Медицина • 02 Тамыз, 2018

«Мектепке жол» республикалық акциясы басталды

18322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков «Мектепке жол» республикалық акциясы туралы баяндады.

«Мектепке жол» республикалық акциясы басталды

«Бүгін жыл сайынғы «Мек­тепке жол» республикалық ак­циясының басталуын жариялаймыз. «Мектепке жол» акциясы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына кө­мек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Бұл акция 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында осымен он бірінші жыл өткізіліп отыр. Акция өткізілген он жы­л ішінде 2 млн 600 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 17 млрд 800 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді. Акция шеңберінде балалар кеңсе керек-жарақтарымен, киіммен қамтылады. Жылдан жылға де­меу­шілік көмек көлемі артып отыр», деді ол.

Комитет басшысы, сонымен қатар биыл акция аясында білім беру органдары мен ұйым­дары тамыз-қыркүйек айларында бірқатар іс-шараларды өткізетінін мәлімдеді.

«Біріншіден, әрбір елді мекенде, қала маңындағы саяжайларда, бөлімдерде, фермаларда «тәуекел тобындағы» (қада­ғалаусыз және панасыз балалар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар және мигранттар, қайыршы балалар, далада жұмыс істейтін балалар және т.б.) балаларды анықтау үшін рейд жүргізіледі. Екіншіден, рейдтердің қоры­тындысы бойынша «тәуекел тобындағы» отбасылардан шыққан және әлеуметтік көмек­ке мұқтаж бала­лардың персо­налды тізімдері жасалып, білім беру органдарына және де­меушілерге беріледі. Үшінші­ден, акция кезеңінде білім беру мекемелері мен ұйым­дарын­да сенім телефондары мен қо­ғам­дық қабылдаулардың үзіліссіз жұмысы ұйым­дас­тырылады. Ірі сауда орта­лық­тарында гума­нитарлық көмек пункттері орнатылады», деді ол.

Мұқтаж жандарға көмек­тесуді, сондай-ақ демеу­шілік көмек көрсетуді қалайтын кез кел­ген адамдар еліміздің Бала құ­қықтары жөніндегі уәкілеттігінің «111» ұлттық байланыс орта­лығына немесе Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 74-25-28 сенім телефонына хабарласуына, қажетті ақпаратты Комитеттің www.bala-qqk.gov.kz веб-сай­тынан алуға болады.

«Бүгінде жергілікті билік ор­гандары көмекке мұқтаж ба­ла­­лардың тізімін дайындады. Бұл – шамамен 323 мың бала, бірақ тізімдер ата-аналар­дан өті­ніштерді қабылдау арқы­лы толықтырылады. Мен бар­лық қазақ­стандықтарға «Мек­тепке жол» акциясы 30 қыркүйек­ке дейін жалғасатынын жә­не оған белсенді қатысуға мүм­кін­дік бар екенін жеткізгім келеді. Жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың назарын аз қамтылған отба­сылардан шыққан балалар­ды мектепке қауіпсіз тасымалдауды және қауіпсіз тамақтануды қам­тамасыз ету бойынша шараларды қабылдау қажеттілігіне аударғым келеді», деді Балалардың құ­қық­тарын қорғау комитетінің төрағасы.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»