Тарих • 01 Тамыз, 2018

Алтын Орданың беклербегі – Ойсыл

2809 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Далалық ауызша тарихнамасы», «қазақтың ауызша тарихы» деп ғалымдар баға берген шежірелер, тарихи аңыздар Ұлы даланың өткенін тануда сарқылмайтын қазына. Жазба және археологиялық материал­дармен қатар ел аузында сақ­талған аңыз-әңгімелерді тарихи дерек ретінде пайдаланып ақпар ала білу қазіргі ғылымның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

Алтын Орданың беклербегі – Ойсыл

Деректердің осы түрінен тарихи мәлімет алу жолы оңай емес. Басты кедергілердің бірі аңызға арқау болған оқиғаның уақытын, мерзімін анықтау. Осыдан тарихшылар аңыздарда баян­далған жағдайды, оқиғаны тарихтың қай кезеңіне, қай дәуіріне жатқызуды болжай алмай қиналады. Шежіреде аталатын тұлғалардың есімдері ізде­ніс­ке бағыт бергендей болғанмен ізде­нушілерді шатастыруы да мүмкін. Себебі есімдес тұлғалар Ұлы дала тарихында жиі ұшырасады.

Біз қарастырып отырған аңызды белгілі фольклортанушы-ғалым Ақ­­селеу Сейдімбек «Отыз ұлды Ойсыл немесе сіргелі ұрпақтары» деп белгілеген. Онда Жәнібек ханның қызы мен Ойсылдың ұлы арасындағы махаббат, бұған қарсы болған опасыз ханның бір әулетті қырып салуы және аман қалған ұрпақтан қазақтың сіргелі деген руының өрбуі баяндалады. Сіргелі бірнеше түркі халықтарының құрамында бар: қазақта - Ұлы жүздің іші мен Орта жүздің уақ руы құрамында, ноғайда, өзбектің юз тайпасы ішінде. Сіргелі деп Ташкент қаласының бір ауданы, әуежайы, ал Түркістан мен Жамбыл облыстарында бірнеше топонимдер – елді мекен, жер, ескі канал аттары аталады.

Аталған аңыздың ондаған нұс­қасы жарияланған. Солардың ішінде ең ескісі деп белгілі этнограф-ға­лым Хәлел Арғынбаев қағаз бетіне түсірген мәтінді санауға болады. Оны зерттеуші 1958 жылы Шымкент (қазіргі Түркістан) облысы, Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданы, Майбұлақ кеңшарының 70 жастағы тұрғыны Тәжібай Бердібаевтан жазып алған: «Жәнібек ханның замандасы, бақуатты Бақтиярдың ұлы Ойсылдың бірнеше әйелі және 30 ұлы болыпты. Олардың арасында ақылмандары да, көрікті еркетотайлары мен іскерлері де бар екен. Солардың бірі Жәнібек ханның сұлу қызына ғашық болып ол қыз екіқабат болып қалады. Мұны білген хан ашуланып, Ойсылдың барша ұлдары мен келіндерін қонаққа шақырып қырып тастапты. Тек қана Ойсылдың қырда жылқы бағып жүрген ұлы Өтеп пен оның Ізбике атты екіқабат әйелі төркіндеп жүріп, аман қалып, Манат атты ұл туыпты. Ол ес жиып, ат жалын тартып мінуге жараған кезде оған сіргелі тай мінгізіп, еліне шығарып салыпты. Ол атажұртына жеткенде көкпардың үстінен шығып, бұл додада өзінің епті әрі күшті екенін танытып, тайының да тұлпар тектес топжарғандығын көрсетіп, жиналған ел-жұртты таңғалдырыпты. Оны енді байқап, бір-бірінен сұрастырып, «сіргелі тай мінген мына мықты бала кім?» дегенге келеді. Тойдан кейін әкесі Өтептің ағасымен көрісіп табысады, ол әмеңгерлік жолмен Ізбикеге үйленіпті. Өтептің ағасынан Тутаңбалы мен Қайшылыны табады; ал ханның екіқабат қызы егіз Ақкеңірдек пен Қаракеңірдекке бо­сан­ғаннан кейін оларды Өтеп пен Ізбике асырап алыпты. Ал Манат есімі ел ішінде ұмытылып, «Сіргелі» атымен тұрақталып бүкіл кейінгі әулетке көшіпті».

