Медицина • 02 Тамыз, 2018

Талданбаса – экономика тұл

310 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта экономика және бюджеттік жоспарлау саласында қызмет ететін мамандар мен жетекшілер арасында, жалаң статистиканың жетегінде кетушілер көбейіп барады. Экономиканың аты – экономика. Егер тиісті талдаулар мен сараптамалар жасалмаса, экономикалық дамуға және өнеркәсіп өсімін қамтамасыз етуге жеткізетін жол тұйықтала түспек. Яғни талданбаса – экономика тұл. 

Талданбаса – экономика тұл

Өйткені жан-жақты әрі те­рең экономикалық талдаулар жүр­­гізілген жағдайда қолдағы бар­ды бағалауға әрі келешек­те қандай табыстарға иек арта ала­тынымызға айқын көз жеткі­зуге болады. Сон­­дықтан Ақ­төбе облысында қа­­зіргі кезде эко­но­микалық өсім­ді іске асырудың барлық тетік­тері жасақталуда. Айта­лық, өңірлерде мақсатты индика­тор­ларға қол жеткізудің басты бағыттары қандай? Бұл мә­се­леге Үкімет тарапынан то­лық еркін­дік берілген. Өйт­кені эконо­ми­калық өсім қатып-семіп қалған дүние емес. Кері­сінше, ұдайы қозғалыс, өсу мен өрлеу үстіндегі үдеріс. Сон­дық­тан әр өңірдің ерек­шелі­гіне тән экономикалық жо­ба­лар­ды елеп-екшеп, қолда­нысқа ен­гізгеннің ешқандай артықшы­лығы жоқ. Тек соның бәрі өңір экономикасының өрге басуына көмегін тигізсе болғаны.

Осы орайда Ақтөбе облы­сын­да жобалық басқару кеңсесі эко­номикалық өсімге қол жет­кізуге септігін тигізіп келеді. Оның құрамына облыстағы өндірістік және әлеуметтік басқармалар толық енгізілген. Қазіргі кезде 2018 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімді 5 проценттен кем түсірмеу жөнінде жобалар жасақталған.

Жобалық кеңсенің қызметі нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізуге бағытталған. Бұл ретте облыста экономикалық өсімді жолға қоюдың 15 тармақтан тұра­тын негізгі бағыттары белгі­ленді. Оның алдыңғы легінде инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыру мен мемлекет-жекеменшік әріптестігі жүйесін одан әрі кеңейту міндеті тұр. Биыл облыс экономикасына 512 миллиард теңгеден астам инвестициялық қаражат тартылмақ.

Осы ыңғаймен базалық индус­трияландыру, отын-энергетика кешені мен шағын және орташа бизнестік құрылымдарды дамыту, сауда саласын жаңғырту, сондай-ақ агроөнеркәсіп, көлік-логистика кешенін өркендету жөніндегі бағыттар да елеулі мәнге ие. «Теңіздің дәмі тамшысынан білі­неді» дегендей, жо­балық басқар­ма шеңберіне кірген қай-қай жо­ба­ның да арқа­лайтын жүгі сал­мақты.

Сонымен бірге әлеуметтік мәселелердің түйінін қоса тарқа­ту жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, жұмыссыздық дең­гейін азайту мен еңбек нарығын жаңғырту жөніндегі істер де жобалық басқарма жүргі­зетін жұмыстар қатарына қосы­лады. Сондай-ақ білім беру мен ден­саулық сақтау саласында атқары­латын сан алуан жобалар да жобалық басқарманың жүгі мен салмағын тереңдете түседі.

Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберіндегі шаралар да жаңа құрылым аясынан тыс қалған жоқ. Айталық, биыл­ғы Ақтөбе қаласындағы техни­калық және кәсіптік оқу орындары үшін 12, ал жоғары оқу орны үшін бір жатақхана салу жос­парланды. Биылғы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бо­йынша өсу қарқынына қол жет­кізілді. Алдағы мақсат – эко­номикалық даму деңгейін өткен жылмен салыстырғанда бес процентке дейін өсіру болып отыр. Биік межеге қол жеткізу жөнінде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары О.Смағұлов жасаған экономикалық сараптама көкейге қонады. Әлі де болса жеткілікті пайдаланылмай жүрген мүм­кіндіктер мен резервтерді іске қосу – өсім мен табысқа қол жет­­кізудің басты кілті болмақ. Осы орайда Олжас Мұхтарұлы атап көр­сеткен алты мүмкіндікті атай кет­кеннің артықшылығы жоқ се­кілді. Біріншісі, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүкте­месін барынша көбейту. Өңірде екінші бесжылдық аясында 14 кәсіпорын іске қосылған. Алайда 9-ы толық қуатының тең жартысынан төменгі мөлшерде жұмыс істейді. Іске қосылмай тұрған 24 кәсіпорын бойынша тапсырыстар беру арқылы тиісті шешімдер қабылдаудың маңызы ерекше. Көпшілігі 10-15 жыл бұрын жабылып қалған. Бұл кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істеген жағдайда өнім өндіруді 120 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Осы арқылы салық түсімдерін 20 миллиард теңгеге дейін өсіруге болады. Сондай-ақ осы ауқымда мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға да жол ашылмақ. Екінші резерв, бос кен орындарының әлеуетін барынша тиімді пайдалану. Облыс аумағында 156 резервтегі кен орындары бар. Бүгінде оның әлеуеті толық пайдаланылмаған күйінде тұр. Талдауларға сүйенсек, кен орын­дарының 35-і никельді-ко­бальтті, 8-і фосфоритті, 7-і хро­митті және 6-уы алтынды кен орны болып табылады. Атап айтқанда, облыстың әр ауданында да резервті кен орындары жетерлік. Бұл кен орындарын игеруге инвестиция тарту өңірге қосымша 5 миллиард доллардан астам қаржы тартуға мүмкіндік береді. Үшінші резерв, мұнай өңдеу мен мұнай-химия өнеркәсібін дамыту. Бүгін де дизель отынын, мазут пен мұнай өнімдерін өндіруді жолға қоюға болады. Өткен жылдың өзінде өңірде 200 миллион доллардан астам қаржыға химиялық өнімдер импортқа шығарылды. Аймақта синтетикалық негізде пластмасса, каучук, лак, эмаль бояулар өндіруге де мүмкіндік бар. Бұл үшін ең бірінші газдың мол қоры қажет. Қазіргі уақытта өңірдегі атқарушы органдар сала­лық министрліктермен және Үкіметпен бірлесе отырып «Бұқа­ра-Орал» газ желісінен Ақтө­бе қаласына магистральды бұрманың үшінші желісі құрылысына қатысты мәселені оң­тайлы шешу жолдарын қарас­тыру үстінде. Төртінші резерв, фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту. Бұл саладағы нарық им­портқа тәуелді. Сондықтан өңір­де дәрі-дәрмек бағасы төмен­демей тұр. Өйткені еліміз отан­дық фармацевтика индустрия­сы қажеттілігінің бестен бірін ғана өтеуде. Бесінші резерв, шикізатты өңдеу. Оны өндіріп қою жеткіліксіз. Өңдеу ісіне ай­рықша мән берілмесе, бұл іс жар­тыкеш күйінде қалып қоймақ. Соңғы алтыншы резерв, облыс­тағы ірі кәсіпорындар мен әріптес­тік бағдарламаларды сапалы түрде жүзеге асыру болмақ. Яғни тауар мен қызметті сатып алуда жергілікті өндірісшілердің үлесін молайту басты мәнге ие болып қала береді.

Міне, осы іспетті нақты экономикалық талдаулар мен сараптамалар істі ілкімді жүргізуге септігін тигізері хақ.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар