі келетін халықтық кеңседе жұмыс атқарады.

Еркек адамның көңілін де, өмірін де қысқартатын осы жұ­мыстың жоқтығы-ау. Он теңге тапса да кешкісін «жұмыстан шаршап келдім» деп төрінде шалқайып жат­қан еркектен бақытты еркек болмас. Айлық тауып,­ бала-шағасын асырап отырған әйеліңнің қас-қабағына қа­рап қимылдау еркек үшін қорлықтың қорлығы екенін Арқабай осы жылдар ішінде шегіне жете тү­сін­ді. Әйеліңнің маңдайтерімен тапқан қант-шайы жұмыссыз болған соң тама­ғыңнан әзер өтеді екен. Дас­тарқандағы нанға қол соз­ғанды айтсаңшы, дейді Арқабай іштей егіле.

Иә, кеш түсе бастағаннан әйелінің жолына қарап елеңдейді. Оны «шаршап келеді-ау», «не істеп қуантсам екен?» де­ген ой жиі мазалайды. «Ең құрығанда, тамақты да істей алмаймын. Қой, үй­ді жинап, ыдыс-аяқты жуып қояйын» деп елпең қақ­қанын көрген адам болса аяп кетер еді. Бүгін де Арқабай түстегі ішіп-желінген ыдыс-аяқтарды жуып, үй-ішін сыпырып-сиырып тазалап шықты. Отынын апталық жағатын етіп жарып, жиыстырып, күлшедей етіп қалап қойды. Балаларының мектепке киетін киімдерін де жуып, жайып тастады.

Осылай жылдар өте күн­делікті күйбеңдеумен жүріп тамақтың түр-түрін, тәтті-тұт­тының нешеме атасын пісіруді де үйреніп алды.

Кеше кешкісін ке­ліншегі Гүлсім жұмыс­тан көңілді оралды. Ол «Арқаш, саған жақсы жұ­мыс таптым. Ауылшаруа­шылық мекемесінде мал маманы қызметі бос тұр екен. Бастығымен сөй­­­­лесіп қойдым. Ертең жұ­­мыс­­қа кірісесің», деген жұ­байының жағымды, қуа­­нышты  жаңа­лығына неге екенін Арқабай  аса селт етіп қуана қоймады. Тек­ ақырын ғана күбірлеп «Үй-­іші­нің тірлігі бар, оның үстіне  ба­лалардың жағ­дайын кім жасайды?» дей берді. Қазекең, айтатын «үш­ ай үйшікте отырсаң, үй күшік боласың» дегені осы шығар. Ер адамның ең­­­­­бекке деген қабілетін жо­ғал­туы өте оңай екенін Ар­қабайдың өзі ұғынса да өз­гелер ұғынбайды-ау?!

 

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