Осы аңызда Ойсыл балаларын қырғынға ұшыратқан хан кім деген сұраққа зерттеушілердің көпші­лігі Қазақ хандығының негізін қалаған­дардың бірі – Жәнібек деп болжаған болатын. Алайда бұл пікірге қайшы келетін айғақтар жетерлік. Біріншіден, қазақтың ханы Жәнібектің төл аты Абу Саид (Бу-Саид, Мәшһүр Жүсіпте Әбусағит үлгісінде жазылған). Жәні­бек – оның лақап аты. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде оны Кіші Жәні­бек деп атайды. Екіншіден, деректерде аталған қазақ ханының біреуге зәбір көрсеткені туралы еш ақпар кездеспейді. Сондықтан аңыздағы хан қазақтың Жәнібегі деуге негіз жоқ.

Бір әулетті қырған хан қай Жәнібек дегенге жауап іздегенде туысқан ноғай халқында сюжет жағынан «Отыз ұлды Ойсыл немесе сіргелі ұр­пақ­тары» атты аңызбен үндес «Айсыл­дың ұлы Амет батыр» атты жырдың бар екендігі ескерілуі тиіс. Жырдың бас кейіпкерлері қатарында Жәнібек хан мен Айсыл би, олардың перзенттері. Айсыл бидің баласына хан қызын беремін деп бастапқыда келіс­кені, кейін уәдесін бұзғаны, батыр жігіттің хан қызын ұрлап әкет­кені, бұған хан жазалаушылар жіберіп әскери қақтығыстар бол­ғаны баяндалады. 1969 жылы басыл­ған «Ногай халк йырлары» атты жинақтың құрастырушылары «Айсылдың ұлы Амет батыр» деген жырда баяндалған оқиғалар Алтын Орда ханы Жәнібектің кезінде орын алған деп ашық жазады.

Назар аударарлық жайт, ноғайдың осы жырының атақты В.В. Радловтың 1896 жылы жариялаған нұсқасында Жәнібек ханның Бердібек атты ұлы­ның болуы. Бұл бізге аңыздағы хан­ның Алтын Орда тағын 1342-1357 жылдары иеленген Жәнібек екендігін айқындайды. Себебі жазба деректерде оның Бердібек есімді ұлы аталады. Ал қазақ ханы Жәнібектің перзенттері ішінде Бердібек жоқ, бұл тағы да қосымша дәлел болып тұр.

Екіншіден, Алтын Орда ханы Жәнібектің залым болғаны жазба деректерде аталып, оның туған аға-інілері Тыныбек пен Хызырбекті өл­тірт­кені белгілі. Опасыздық Жәні­бектің өзіне ғана емес ұлына да тән болыпты. Кейбір деректерде ауырып жатқан ханды өз перзенті Бердібек жақтастарымен келіп өлтіргенін хабарлайды. Ал билік басына келген Бердібек бірнеше күн ішінде 12 жақын туысқанын, олардың ішінде таяу арада жарық дүниеге келген нәресте інісіне дейін өлтірткен. Бұл сұмдық жағдайды тарихшы Өтеміс қажы төмендегідей суреттейді: «Өзі­­нің қарындашларыны тақы өз оғ­ландарыны маңа ханлық талашур дәб өлтүрүр әрді». Қазіргі тілмен айтқанда Жәнібекұлы Бердібек туған балаларын ер жеткен соң өзімен хан тағы үшін таласады деп көздерін жойғызыпты. Осының нәтижесінде көп ұзамай Бердібек дүниеден өткенде атақты Батый хан ұрпағынан Алтын Орда тағына ие болатын тұяқ табылмай билік басына Жошының басқа ұлдарынан тарағандар келді. Осы тарихи мәліметтер қазақ аңызындағы бір әулетті қырған хан Алтын Орда тағын иеленген Жәнібек хан екендігіне тағы бір айғақ.

Ноғай жырымен, қазақтың «Отыз ұлды Ойсыл немесе сіргелі ұрпақ­­­тары» атты аңызымен сарындас сюжет XVII ғасырдың аяғына жатқызылатын «Дафтар-и Чингиз-наме» атты татар қолжазбасындағы Айсаұлы Амат туралы тарауда кездеседі. Үш түрлі түркі елдерінің әдеби туындыларында сипатталатын бір жағдай осы үш халықтың ортақ мұрасы – Алтын Ордада орын алған деп санауға негіз бар. Аңыз, жыр, қолжазба түбі бір тарихи оқиғаны баяндайды.

1972 жылы тек ноғай эпосы мен татардың қолжазбасындағы әңгіме негізінде осындай пікірді татар ғалы­мы М.А.Усманов айтқан болатын: «судя по стилю дастана, в его основе лежит эпос, который в свою очередь также основан на подлинном историческом событии ... Историческим лицом является и отец Амата – Иса (Айса). Согласно сведениям Ибн Баттуты и Васафа, он был зятем хана Узбека.... Получается поразительное сов­падение возрастов и дат: Иса был зятем Узбека; Амат начал действовать при Джанибеке, который умер в 1357 г., но он был значительно моложе хана». 2006 жылы зерттеуші Зікірия Жандарбек Ойсылдың пер­зент­тері мен ағайындарын қыру­ды ұйымдастырған Өзбекхан ұлы Жәні­бек деген пікір білдірді. Ал Алтын Ордаға байланысты тарихи зерттеулер мен дереккөздерді пайдаланған Ж.Сабитов қазақ шежіресіндегі Ой­сыл және Өзбек хан қасындағы Исаны бір адам деген болжам айтты: «можно предположить тождество таких персон как Ойсыл уйсун, внук Майкы-бия уйсуна и Иса (Айса) уйшун (налицо лингвистическое сходство)».

Үш түрлі түркі елдерінің жадын­да сақталған мәліметтер бойынша Айсыл-Айса-Ойсылдың тегі де бір. Түр­лі ортағасырлық жазбаларға сүйен­ген зерттеулер Өзбек ханның күйеу баласы болып табылатын Иса­ның руы уйшин/үйсін екенін көрсе­теді. 2016 жылы Қазанда басылған «Золотая Орда в мировой истории» атты зерттеуде Иса Өзбек ханның сенімді адамы екені, беклербек (бас министр) қызметін атқарғаны, оған хан өз қызын бергені, осыдан ол Иса-гурген аталғаны, оның руы үйсін екені көрсетіледі – «Новым фаворитом и беклярбеком Узбека стал его очередной зять Иса-гурген из рода уйшин, женатый на ханской дочери». Уақытында Шыңғысхан Жошыға 4 мың сарбаз бергенін, оның 2 мыңы хушин/үйсін руынан болғанын Рашид-ад-дин жазады.

Ноғайлар қанша ғасыр өтсе де Айсыл бидің тегін ұмытпаған. Бұған айғақ ретінде ХІХ ғ. аяғына жататын «Обращение кумыкских ногайцев» атты тарихи құжаттағы мына ақпарды алға тартуға болады: «А вот имена известных нам, ногайцам наших предков ... В Капчугае жил уйсюнь (астын сызған біз – МҚ.) Амет батыр, сын Айсула».

Ойсылды түп атамыз деп санайтын қазақ сіргелілері өзін үй­сін­ге жатқызғаны жөнінде орыс дерек­терінде көрініс тапқан. XVIII ғасырдың аяғында Түркістан жерінен өткен Д.Телятников: «Сиргели юсунские» деп жазса, ХІХ ғасырдың басында сіргелілерге кезіккен Ф.Назаров оларды «Юсун-Сыргалинская волость» деп атайды. Міне есімі, тегі жағынан да Иса, Айсыл би, Ойсыл бір болып тұр. Ноғай-татар деректерінде Айса-Айсыл бидің баласы Амат болса, Х.Арғынбаев аңызында Ойсылдың баласы Өтеп.

