Ауыл • 02 Тамыз, 2018

300 отбасына пәтер табысталды

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда «Береке» шағын ауданындағы 300 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ха­барлауынша, кезекте тұр­ғандарға 105 пәтерлі 2 тұрғын үйдің кілті тап­сы­рылған. 195 пәтерлі та­ғы 4 тұрғын үй «Тұрғын құ­рылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілді. 

300 отбасына пәтер табысталды

– Жақын арада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы 195 отбасына жаңа пәтер беру жос­парланып отыр. Қазіргі таңда азаматтардың төлем қабілеті бо­йынша тізім жасақталуда. Биылғы жылдың соңына дейін осы шағын ауданда қосымша 9 үйді пайдалануға беру жоспарланған, дейді тұрғын үй- ком­му­налдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев.

– Мен «аз қамтылған отбасы» категориясы бойынша кезекте тұрмын. Біраз уақыт отбасыммен ескі пәтерде тұрдық, кейін бірнеше жыл пәтер жалдауға тура келді. Бүгін бізге өз үйіміздің кілті берілді, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Салауат Мү­тәлиев.

Айта кетейік, жақын арада «Береке» шағын ауданы кеңей­тіледі. Болашақта бұл жерде
40 көп­қабатты тұрғын үй бой көте­реді деп жоспарланған. Биылғы жылы «Берекеде» 1200 орындық мектеп пен 290 орын­дық 2 балабақшаның құ­рылысы бас­та­лады.

– Қазіргі уақытта «Нұрсая» ша­ғын ауданында 105 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пай­да­лануға беруге дайын. Бұл көп-қа­батты тұрғын үй­лер «ТҚЖБ» салымшыларына беріледі, – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бө­лімінің басшысы Р. Жолдиев.

Атырау қалалық әкімдігі бер­ген ақпарат бойынша, қазіргі таң­да 20 мыңға жуық адам үй кезе­гінде тұр, өңірде тұрғын үй мә­селесі кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