Жоғарыда келтірілген айғақтар, сәйкестіктер 1313-1341 жылдары Ал­тын Орда ханы Өзбектің беклербек қызметін бірнеше мәрте атқарған, араб пен басқа шығыс жазбаларында Иса немесе Исабек деп көрсетілген, ал ноғай жырларындағы – Айсыл би, татарда Айса, қазақ шежіресіндегі Ойсыл болып аталатын кейіпкер бір адам, бір тұлға екені күмән туғыз­байды.

Сонымен Иса-Айса-Айсыл би – Ойсыл Алтын Орданың дәуірлеп тұрған Өзбек пен Жәнібек хандардың билік құрған заманында, яғни ХІV ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрді. Ол Өзбек хан кезінде Алтын Ордада ханнан кейінгі ең жоғары мемлекеттік қызметті иеленіп беклербек (бектердің бегі) аталды. Араб­тың атақты саяхатшысы Ибн Бат­тутаның жазуынша, ол «начальник улуса, что значит начальник эмиров. Я застал его живым; он был женат на дочери султана». Ол империяның әскерін басқарды, көрші елдермен қатынастарды реттеп отырды, ислам дінін таратуға атсалысты. Кейбір зерттеулерге қарағанда оның бір баласы Қырымды басқарған. Жасы келген кезде аяғы ауырғанына қарамай маңызды мәжілістерге қатысу үшін қызметшілері көтеріп апарып, әкеліп тұрды. Ол ханның қызын алып ханға әйелдікке туған қызын берді.

Ибн Баттута өз еңбегінде осы Иса (яғни Айсыл би – Ойсылды) және оның әйелі – Өзбек ханның қызы­мен жолыққанын және сол кездесуден алған әсерін келесі жолдармен жет­кізеді: «Мы отправились к этой хатун, царской дочери, (жившей) в отдельной ставке; на расстоянии около шес­ти миль от ставки отца своего. Она приказала позвать к ней правоведов, кадиев, саййда шарифа Ибн Абд ал-Хами­да и общество талибов, шейхов и факиров. Явился также муж ее, эмир Иса, дочь которого замужем за султаном, и сел с ней на один ковер. Он страдал подагрой и не мог ни ходить на своих ногах, ни сидеть верхом на коне, а только ездил на арбе. Когда он хотел зайти к султану, то слуги снимали его (с арбы) и вводили его в собрание, неся (его). ... Эта болезнь распространена между этими Тюрками. Со стороны этой хатун мы увидели милости и доброту характера, каких не видели (ни у кого), кроме нее. Она осыпала нас щедротами и облагодетельствовала. Да воздаст ей Аллах добром!». Ал Исаның Өзбек ханға шыққан қызы Ордашы туралы Ибн Баттута «Эта хатун (одна) из лучших, добрейших нравом и сострадательнейших хатун» деп мінездеме береді.

Өзбек хан қайтыс болған соң оның баласы Жәнібек хан тағын иеленіп біраз жыл патшалық құрған кезде Иса-Айсыл би-Ойсыл күллі отбасымен қуғын-сүргінге ұшырайды. Аман қалған ұрпағы кейін қайта қосылып ел болды, үйсін-сіргелі аталды. Қазақ тарихында кейде рудың уақыт өте келе бастапқы атауының ұмытылып, оның орнына ескі мен жаңа атауларының қатар қолданылуы немесе мүлдем басқа атауға ие болатыны туралы ХІХ ғасырдың бірінші жартысында басылған А.И.Левшиннің кітабында мынадай пікір бар: «с размножением народа киргизского увеличивается в нем число новых подразделений, а первоначальные названия поколений мало-помалу приходят в забвение». Шынымен тарихи деректерге қарасақ, қазақ халқының ата-бабалары ХІV-ХV ғасырларда өзбек болып аталса, ХVІ ғасырда өзбек-қазақ болып жазылып, ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда таза қазақ деген атауға ие болды.

Қазақ шежіре-аңыздарының бір үлгісінде Бақтиярдың ұлы Ойсыл деп, бірінде Бақтиярдың ұлы Сіргелі деп көрсетіледі. Сіргелі атауы қайдан шықты деген сұрақ туындайды. Х.Арғынбаев жазып алған аңыз бо­йынша үлкен әулеттен аман қалған Ойсылдың немересі – Манаттың есімі уақыт өте келе ел ішінде ұмытылып «Сіргелі» атымен тұрақталып бүкіл кейінгі әулетке көшіпті делінеді. Осы баладан тараған ұрпақ «Сіргелі» аталыпты, таңба белгісі бұзау мен құлын енесін ембеу үшін тұмсығына кигізетін «сіргені» елестетеді екен делінеді. Міне, халықтық этимология сіргелі деген атаудың шығуын осылай түсіндіреді.

Сіргелі атауының шығуын «да­лалық ауызша тарихнама» үлгі­леріндегі мәліметтерге сүйеніп бас­қаша түсіндіруге болады. Бақ­тиярдың әкесі Майқы би екені қа­зақ шежірелерінде көрсетіледі. Ал «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітап­ханасындағы сақтаулы тұрған «Шың­ғыс хан және оның билері» атты қолжазба (Қазақ жазбаларындағы хандар шежіресі. Алматы, 2015.146-160 бб.) және татардың «Дафтар Чингиз-наме» (Усманов М.А. – Татарские исторические источники XVII-XVIII вв. Казань, 1972. С. 109.) бойынша Майқы би тоғыз биді бастап тауға кеткен Шыңғысханды іздеп, та­уып еліне қайтарғаны, оның осылай билік басына келгені айтылады. Май­қы бидің осы әрекеттеріне риза бол­ған Шыңғысхан: «Әй, Майқы би, мен хан болсам, бектік сенікі болсын. Егер сен бұл мөрлі жүзікті алып келмесең, анамнан бір белгі әкелмесең, мен сіздерге жоқ едім. Сіздер маған ешқашан жолдас болмас едіңіздер» деген екен (Қазақ жазбаларындағы хандар шежіресі. Алматы, 2015. 154 б.). Шыңғысхан өзін қолдаған бектердің әрқайсысына ман­сап тағайындап, орын бекітеді. Әрқайсысына жеке-жеке таңба, құс, ағаш, ұран беріп, бөлек-бөлек ел етіп айырған екен. Ол Майқы биге қарап: «Әй, үйсін Майқы би, сенің ағашың – Қарағаш, Құсың – Қара құс, ұраның салауат, таңбаң – Сірге болсын! – деген екен (Қазақ жазбаларындағы хандар шежіресі. Алматы, 2015.157 б.).

Алтын Ордада Майқы биден тарайтын тікелей ұрпағы осы Шыңғысхан берген таңбаны иеленіп жүрсе керек. Репрессияға ұшыраған үйсін руының бір тармағы арғы бабасының таңбасының атауына қарап «сірке» елі - сіргелі деп аталуы әбден мүмкін.

Қазақ шежіресінде аттары аталатын Ойсыл, Майқы би, Бақтияр және басқа да қазірше істері көмескі тарихи тұлғалар Моңғол империясы мен Алтын Орданың іргесін көтеруге атсалысты, оның өркендеуіне үлес қосты. Аталған мемлекеттер аумағында жасалған тарих пен өркениет Ұлы дала аумағындағы барлық түркі халықтарының, қазақ халқының ортақ қазынасы, кейінгі дәуірде пайда болған Қазақ хандығының бас­тауларының бірі.

Мұхтар ҚОЖА,

тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универси-тетінің профессоры